​«Екінші әйелі баласын бізге тастап кетті»: өзінен 13 жас кіші жігітпен бас қосқан шымкенттік әйел сырын жайып салды

0
1 905

«Жас қызбен бас қосып, одан ұл бала сүйді. Бірақ маған қайтып келді»


​«Екінші әйелі баласын бізге тастап кетті»: өзінен 13 жас кіші жігітпен бас қосқан шымкенттік әйел сырын жайып салды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Жас кезімізде «махаббат жасқа қарамайды» деген сөзді талай естідік қой. Бірақ осы сөздің дәл менің өміріме қатысты болатынын баяғыда сезсем ғой. Басымнан өткен қателіктерге жол бермес едім», - дейді Гүлжаһан есімді әйел.


Жасы елуге таяп қалған оқырманымыз өзінен он үш жас кіші жігітпен көңіл жарастырыпты. Екеуінің табысқандарына тоғыз жылдан асқан көрінеді. Отбасылық өмірінің құпия-сырын Гүлжаһан ERNUR.KZ тілшісіне бөлісті.


«Жастайымнан әке қамқорлығын сезінбей өскендіктен шығар, мектепте де, университетте де өзіммен қатар жігіттерге көз салмадым. Олардың әңгімесі, ой-өрісі менен әлдеқайда төмен сияқты көрінетін. Сөйтіп жүргенде Темірәлі есімді жігітпен көңіл жарастырдым. Оқу деп, ғылым деп біраз жыл үйленбей жүріп қалған екен. Өзімнен он төрт жас үлкен болса да, екеуміз үйленуге шешім қабылдадық.


Темірәлі екеуміз алғашында тәп-тәуір өмір сүрдік. Ол менің мамандығымды мұғалімдікке ауыстырып, өзі сияқты ғылым жолына бағыттады. «Бірге істейміз, жұмысқа бірге барып келеміз. Жұбымыз жазылмай жүреміз» десе, мәз болып, соның айтқанына көне беріппін.


Екі жылдан соң қызды болдық. Мен декреттік демалыста, балама қарап, үйде отырдым. Жасы үшке толғанда жұмысқа шығып едім, бәленің бәрі сол кезден басталды. Күйеуім мені көрінген еркектен қызғанатынды шығарды.


Университетте мұғалім болған соң студенттермен әңгімелесетінің бар, айналаң толған еркек қой, қайсыбірінен тығылып жүресің. Ал ол оны түсінбейтін. «Анау саған неге күліп қарады?», «Бүгін Түгенше неге сенің білегіңнен ұстап, есіктен кіргізіп жіберді?» деп үйге келген соң қыршаңқы сөздерімен ашуыма тиетін. Келе-келе көлеңкемнен қорқатын дәрежеге жеттім.


Бір күні шыдай алмай жұмыстан арызымды жазып шығып кеттім де, үйдің жанындағы мектепке кіріп алдым. Мектептің директоры әйел адам, тек дене шынықтырудан беретін жасы үлкен ағай болмаса, қалғанының бәрі әйелдер. Енді құлағым тынышталар деп ойлағам. Біраз уақытқа дейін солай болды, десе де таңертең өзі әкеп тастап, жұмысым біткенде күтіп алып, жанымнан бір елі ажырамайтын.


Осылай алты жылды артқа тастадық. Күнделікті күйбең тіршілік, үй-жұмыс деп жүре берер ме едім, жаңа оқу жылында біздің мектепке физика пәнінен бір жас мұғалім келді. Университетті енді бітірген екен. Келе сала ұжымды үйіріп алып кетті. Әңгімешіл, ашық-жарқын мінезді екен.


Бұл кезде біздің ырың-жырыңымыз тағы басталған. Қызғаныш, ұрыс-керіс. Әбден шаршадым. Ақыры ажырасып тындық.

Ал Мұхитты бастапқыда жас маман, әріптес көріп жүргем. Кейін ол маған деген сезімін ашық білдіре бастады.

Мұхиты елемей жүрсем, ол мені шын сүйген екен. Ештеңеге қарамай маған үйленуге ұсыныс жасады. Ата-анасының қарсылығына да, елдің, әріптестердің өсегіне де қараған жоқ. «Тәп-тәуір ғалым күйеуіңнен ажырап, жалаңаяқ баланы таңдағаны несі? Ертең қартайғанда сопайып жалғыз қалмақшы ма?» деп сыртымнан бөтен емес, өз бауырларым сөз етті. «Қазір білінбеуі мүмкін, кейін менен ұялатын боласың. Басың жас, әлі-ақ өз теңіңді табасың» деп райынан қайтармақ болғам, көнбеді. Дегеніне жетіп, екеуміз некемізді қидырып, қызымызбен бірге тұрып жаттық. Кейін екеулеп жүріп жекеменшік мектеп ашып алдық. Табысымыз еселеніп, пәтерлі де, көлікті де болдық.


Бір өкініштісі, арада төрт жыл өтседе мен оған сәби сыйлай алмадым. Барған дәрігерімнің бәрі «Сіздің жасыңыз келіп қалған, мүмкіндігіңіз аз» деп шығарып салатын. Осы уақыт аралығында Мұхитқа талай қыздың есі кетті. Басын айналдырып алмақ болғандарда есеп жоқ...


Бірде Мұхит университетте бірге оқыған курстастарымен кездесуге барған. Сонда кішкене «ұрттап» қойып, мастықпен курстас қызбен төсектес болыпты. Екі айдан соң әлгі қыз «аяғым ауыр» деп жұмысқа іздеп келді. «Мен саған бала тауып беретін жастан өтіп кеттім. Сондықтан мұндай жағдайда жанымда қал деп сені тұсаулағаным ақымақтық болады. Қыздан обал болмасын, екеуің үйленіңдер» деп рұқсатымды бердім. Тіпті үйден қуып шықтым десем де болады.


Екеуі үйленіп, өмірге ұл бала келді. Бірақ әлгі қыз Мұхитқа жақсы жар бола алмады. Үнемі тап-тұйнақтай болып жүретін сүйіктімнің жағасы кірлеп, шекесі терлеп ыстық тамақ іше алмай, әбден жүнжіген екен. Бір күні жұмысқа іздеп келіп, «Маған бала да, басқа да керек емес. Сенен артығын таппайды екем» деп ақыры бетімді бері қаратып алды.


Әйелінен заңды түрде ажырасқан. «Күйеуге тиемін, баланы өзің асыра» деп бізге әкеп тастаған. Бір қыз, бір ұлымызбен бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. «Махаббат жасқа қарамайды» деген сөзге біздің оқиғамыз дәлел бола алатын шығар.


Айтайын дегенім, күйеуінен қорлық көрсе де, «пешенеме жазылғаны осы шығар» деп көне беретін әйелдер көбейіп кетті. Мен де кезінде қызғаныштың құрбаны болып, талай мәрте оқымысты күйеуімнен таяқ жегем. Бірақ тағдыр маған Мұхиттай тамаша жанды сыйлады. Сондықтан өміріңізді өзгертіп, жаңадан бастау ешқашан кеш емес. Зорлық-зомбылыққа көнбеңіздер!»