​«Екі балам қара шаңыраққа таласып отыр»: түркістандық кейуана балаларының алауыздығына алаңдайтынын айтады

0
1 406

«Дүние үшін жаға жыртысып, бір-бірімен соттасуға дайын отыр»


​«Екі балам қара шаңыраққа таласып отыр»: түркістандық кейуана балаларының алауыздығына алаңдайтынын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Түркістандық Сәуле есімді кейуана бүгінде өз үйінен кетіп, сіңлісінің үйін паналауға мәжбүр. Мәпелеп өсірген екі ұлы аналарының көзі тірісінде баспанаға таласып, бір-бірімен соттасуға дейін барған.


«Осы жағдайдың бәрін көрмей, Құдайына ертерек кеткен шалымның жолы болыпты. Қартайғанда рақатын көрем бе деп өсірген балаларым басыма әңгіртаяқ орнатты», - деп налиды ол.


Отбасындағы оқиғаның жай-жапсарын Сәуле апаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Біз таулы ауданда тұрамыз. Ауылымыз мал жайғанға да, егін еккенге де өте қолайлы. Су мол. Кезінде күйеуім әжептеуір қызмет атқарды да, әулеттің атынан деп ұжымдасып егінге жер алған. Бертінге дейін соны өзі басқарып, жер жыртқызып, бидай, арпа еккізіп, ағайынды жарылқап жүретін. Кейін бәрі «бөлек шыққымыз келеді, үлесімізді бер» деп алдына келген соң, әрқайсысына тиесілі жерді бөліп беріп, өзіміздің алты гектар жерді қанағат тұтып қалған.


Күні кешеге дейін қолымдағы үлкен ұлдың баласы сол жерді жыртқызып, күздігүні орғызып, сатып, бәрін жайғастырып жүретін. Былтырдан бері сол немерем шала бүлінді. «Тәтеме биыл үлесін бермеймін. Не соляркаға ақша бермейді, не басына барып қарауылдамайды. Трактормен де, басқасымен де шаруасы жоқ. Бәріне күйіп-пісіп жүрген мен ғана. Балалары үйінде жатыр бекерге. Өзі бармаса да, соларды жәрдемге жібермей ме?» деп тулады. «Әй, қой, ол да менің балам ғой. Мектептен қолы тимейді да, әйтпесе жәрдем берер еді ғой, несібесінен құр қалдырма» деп ақылымды айтқанмын. Сөйтсем немерем әкесімен ақылдасқан екен, әкесі баласының сөзін жақтапты. Содан жыл сайын беретін бес тонна дақылын былтыр бермей қойған.


Кішкентай балам күзде үйін жөндеймін деп жоспарлап, бидайдан түскен ақшаға есік алам деп ойластырып қойған екен. Күткен уақытында өзінің үлесі тимеген соң үйге түнеріп келіпті. Ағам екен-ау демейді, «Әкем алған жерден менің де үлесім бар емес пе? Биыл дымсыз қалдыратындай жын ұрды ма сендерді?!» деп ағасын атарға оғы болмай тұр. Ол да қайтқан жоқ. Інісіне деген өкпе-ренішін айтып салды. Сол арада кіші балам үлкен немереме қол көтерді. Ол да әкесіне болысып, ағасына дауыс көтерген.


Еркектердің ісіне араласпайын, өздері шешсін деп дәрет алып, шеткерек отырғанмын. Бір-ақ сәтте қырғын төбелес басталып, бір-біріне қол жұмсап жатыр. Әлгі көріністі қарап тұра алмадым. Дереу қан қысымым көтеріліп, есімнен танып құлаппын. Келін келіп, аузыма су тамызып, дәрімді беріп, аман алып қалыпты.


Екі баламның «жыры» мұнымен бітпеді. Ертеңіне кішкентай балам қайта келіп, «Тәте, егер менің үлесімді бермесеңдер, онда мен ештеңеден тайынбаймын, айтпады деп ренжіп жүрмеңіздер. Сотқа шағымданып, алты гектар жердің үш гектарын қақ бөліп аламын. Ары қарай не істесеңіздер де өздеріңіз біліңіздер» деп шорт кесті. Үлкен балам да қарап қалсын ба? «Баратын жеріңе бар, маған десең Құдайыңа шағымдана бер. Жатып алып ақша таба беремін деп ойладың ба? Майшелпекті тапқан екенсің!» деп тағы қырғын ұрыс басталды.


Сол кеткеннен кіші балам салып ұрып аудандық сотқа арыз жазыпты. Үлесіндегі жерді, сондай-ақ әкесінен мұра болып қалған қара шаңырақты да бөліске салып, тиесілісін алып беруді талап етіпті. Мұны естігенде есімнен тана жаздадым. Бұл екеуіне жын көрінген бе, ағайын-туғаннан да ұялуды қойды.


«Ел-жұртқа күлкі болмай тұрғанда мына арызыңды қайтып ал!» деп хабарласып едім, «жерді де, үйді де тартып аламын. Әкемнен қалған мұраның бірде-бірін алған емеспін. Өз күшіммен үй тұрғызып алдым, ал тәтем дап-дайын дүниеге ие болып отыра салды» деп кіжінеді. Екі оттың ортасында қалғандай әрқайсысына бір жәрбеңдеп, қартайғанда жанымды шүберекке түйіп отырмын. Дүниеден көздерін шел басқан екі балам бұлай кете берсе бірін-бірі түтіп жіберетін сияқты.


«Мен кетемін» дедім бәрін үйге жинап алып. «Сендер менің көзімнің тірісінде қырылысып, ырылдасып отырсыңдар. Мен кеткен соң атысудан тайынбайсыңдар, сірә. Мұндайды көргенше құрып кеткенім артық екен. «Алмас, ініңе өзінің үлесіндегі жерді бер де, жайына жібер. Ал сен қара шаңырақты бөліске саламын деген ойыңды жинастыр, шырағым! Енді мені іздемеңдер» деп қалаға, сіңлімнің үйіне кетіп қалдым. Ол болған жағдайды білетін, «әпке, біраз уақыт менің жаныма келіңіз, балалар қадіріңізді білсін» деп шақырып жүрген. Қазір екі айдан бері Шымкентте жүрмін. «Апа, қайтыңызшы» деп үлкен балам жалынып жүр. Айтқанымдай інісіне үлестегі жерін беріпті. Бірақ кіші балам айтқанымды тыңдамай, қара шаңырақты бөлу туралы арызын алмай отыр екен.


Осылайша қартайғанда әркімнің босағасында сандалып жүрген жайым бар. Кіші баламның бұл әрекетінен не шығатынын білмеймін, шалымның тірнектеп салған тамынан айырылып қалам ба деп уайымдап отырмын. Осыған көмектесетін, әділ жолмен ешкім өкпелемейтіндей шешіп беретін заңгерлер болса, кеңес берсе деймін».