​«Маған істегені алдынан шықты»: жас келіншек қайынсіңлісінен көрген жәбірін жайып салды

0
3 785

«Ішкиімімді тіліп, төсегіме ине шаншыған»


​«Маған істегені алдынан шықты»: жас келіншек қайынсіңлісінен көрген жәбірін жайып салды
иллюстрациялық фото интернеттен алынды


«Дуа, сиқыр дегенге бұрын сенбеуші едім. Осы тақырыпта әңгіме қозғала қалса «Бір Алланың көзі тура болсын, қалғанының бәрі далбаса» деп дауласып шығатынмын. Сөйтсем бұл өмірдің біз білмейтін тылсым сыры көп екен ғой», - дейді Рабиға есімді келіншек.


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Рабиға отбасының шырқы қалай бұзылғанын айтып берді.


«Мен осыдан 6 жыл бұрын өзімнің сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Ата-енеммен бірге тұрдым. Күйеуім үйдің үлкені. Өзінен кейін бір інісі мен қарындасы бар. Күйеуім екеуміз өте бақытты болдық. Атам жақсы адам, енемнің мінезі тіктеу, адаммен ашылып сөйлеспейтін, біртүрлі еді. Көбіне қызымен шүйіркелесіп, соған сырын ақтарып отыратын. Мейлі ғой, келін қызындай болмайды. Екеуінің әңгімесіне онша араласпайтынмын. Тірлігімді істеп, келіндік парызымды барынша мінсіз атқаруға тырысып бақтым.


Қайынсіңлімнің жасы менен үлкен, тұрмысқа шығып кеткен. Бірақ біздің үйге жиі келетін. Өзінің енесі ерте қайтыс болып кеткен, содан ба, бір келгенде апталап жатып кетеді. Ол келді дегеннен менің мазам кетеді. Себебі қайным екеуі әр тірлігіме, істеген тамағыма мін тағып, мүмкіндік туа қалса мазақтап, келеке етіп отырады.


Басында үндемей, мен де қосыла күліп отыратынмын. Кейін олардың бұл тірлігі ашуыма тие бастады. Күйеуіме болған жағдайды жасырмай айтып бердім. «Істеген тамағым ұнамаса, жемесін! Мен олардың аузына құйып жатқан жоқпын» деп жылап жібердім. Күйеуім, әрине, сенбеді. Бірақ бір күні әңгіме арасында екеуінің тірлігін өзі байқап қойып, әбден ұрысты. Содан бері қайынсіңлім маған өшігіп алды. Отырсам опақ, тұрсам сопақ етеді. Енем екеумізді де әбден шағыстырып бітті.


Бір күні төркініме қыдырып кеткенмін. Мен жоқта қайынсіңлім үйге қыдырып келіпті. Бөлмеме кіріп, киім-кешегімді армансыз ақтарған ғой. Төркінімнен келсем ішкиімдерім салынған сөренің быт-шыты шықққан. Ішкиімдерімді біреу әдейілеп қайшымен тіліп шыққан ғой.


Ашып қалғанда не екені түсінбей, бәрін қолыммен ұстап көрдім. Сөйтсем біреудің әдейі жасаған ырымын, дуасын қолмен ұстауға болмайды екен ғой. Оны қайдан білейін, бөлмемнен атып шығып, енеме жүгіріп бардым. «Мама, мынау не, кім істеді? Менің киімдерім кімге жақпай қалды?» деп жыладым. Ол түкке түсінбегенін айтып, мені сендіруге тырысты. Бірақ бар бәленің қайынсіңлім екеуінен келгенін түсініп тұрмын ғой.


Дереу әлгі заттарды өртеп тастадым. Бірақ сол күннен бері менен маза кетті. Түн ортасында жаман түс көріп, шошып оянатын болдым. Біреу қылқындырып жатқандай, бастырылып қала беремін. Күйеуім не болғанын түсінбей, біраз уақыт жанымнан табылды. Бірақ уақыт өте оның да мінезі өзгере бастады. Жаныма жақындаса жын ұрғандай ашуланып, әр сөзімнен ілік іздеп отыратынды шығарды. Қайынсіңлім мен қайныма қосылып алып, менің әр тірлігімнен мін іздеп, жақтырмайтын болды.


