​«Екі қызыммен қашып кеттім»: күйеуінің зәбірінен қашқан келіншек төркініне бара алмайтынын айтты

0
985

«Апам мені күйеуімнен қашып кеткенім үшін қарғап-сілеп отыр»


​«Екі қызыммен қашып кеттім»: күйеуінің зәбірінен қашқан келіншек төркініне бара алмайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ редакциясына Алматы облысындағы Талғар қаласынан бір әйел хабарласты. «Атым - Алма» деп таныстырған оқырманымыз өз басынан өткен жағдайды көпшілікен бөлісіп, шер тарқатқысы келген екен.


Оңтүстікте туып-өскен Алма Алматыға жан сауғалап қашыпты. Алайда оның бұлай істеуінің себебін өз жақындары әлі күнге дейін түсінбеген. Яғни одан ата-анасы, әжесі мен бауырлары бас тартқан көрінеді. Жағдайдың жай-жапсарын тілшімізге баяндап берді.


«Қазір бүкіл елді дүр сілкіндірген Бишімбаевтың соты жүріп жатыр ғой. Мен де ел қатарлы сол сот отырысын күнделікті қарап, тыңдап отырмын. Бұл сот менің жан жүрегімді қозғап жіберді. Себебі марқұм болған Салтанаттың таяқ жегені, күйеуінің қызғаншақтығы, күні-түні миын жей бергені менің тағдырыма ұқсас. Сот отырысын көрген сайын бір қуанатыным, ондай адамнан дер кезінде басымды істетіп, қашып кеттім. Ешкімнің сөзін елемедім, ұят, ар, намыс дегенді екінші орынға жиыстырып қойдым. Білмеймін, ішімнен бір күш «Бұл үйде енді біраз қалсаң өлесің» дегендей белгі берді. Балаларымның бақыты үшін аман қалуым керек болған шығар...


Папам мен мамамда билік жоқ. Бізді апам басқарады. Үйде ол кісіге ешкім қарсы келе алмайды. Папам мен мамам өте момын, қақ-соқпен ісі жоқ жандар. Содан да болар, олар мені дер кезінде қорғап қала алмады. Университеттің бірінші курсында оқып жүргенде мені көрші ауылдың өзімнен төрт жас үлкен баласы алып қашты. Сыртымнан көріп, ата-анамды сұрастырып жүрген екен. Қаладан ауылға қайтар жолда такси боп тұрған кейіп танытты. Мен оған сеніп, көлігіне мініп алдым. Жолай тағы екі жігіт отырды. Сөйтсем ол бұлардың маған құрған тұзағы екен. Ай-шайға қаратпай, үйіне апарып, басыма орамал салды. «Әлі жаспын, оқуым бар» деп жер тепкілеп, қуғыншыларды күтіп отыр ем, «Апаң саған «артқа қайтпасын, ол отбасын білемін, баяғыда адырда аталарымен бірге мал баққанбыз, тәп-тәуір жандар, сол жерге тастай батып, судай сіңсін» деп сәлем айтты. Бұйрық осылай болған шығар, енді қаласың» деп әпкем мені әкетпей, сол босағаға тастап кетті.


Өмірімде көрмеген адаммен бас қостым. Өзім әлі жап-жаспын, ауылдан қалаға енді шыққан, сарыауыз балапанмын. Аузым ашылып, «жеңге» деп келген қайныларыма жалпылдап шай берем. Сөйтсем мұнымды күйеуім жақтырмай, «нең бар оған шай беріп, неге оған күліп қарайсың» деп тиісетін. Алғашында мені ұнатқаннан қызғаныш білдіріп жатыр деп мән бермейтінмін. Сөйтсем ол қызғаныштың асқынған түрімен ауырады екен.


Бертін келе үйге келмек түгілі, есік алдынан ары-бері өткен еркек біткеннен қызғанып, еш себепсіз ұратын болды. Алғаш ұрғанда киім-кешегімді жинап, төркініме кетіп қалғам. Үйге жылап барғанда мамам қосыла жылап, мені жібергісі келмеген. Бірақ апам «Әлі жассың, өзіңнен де қателік кеткен. Күйеуіңнің мінезін біле тұра оны ұруға дейін неге жеткізесің? Құдаларадан ұят, үйіңе кері қайт! Бәріміз де таяқ жеп өсіп-өндік. Үй болған соң ондай-ондай боп тұрады» деп күйеуімді шақыртып, мені қосып қайтарып жіберді.


