​«Енем үйден қуып шықты»: күйеуін дүкенге жұмсаған келіншек көпшіліктен кеңес сұрап отыр

0
1 870

«Жетімсің деп менсінбеген еді»


​«Енем үйден қуып шықты»: күйеуін дүкенге жұмсаған келіншек көпшіліктен кеңес сұрап отыр
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


Түркістандық Гаухар есімді келіншек күйеуін дүкенге жұмсағаны үшін басы дауға қалған. Енесі «баламды неге жұмсайсың» деп дау шығарып, келінін үйінен қуып шығыпты.


Бұл туралыERNUR.KZ тілшісіне Гаухардың өзі айтып берді.


«Менің әкем ерте қайтыс болған. Анашым екеміз ғана қалғанбыз. Ол кісі мені бөтен еркектің қолына жаутаңдатпайын деп, екінші мәрте тұрмысқа шыққан жоқ. Ешкімнен кем қылмай өсіру үшін өмір бойы жанталасты. Жоғары оқу орнына түсірді. Өзім де сабаққа жүйрік едім. Грантқа түсіп, анамның абыройына дақ түсірмеу үшін барымды салып оқыдым.


Жолдасыммен университетте таныстық. Ол менен бір курс жоғары оқитын. Есіл-дертім сабақ болғандықтан, бастапқыда мен оны көзге ілген жоқпын. Бірақ ол менің қыр-соңымнан қалмай қойды. Бір күні сабақтан қайтып бара жатсам, «сені апарып тастасам бола ма?» деп қиылып тұрып алды. Қалай көніп, көлігіне отырғанымды білмей қалдым. Сол күннен бастап біздің таныстығымыз махаббатқа ұласты. Үш жыл жұбымыз жазылмай жүрдік. Университетті бітірген жылы сол жігітке тұрмысқа шықтым.


Анам менің тұрмысқа шығатынымды естігенде жүрегі жарылардай қуанды. Сөйтіп төркініндегі бауырларынан көмек сұрап, қолдағы бар қаражатын ұқсатып, маған ұзату тойын істеді. Сол күні бізден асқан бақытты жан жоқ еді. «Біз өмір бойы бақытты боламыз» деп ойлағанмын. Сөйтсем мені алда «ене» деген үлкен сынақ күтіп тұр екен.


Атама сөзім жоқ, мені шын ниетімен, ақ пейілімен қарсы алды. Ал енемнің қабағы бір ашылмай-ақ қойды. «Әкесі жоқ жетім қызды алдың» деп күйеуіме сөйлеп жатқанын сырттай есітіп қалдым. Мені менсінбеген екен. Уақыт өте келе жетім екенімді өзіме айтатын болды. Жылайтынмын. «Әкемнің әруағына тіл тигізбеңіз» деп талай мәрте айтқым келген. Бірақ анам «енеңмен сөз таластырма, бір мәрте сөзге келсеңдер, онда бұл әдет болып кетеді. Енеңдікі бұрыс болса да үндеме, үлкен кісі ғой, «сіздікі дұрыс» деп құтыла сал» деп құлағыма құйып жіберген. Соны есіме алып, үндемей қоя салатынмын.


Бірақ шыдамның да шегі бар екен. «Ұра берсең Құдай да өледі» деуші ме еді, енемнің түртпектеуінен мен де жалыға бастадым. Бір мәрте «айналайын, мынауың дұрыс болыпты» деген емес. Әр қадамымнан мін іздеп отыратын. «Баламның басын айналдырып алғансың» деп жала жабатынды шығарды.


Бір құрбысының күйеуіммен жасты қызы бар екен. О баста соны келін қыламын деп ниет еткенге ұқсайды. Енді әр сөзінде соны еске алып, мүмкіндік туып жатса әлгі қызды үйге қонаққа шақырып, оған мені жамандап отыратын болды. Күйеуім күндіз жұмыста, алғашқы айларда үйдегі жағдайдан бейхабар болып жүретін. «Қанша дегенмен анасы ғой, көңіліне тимейін» деп айтпайтынмын. Бірте-бірте мен де шағымдана бастадым. Құрбысының қызы екеуінің тірлігін айтып жылап алдым. Бірақ күйеуім мені ешқашан жақтап, анасына «мұныңыз не» деген емес. «Үлкен кісі ғой, көңіліңе алма, шыда» деп құтылатын.


Шыдай берер ме едім, бір күні енем қуып шықты. Сондағы бар жазығым, жұмыстан келе жатқан күйеуіме «дүкеннен нан ала салшы» дегенім үшін. «Өзің барсаң аяғың сынып қала ма? Таңнан кешке дейін не бітіріп жүрсің бір наныңды түгелдеп қоймай! Битің семірейін деген екен сенің! Баламды сен түгілі мен жұмсамаймын. сБізді асыраймын деп үй бетін көрмей жүр ғой ол байғұс. Тапқанын ұқсата алмай сен отырсың ыбылжып!» деп жер-жебіріме жетті. Менің де төзімім сарқылған екен, жарылдым. Енеме мен де ауыр-ауыр сөздерді айтып тастадым. Ақырында ол мені үйден қуып шықты.


Қазір жарты жыл болды, анаммен бірге тұрып жатырмын. Күйеуім мені шын сүйеді екен. «Үйге қайтайық» деп келе береді. Ал мен оның анасының бетін көргім келмейді. Бір ауыз жылы сөз естімеген адамның алдына қайтып барғым жоқ. Шешесі де «заңды түрде ажырас, Айғанымға үйлендіремін» деп әлгі құрбысының қызын айта береді екен. Күйеуім «маған сенен басқа ешкім керек емес» деп жалынып жүр.


Не істерімді білмеймін, бәрін кешіріп қайта барсам, балалы болсақ енемнің көңілі жібіп, маған деген көзқарасы өзгерер ме екен. Әлде осы бастан қарым-қатынасымды үзгенім дұрыс па? Анамнан ақыл сұрасам, «Мен сені ол жігітке күштеп берген жоқпын. Бұл – өз тағдырың. Шешімді де өзің қабылда» деп отыр. Басым қатып кетті, сіздер не дейсіздер?"