Осылай итшілеп жүріп қызымды босанып алдым. Босанғанда артымнан ешбірі іздеп келмеді. Тіпті тамақ әкелуге жарамады. Әйтпесе алғаш босануым, ата-енемнің де алғашқы немерелері емес пе, қуанбағандарына таң болдым.


Перзентханаға артымнан ешкім іздеп келмегенін анама айтып едім, дереу ыстық тамағын тасып, қызым екеумізді төркініме шығарып алып кетті. Қырық күн сол жақта күтіндік. Онда да күйеуімнен не ата-енемнен хабар болмады. Әке-шешем «Құдағи, бұл қандай тірлік болды? Сіздерге немере керек емес пе? Қызымыз күлге аунап туды ма? Бір ауыз хабар алуға жарамағандарыңыз қалай?» деп хабарласқан. «Бізде тұрған кінә жоқ, баламыздың өзі «Рабиғаны көргім келмейді, сол кеткеннен келмесін» деп тыйып отыр» депті.


Сонымен мен төркінде тұра бердім. Дәрігерлер «қызыңның кіндігінде грыжа бар екен» деді. Анам қаладан кіндікті байлап оқитын бір емшіні тауып, соған апарды. Сол кісі бетіме қадала қарап «Сен дуаланғансың ғой, қалай тірі жүрсің?» деді. Сосын болған жағдайды тайға таңба басқандай айтып берді. «Киіміңмен қоса төсегің де дуаланған екен. Сенбесең үйіңе барып, жататын кереуеттің астын қара, ине шаншылған, қара жіптер шұбатылып жатыр» деді. Оны естіген анамның есі шықты. «Дуакештерге қызымды беріп, айырылып қалар жайым жоқ, дәл қазір үйіңе барып, киімдеріңді алып кетеміз» деді.


Барып, төсегімнің астын қарасам, расында да емші айтқан заттар жатыр. Матрасқа жеті ине шаншылыпты. Қара жіпті әбден күрмеп, байлап, оны да тастаған. Көрген кезде денем түршігіп, бойым мұздап кетті. «Маған бұл үйден ешқандай киім керек емес, бәрі осыларда қалсын, кетейікші» деп атып шықтым.


Содан бері мен күйеуімді көрген жоқпын. Әлгіндей жағдайлардан кейін мені ата-анам үлкен молдаға әбден оқытты. Жеті молда қоршалай отырып, Құранды толық оқып, дем салды. Содан кейін көңілім көтеріліп, тамаққа деген тәбетім ашылып, ұйқым тынышталды. Емшіге бармай, болған жағдайға мән бермей жүре бергенімде, ендігі өмірімнің қандай боларын елестетудің өзі қорқынышты еді.


...Қазір қызым үштен асты. Бақшаға барады, өзім мамандығым бойынша жұмысқа кіргенмін. Тәп-тәуір ғұмыр кешіп жатырмыз. Тек мені мазақ етіп, осы жағдайға жеткізген қайынсіңлімнің өмірі күрт өзгеріп кетті. Күйеуі екеуі көлікпен келе жатып апатқа ұшырапты. Екі аяғы бірден жансызданып, төсек тартып жатып қалған. Күйеуі «маған масыл әйел керек емес» деп төркініне әкеп тастапты. Ал күйеуім жұмысынан шығып, ішімдікке бой алдыра бастапты. Ата-енем енді қызы мен баласын емдету үшін әулие-тәуіп аралап жүр екен. Оны ауылдағы құрдас келіншек жіпке тізгендей етіп айтып берді.


Табалағаным емес, дегенмен Құдайдың көзінің тура екен. Өмір – бумеранг. Кімге не істесең, алдыңа сол келеді. Сондықтан біреудің обалына қалудан, біреудің жолын кесуден аулақ болайық, ағайын!"