«Екі әйел алмаңдар!»: Екі отбасының ортасында жүрген азамат еркектерге кеңес бергісі келеді

0
3 195

​Бәйбішесі де, тоқалы да бар бір еркектің өмірі


«Екі әйел алмаңдар!»: Екі отбасының ортасында жүрген азамат еркектерге кеңес бергісі келеді

Үйлену – махаббаттың жеңіске жеткен жері. Ал Дайыр «Үйлену – нағыз күрестің басталар шағы» дейді. Неге?

Мүмкін екі әйел алғаннан соң оның өмірі күреспен өтіп жатқан болар. Екі әйел алған еркек неге түңіледі? Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында баяндайды.


«Мен бойдақ кезімде екі қызбен қатар жүрдім. Әлиямен студенттік шақтан біргемін. Екеуміз бір топта оқыдық. Екеуміз екі ауданнан келген, бұрын-соңды қаланы көрмегенбіз. Сондықтан орысша сөйлей алмасақ, басқа да осы секілді нәрселерде бір-бірімізден ұялмайтынбыз.

Жатақханаларымыз жақын еді, кешке бірге серуендесек, таңертең бірге институтқа бардық. Алдымен біз дос болдық, сосын ол сезім махаббатқа ұласты. Төрт жыл күндеріміз бір-бірімізбен байланысып өтті. Бір-екі күн көрмей қалсақ сағынатын жағдайға жеттік.

Ол бір күні менен «Шыныңды айтшы мені сүйесің бе?» деп сұрады. "Сенің қасыңда мен өзімді өте жайлы әрі жақсы сезінем" дегенмін қысқа ғана. "Мен сені емес, сенің жаныңда болған кезімдегі жайлылықты жақсы көрем" деп айта алмадым. Ары қарай әңгімеміз әзілмен жетектесіп кетті. Ол да мен сияқты әзілқой болатын.

Төртінші курста оқып жүргенімде бір сыныптасым туған күнін мейрамханада атап өтті. Ауылдағы мектеп директорының ұлы еді ол. Оның араласатын ортасы да, оқитын оқу орны да біздікінен басқаша болатын. Ауқатты, көзқарастары да, киімдері мен жүріс-тұрыстары, тіпті сөздері де өзгерек.

Не керек, мен сыныптасымның туған күнінде бір қызға ғашық боп қалдым. 1-курста оқиды екен. Әлгі сыныптасымның сөз жарастырып жүрген қызының сіңлісі. Есімі Бексұлу. Атына сай сұлу еді ол қыз.

Еліктің лағындай Бексұлумен әңгімеміз жарасып кетті. Күнде түнделетіп мен ол тұратын пәтердің ауласына барамын.

Фото: img3.foto.by

Оның қасында менің құлағым керең, көзім соқыр боп қалатын. Бүкіл әлемді ұмытып кететінмін. Біз кездескеннен бастап түнгі серуеніміз аяқталғанша құшағымыз ажырамайтын, сөзден гөрі аямаласуымыз көп еді.


Жоғары оқу орнын аяқтап, жұмысқа орналастым. Үйдегілер үйлен деп қолқалай бастады. Шешім қабылдау мен үшін қиын болды. Өйткені Әлияны да, Бексұлуды да ұнатам.

Үйленер кезде мен Әлияның бұрынғы сұрағын өзіме қайта-қайта қойып көрдім. Ол «Мені шынымен сүйесің бе?» деп сұрап еді. Әлияның сырт келбеті туралы айтсам, ол кәдімгі көп қыздың бірі. Орта бойлы, тәмпіш мұрын, қой көзді, өзіне жарасатын бір сүйкімділігі, тартымдылығы бар. Бексұлудың жанында мен бойымды, біресе айтар сөзімді түзеп, даусымды өзгертіп, жағамды жөндеумен әуреленемін. Осылай оның қасынан шаршап қайтамын. Ал Әлиямен кездесерде маған дайындық қажет емес, ол келгенде бір балағы сөгілген трикоммен де алдынан шыға саламын. Еркін сөйлесем, кетілген тісімді жасырмаймын да. Оның қасыңда мен шынайы өзіммін. Мен одан ерекше бір қуанышпен, ерекше шабытпен, қуат алып қайтам. Бірақ Бексұлудың қасында басым бақыттан айналады, махаббатқа мас боламын.

