​«Енем туған қызды бауырыма бастым»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше оқиғаны баяндап берді

0
11 163

«Жүкті екенін босанғанға дейін білмей қалған»


​«Енем туған қызды бауырыма бастым»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше оқиғаны баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Армысыздар, ERNUR.KZ ұжымы! Менің сіздерге айтып бергелі отырған оқиғам осыдан жиырма үш жыл бұрын болған еді. Бүгін марқұм енемнің өмірден өткеніне тұп-тура сегіз жыл болыпты. Таңертең шелпегімді пісіріп, дұға-тілегімді айтып, өздеріңізге жазып отырмын. Енем жайлы бір естелікпен бөліскім келеді», - депті Салтанат есімді түркістандық әйел.


Оқырманымыз келін боп түскен жылдардағы жып-жылы естелігін жазған екен. Қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.


«Медициналық академияны аяқтаған жылы сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Үйленерден алдын «Қалада тұрамыз, еншімізді аламыз» деп уәдені үйіп-төгіп берген жігітім, үйленген соң өзгеріп сала берді. Әке-шешесінен аса алмады. Өзінің жоспарында бөлек кету болған шығар, бірақ ата-енем «кенже бала қара шаңыраққа ие боп қалады, ағаңды бөлек шығарамыз» деп кесімді сөзін айтты. «Менің жұмысым қалада...» дей бергенім сол еді, «уайымдама, аудандық ауруханаға кіргізіп қоямыз» деп атам бәрін шешіп тастай салды.


Бірақ ата-енемен тұрғаннан ұтпасам, ұтылмадым. Енем марқұм жақсы адам еді, «сен жұмыстан шаршап келесің ғой» деп үйдің бар шаруасын өзі атқарып, ас-суымызды қамдап қоятын. Тұңғышымды босанған кезде де 40 күн бөлмемнен шығармай күтіп-баптады. Баланы тек емізуге әкелетін, қалған уақытта бауырына басып, өзі бақты. Декретте отырып екіншісіне аяғым ауырлады, оны да өзі өсірді. Жасына толғанда алаңсыз жұмысқа шығып кеттім.


Атам екеуінің махаббаттары да ерекше еді, мен келін боп түскенде елуге енді толған кісілер болатын. Атам енеме «Айым-ау» деп сөйлейтін, ешқашан атын атағанын көрмеппін. Сол ұлы махаббаттан 55 жасында енем жүкті боп, босанып қойды ғой. Естігенде есімнен тана жаздағам. Ашуланып, ел-жұрттан ұялып, енеме мінез көрсеткеніме қазір ұялам.


Екі жыл жұмыс істеп, үшіншісіне аяғым ауырлады. Сол уақыттары енемнің мазасы кетіп, жиі ауырып қала берді. «Баяғыдай емеспін, күшім жоқ, әлсіздік бар, жата бергім келеді» деп тамақ істемейтін болды. Атам да кемпірінің жағдайына алаңдап, «екі баланың күтімі де оңай емес бұған. Келін, демалысыңа ертерек шыға берсең болмай ма?» деп сұрайтын. Дәрігер ретінде онша-мұнша күш беретін дәрумендер салып, апамды емдегендей болдым. Бірақ одан анау айтқан нәтиже болмады. «Апа, сізде осы климакс емес пе?» деп сұрадым, олай дейтінім, күліп отырған енем бірден жылап қоя беретін. Тура бала сияқты, бірде көл, бірде шөл мінез пайда болды. «Қайдам, солай шығар...» деп келте қайыратын.


Уақыт-сәтімен декреттік демалысқа шықтым. Ісіп-кеуіп кететін әдетім бар, өзім әрең жүріп-тұрғанда үй шаруасын игеріп кету де оңай емес. Көңіл күйім болмай қалған күндері енеме де қатты-қатты сөйлегенімді жасырмаймын. Тамаққа тоймай, «мынандай жегім келеді, мынандай пісірсең қайтеді» деп айта беретін. Ішімнен «жардай боп семіріп алды өзі» деп бұрқылдап қоюшы едім.