Ит-ырғылжыңмен төрт жылды артқа тастадым. Екі қызды өмірге әкелдім. Бұрын тек қызғанып ұратын күйеуім енді «бала туа алмайтын қатынсың» деп тиісетін болды. «Мамау, ары қарай шыдай алмаймын» деп телефонда мамама шағынып талай рет жыладым. «Апаңды қайтеміз, ол сені кіргізбейді» деп басу айтқаннан басқа ештеңе істей алмады. Ақыр-соңында бұл жағдайдан өзімді тек өзім ғана құтқаратынымды түсіндім.


Бір күні күйеуім мас болып келді, көп ішкені соншалықты, машинасымен гараждың қақпасын соғып, ішінен әрең түсті. Келді де «саған үйленгелі мен бақытсызбын» деп еш себепсіз мені тепкілей бастады. Басымнан соққы алдым, екі көзім ашылмай, белімді көтере алмай екі күн жаттым. Не енем, не абысыным келіп, маған қараспады. Телефонмен күйеуімнің кластасының әйелін шақырып алдым. «Нұргүл, маған қарызға ақша бере тұршы, Жәнібектен кетпесем мені ендігі өлтіріп қояды, мен қашып кетем» деп жағдайды түсіндірдім. Обалы не керек, құрдас келіншек бәрін түсініп, күйеуінен тығып жинап жүрген 30 мың теңгесін қолыма ұстатты.


Сөйтіп мен екі қызымды алып, автобуспен Алматыға келдім. Барар жерім жоқ, автовокзалдан қалай, қайда барарымды білмей тұрғанда Құдай маған сыныптас құрбымды жіберді. Ауылдан сәлемдеме күтіп алуға келген екен. Көгерген көзімді, азып-тозып кеткен түрімді көріп, өз пәтеріне ертіп әкелді. Тұрмысқа шықпаған, құрбысымен бірге тұрады екен, екі апта мені екі қызыммен қонақ етіп, есімді жинап алуыма көп жәрдемдесті. Оған Алла разы болсын!


Екі аптадан кейін сыныптасымның жанындағы құрбысы жас отбасыларға арналған жатақханадан бір бөлме тауып берді. Қазір осы жерде тұрамын. Мұнда мен сияқты қалада тіркеуге тұрмаған, уақытша елдеріне барып-келіп істейтін жас отбасылар тұрады. Олар күні бойы жұмыста. Сол себепті балаларына жатақхадан «типа» балабақша ашып, соларды бағып отырмын. Апталық ақымды әке-шешелері төлейді, ас-суларын әкеп беріп кетеді. Байып кетпесем де екі қызыммен тыныш өмір сүріп жатқаныма шүкір етем.


Қыздарыммен қашып кеткен соң ата-енем, күйеуім төркініме іздеп барыпты. Кеткен адамды кінәлайтыны заңдылық қой, мені апама, папама әбден жамандапты. Апам қартайып қалған ғой, әлгілердің сөзіне сеніп «Енді бұл үйдің босағасын аттамасын» деп мені қарғап-сілеп отыр екен. Анда-санда мамаммен хабарласып, амандықтарын біліп қоям. Бірақ ауылға баруға жүрегім дауаламайды. Күйеуім қайта іздеп келіп, ұрып-соғатындай қорқа берем.


Басқа емес, бас амандығым үшін жақындарыма жексұрын боп, оларды көре алмай өмір сүріп жатқаныма кейде ызам келеді, жылап аламын. Небәрі 19 жасымда келін боп, осыншалықты азап көретіндей не жазығым бар еді десеңізші. Мен сияқты туыстарынан қолдау таппай қазақтың қанша қызы таяққа көніп жүр екен деп ойлап қоям кейде. Біздерді түсінетін кез қашан келер екен...»