Екеуін қайта-қайта салыстырдым. Әлияның ешкімге ұқсамайтын жан сұлулығы бар екенін түсіндім. Ол көзге көрінбейді, бірақ оның қасында жүргенде сол сұлулықты кез келген адам сезеді. Сондықтан да достарым, Әлияны танитын сыныптастарым да «Бақытты боламын десең Әлияға үйлен» деп ақыл айтты.

Расында Әлия керемет жар болатынын мен де білетінмін. Бірақ та Бексұлуды да қимаймын. Көп ойланып, достарымның сөзін тыңдап Әлияға үйлендім. Екеуміздің махаббатымыздан Жауһар, Гауһар атты сүйкімді екі перзентіміз дүниеге келді. Иә, егіз.

Фото: i.pinimg.com

Отбасылық өмірімізде қызық та, шыжық та кездесіп жатты. Бірде қуансақ, енді бірде мұңайдық. Әрдайым бақытты сәттер бола бермейді екен, соған көзім анық жетті. Мұңға батқанымда, Әлиямен керісіп қалсам, Бексұлуды іздеп кететінмін.


Бексұлу бақуатты отбасыдан шыққан. Ол ата-анасының әлпештеген жалғыз қызы. Студент кезінде-ақ әкесі бір бөлмелі жеке пәтер сатып әперіп қойған. Өзінің жеке пәтері, сұлулығы мен әкесінің байлығы болған соң шығар, жерде қалмайтынына сенетін. Сондықтан да ол жігітпен де емін-еркін жүретін. Тұрмысқа шықпаса да тән жақындастығына баруды ұят санамайтын.

Екі кеменің ортасында жүріп, өмірім өтіп жатты. Екеуі екі көзқарастағы, екі түрлі адам. Келбеттері де, мінездері де, өмірлік қағидалары мен ұстанымдары да мүлде ұқсамайды. Бірақ екеуі де ұнайды, екеуін де сүйемін.

Сөйтіп жүргенде Бексұлу жүкті боп қалды. Енді не істемекпін? Оның әкесі, екі ағасы да лауазымды адамдар. Шын қорықтым. Оның үстіне оған деген сезімім де шынайы, қимаймын. Әйелім, қайын жұртым естісе не болмақ?

Бексұлу менен сәби сүюді армандап жүргенін айтып, жүктілікті үзбейтінін ескертті. Ол менің отбасылы, екі қызым бар екенін білетін. «Әйеліңмен ажыраспай-ақ қой. Бірақ мені некелеп екінші әйел етіп үйленесің» деді. Бұған ата-анасын да, ағаларын да көндіре алатынын айтты.

Некелеп алдым. Бастапқыда менің Бексұлумен байланысымды, түнделетіп жоғалып кететінімді Әлия білмейтін еді. Бірақ бір қалада емеспіз бе, бәрі де әшкере болды. «Ел құлағы – елу» деген рас қой, аз уақытта-ақ менің екінші әйелімнің бар екенін Әлияның туысқандары да, менің бауырларым мен әке-шешем хабардар болды. Дау-дамай, ұрыс-керіс, жанжал, көз жасы толастамады.

Алғашқыда Әлия ашуға беріліп, ажырасуға арыз да жазбақ болып еді. Кейін сабырға келіп, мені кешірді және бояуы сіңген жағдайды сол күйінде қабылдады. Менен өзгертуді талап етпеді.


Қазір менің екі отбасым бар, екі қызым мен бір ұлым өсіп келеді. Бексұлу менен қаржылық көмекті онша қажет етпейді, өйткені оның бар жағдайын әкесі жасап қойған. Бірақ менің назарым, уақытым керек оған. Үнемі қасында болуым керек, әрдайым қоңырау шалып әңгіме айтса тыңдауға міндеттімін.