Босанатын уақытым жақындап қалған, «апа, мен ауданға барып, дәрігерге тексеріліп келем» деп едім, «Ойбай, мен де барам, мазам болмай тұр, көрінбесем болмайды» деп ілесе шықты. Таксиде «Ішім бүріп ауырып тұр, жақпайтын бірдеңе жеп қойдым-ау» деп мазасызданып барды.

Ауруханаға кіргеннен таныс дәрігерлерді шақырып, енемді тексерттім. «Сізде соқырішек болуы мүмкін, қазір УЗИ-ге түсіреміз» деп дәрігер басқа кабинетке ертіп бара жатқаны сол еді, енем «Ойбай, астыма бірдеңе тіреліп жатыр» деп коридорда айқай салды. Бәрі аң-таң, «не тіреліп тұр, дұрыстап айтсаңызшы» деп абыр-сабыр боп кетті. Сөйткен енем бес минутқа жетпей туып қойды. Бәріміз шок болдық. Ең қызығы, оны өзі де сезбеген. Ішінің өскенін толғаны деп жүре беріппіз.


«Масқара, елге не бетіммен қараймын?» деп енемнің балаша жылағаны есімде. Мен де баламын ғой, «қуа ма, қартайған шағында тыныш жүрмей ме, менімен жарысып туғаны несі» деп күйеуіме бұрқылдап, жылап қалғам. Атам да біраз күнге дейін біздің бетімізге қарай алмай жүрді. Ақырында күйеуім екеумізді отырғызып қойып «мына туған қызды сендердің аттарыңа жазамыз, келін босанса «егіз туды» деп айтамыз, басқа амал жоқ» деп шешті.


Бір аптадан кейін мен қыз босандым. Ата-енем ел-жұртқа «келініміз егіз тапты» деп сүйіншілетті. Бұған дейін енемнің бар шаруаны игеріп, мені күтіп-баптағанына үйреніп қалған басым, оның да менімен жағаласып туғанына жыным келді. Ол өз қызына қарайды, мен үш баламмен әлекпін. Қызымды алты айға әрең толтырдым. Сөйтіп көктем шыққанда «Мен жұмысқа шығамын» деп көкбеттікке бастым. «Орнымда адам жоқ, бастықтар қоймай жатыр» деп жүріп қызымды енеме қалдырып, ауданға тартып отырдым. Марқұм енем екі қызды бөле-жармай, екеуін де емізіп, өзі қарап, өсіріп берді.


Екі қызымыз бір-біріне ұқсамайтын, көргендер «қалай сонда» деп таңғалатын. Қайынсіңлім қараторы, ал біздің қыз аққұбаша, көзі көкшілдеу. Бірақ екеуі егіз қозыдай тең өсті. Атам не алса да екеуіне теңдей, тіпті түсін де бірдей етіп әперетін. Олардың осы қамқорлықтарына шексіз ризамын.


Әттең, енем кенже қызының тойын көрмей кетті. Осы қызды босанғалы бері қан қысымы мазалап, ақыры жүректен қайтыс болды. Ауырып жатқанда мені шақырып «Қызым, сенімен жағаласып туғаныма ұялам, бірақ Құдайдың бұйырғанынан қашып құтыла алмадық. Көрер жарығы бар екен, өмірге келді. Енді қанша өмір сүрерімді білмеймін, бірақ олай-бұлай боп кетсем Шырайды Нұрайдан кем көрмей, өзің ұзатып, қызығын көр. Баламмен бақытты ғұмыр кешіп, екеуің қоса ағарыңдар, саған ризамын» деп ақ батасын беріп кетті.


Қазір екі қызды да ұзаттық, екеуінен бес немереміз бар. Үлкендеріміз де үйлі-жайлы боп кеткен. Атамыз биыл 80-ге келеді. Әлі де тың, бақуат. Немерелерінің, шөберелерінің қызығын көріп, қазынамыз болып отыр. Өмірде осындай да қызық жағдайлар боп тұрады. Ет-жақындарымыз болмаса, былайша жұрт әлі де Шырайды менің қызым деп ойлайды...»