​«Енем атамды менен қызғанды»: өсектің кесірінен отбасы ойран болған әйел көпшілікпен ой бөлісті

0
3 683

«Атамның жүрегі бұл жағдайды көтере алмады»


​«Енем атамды менен қызғанды»: өсектің кесірінен отбасы ойран болған әйел көпшілікпен ой бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Біздің кезімізде қыз баласының жоғары оқу орнын оқуы мұң болатын. Ел ішінде «Ертең күйеуге тиеді де, қаншама жылын сарп етіп оқыған оқуы түкке жарамай қалады, қыз қалада бұзылып кетеді» деген түсінік қалыптасқан еді. Бірақ менің әкем бұл пікірмен келіспейтін. «Менің қызым доқтыр болады, қартайғанымда тамырыма укол салып, емдеп алады» деп мені медициналық училищеге оқуға түсірді. Осылайша мен ауылдағы алпыс тоғызыншы жылғылардың жоғары білімді жалғыз түлегі едім».


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Нұрғайша есімді шымкенттік оқырманымыз әңгімесін осылай деп бастады. Айтуынша, таңдаған мамандығы бақыт пен қасіретті қоса алып келіпті.


«Училищені бітірген соң мені жолдамамен басқа ауданның орталық ауруханасына жіберді. Терапия бөлімінің меңгерушісі Балтабай деген кісі екен, «қызым, қош келдің» деп жылы қабылдады. Дереу істің жай-жапсарымен таныстырып шықты. Осы кісінің арқасында мен ұжымға бірден сіңісіп кеттім. Балтабай дәрігер тамаша адам еді, қоластандағы мейірбикелерге, санитар апайларға дауыс көтеріп сөйлемейтін. «Айналайын, көкем» деп жүріп бар шаруаны тындырып тастайтын.


Ауруханаға жұмысқа орналасқаныма төрт ай болғанда Балтабай ағайдың ұлымен таныстым. Әкесін іздеп ауруханаға келген екен. Ә дегеннен екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Ол кейін де әкесін сылтауратып жиі келетін болды. «Мен сені ұнатып қалдым, үйленейік» деп ұсыныс білдірді. Осы ұсыныстан кейін жұмысқа меңгерушіміздің әйелі келгіштей бастады. Сырттай мені бақылап, көріп, сұрастырыпты.


Солай мен меңгеруші дәрігердің келіні болып шыға келдім. Алғашқы алты айымыз өте жақсы өтті. Енем еркелетіп, күйеуім екеуміз махаббаттың қызығына тоймай, алдағы бүкіл өміріміз осылай өтеді деген сенімде болдық. Бірақ бірте-бірте енемнің мінезі өзгере бастады. Әр тірлігімнен мін тауып, реті келсе тілімен түйреп алуға дайын тұрады. Мұның мәнісін еш ұға алмадым.


Бір күні отбасымыздағы өзгерістерді шыдай алмай жұмыстағы Хадиша дейтін әпкеме айтып салдым. «Енемнің мінезі тым нашарлап кетті, бұрын ондайы жоқ еді. Күйеуім екеумізді шағыстырып, мені оған жамандап жүр» деп едім, «Е, оның мәнін мен білемін. Бірақ саған қалай айтарымды білмей жүр едім. Енең күйеуін сенен қызғанып жүр. Осындағы есепші құрбысы «Күйеуің келініңді ханшадай ғып алып келеді, табанын жерге тигізбей алып кетеді, араларында бірдеңе жоқ па?» деп миын құрттатып жіберген ғой. Содан бері ол сендерден күдіктеніп жүр, екеуіңді кездеседі деп ойлайды. Осы жағын абайлашы» деп жайып салды. Мына сөзден кейін не дерімді білмей қалдым. Атамды мен әкемдей жақсы көремін ғой, «қызым, қызым» дегеннен артық әңгімесі жоқ адал адамға осылай күйе жаға салуға бола ма?..


Үйге келіп, енеме бұл қара ниетті адамдардың ойдан шығарғаны, көре алмай қызғанатындардың ісі, оның бәрі өсек екенін айттым. Ол ашудан қалшылдап, екі көзі шатынап «Не, өтірік пе? Енді болған жағдайды ұялмай маған баяндап бермексің бе? Бірге кетесіңдер, бірге келесіңдер! Түнгі кезекшілікке де жиі барып жүрсіңдер. Сен келгелі мына үйдің берекесі кетті. Атаңның есі ауысып қалғандай, әңгімесінің бәрі сен туралы, отырып алып мақтай береді. Әлемде сенен асқан мейірбике жоқ екен! Сендей салдақыны балама әперген менде де ес жоқ екен» деп запыранын төгіп тастады. Өз әлеміне, өзі құрап алған ертегіге әбден сеніп алған адамның алдында ақталудың өзі әурешілік қой.


Бар үмітім күйеуімде еді. «Бір түсінсе, сол түсінеді, анасының айыптауынан арашалап алады» деп ойлағанмын. Сөйтсем шешесі оның да миын теріс айналдырып қойған екен. «Көзіме көрінуші болма! Әулетімізге қара таңба салдың! Дереу киімдеріңді жина да, ауылдан кетіп қал!» деп бұйырды. Амалсыз өзім сүйіп қосылған күйеуімнен, ақ ниетпен, шын көңілмен келін болам деп аттаған босағамнан осылайша ажырадым.


Мен кеткен соң атам болған жағдайды есітіп, қан қысымы көтеріліп, жұмысқа барар жолда жүрек талмасынан қайтыс болып кетіпті. Онысын ессіз енем «Келінін қимай, жүрегі ауырып қайтыс болды» деп елге өсек таратыпты. Ал жолдасым ішімдікке үйір бола бастапты. Мұның бәрін құжаттарымды алуға барғанда естідім. «Шіркін, қандай керемет отбасы едіңдер! Осының бәрі бір жылда быт-шыт болады десе сенбеуші едім, сендерді шайтан азғырды ғой» деп жылап қалды жұмыстағы Хадиша апай.


Содан кейін үш жыл өткенде мен екінші мәрте тұрмысқа шықтым. Өзімді сыйлайтын, жанымды түсінетін күйеуім бар. Үш перзентті тәрбиелеп отырмыз. Бірақ қыздай қосылған алғашқы күйеуімді ұмыта алмаймын. Оның қазіргі жағдайы қалай екен деген ой маза бермейді. Жуас мінезді, жақсы адам еді, бақытты болуға лайық жан еді. Әттең, анасы қаншама адамның өмірін құртты...


Басымнан өткен жағдайды баяндай отырып өзге жандар мына нәрсені көкейге түйсе деген тілегім бар: қазір ақпараттың өрттей қаулап, өсектің гулеп тұрған заманы. Абайламай айтылған бір сөз біраз адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан біреу туралы бірдеңе демес бұрын ойланайық. Одан сізге пайда бар ма? Ал өсектеп отырған адамыңыздың ертеңгі күні қандай болмақ? Біреудің өміріне тірлікпен ғана емес, тілмен де килікпейік, ағайын!"