Фото: hk-krasnodar.ru

Екінші отбасымның маған аса салмағы жоқ. Дегенмен ұл-қыздарыма ес кірген сайын олар түрлі сұрақ қояды. Айналамдағы адамдардың түрлі сөздері де, қауесеттері де жүйкеге тиеді. Елемейін десем де бәрібір жұрт сөзі әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ бір әйеліме бір бұйым сатып алсам, іштей «Екіншісі естісе ренжіп қалмай ма екен?» деп ойланамын. Бір отбасыммен демалыста тауға барсам, көп ұзатпай екінші отбасыммен де әйтеуір бір демалыс ұйымдастыруға тура келеді. Олар бір-біріне күндес емес, дегенмен бір дастархан басында отыруға, бірге қыдыруға келіспейді. Сондықтан екеуінің көңілін бірдей табуым керек.

Бұрын жас болған соң білінбейтін, ал жасым егде тартқан сайын екі отбасыма бірдей көңіл бөлу, екі ортада ары-бері жүру қиындық соқтырып жүр. Жұрттың болмашы өсек-аяңын да көтере алмай қалатын болыппын. Тіпті тынығып жатқанымда екінші әйелім қоңырау шалса оны да жақтырмаймын. Болмашыға ашуланып шыға келетін күйге жеттім.

Соңғы кезде қан қысымым жиі көтеріліп кетеді. Жүрек тұсым шаншиды. Жаным тыныштықты қалайды. Бірақ екі отбасысы бар адамның жаны да, көңілі мен құлағы да тыныш болар ма еді?..

Қазір ойланып отырып өз-өзіме «Неге саған тыныш өмір жақпады?» деп сұрақ қоямын. Өйткені менің өмірім бақытты өтпепті, тек қызықты, думанды, ләззатқа толы, көңілді өткен. Ал қызық пен бақыт бір нәрсе емес.

Кейбір таныстарымның қос-қос көлігі, екіқабатты коттедж үйі бола тұра тағы да баспана алу үшін ақша жинап, күні-түні тынбай жұмыс істеп жүргенін, бір дипломы бола тұра тағы бір оқу орнын аяқтамақ боп әуреленіп жатқанын көріп таң қаламын.


Адам бақытты болу үшін қос-қос нәрсенің қажеті жоқ. Сол сияқты еркек бақыты үшін екі әйел керек емес. Біреуі жетеді. Бір әйел, бір баспана, бір диплом мен бір жұмыс жетеді. Ал перзент ол Жаратушының қалауымен беріледі, сондықтан оның саны туралы айтқаным дұрыс болмас.


Айтпақ болғаным, бақыт деген – тыныштық. Жан тыныштығы, ұйқыңның тыныштығы, көңіл тыныштығы, шаңырағыңдағы тыныштық, міне бақыт деген осы. Ал екі әйел алған еркектің өмірі де, жаны да, ұйқысы мен ойы да ешқашан тыныш болмайды екен.

Түсінгенім, тыныштықтан артық бақыт жоқ. Артық дүние жинаймын деп жанды қинаудың да, артық ләззатқа батамын деп көп әйелмен кездесудің де қажеті жоқ. Бақытты болуың үшін не қажет екенін, кім керек екенін және бақыттың мөлшерін білген дұрыс. Артық нәрселер тек азапқа салады. Менің өмірім жас отбасыларға сабақ болса екен»


Дайыр осылай өмірден түйгенімен бөлісті. Ол "Екінші әйел алардан бұрын еркектер өзіне «Саған тыныш өмір жақпай ма?» деген сұрақты 100 рет қайталап қойсын» деген кеңесін де айтты.


Ұқсас оқиғалар:


«"Атаңанәлет" дегенім үшін»: Түркістандық келіншек бір сөз үшін қалай қиналғанын айтып берді


«Періште әумин деген шығар?!»: Бала сүйе алмаған әйел себебін айтты