​«Енемнің теріс жүрісіне куә болдым»: жас келін отбасындағы жағдайды қалай түсінерін білмей жүр

0
6 899

«Кімге айтарымды, өзімді қалай ұстарымды білмеймін...»


​«Енемнің теріс жүрісіне куә болдым»: жас келін отбасындағы жағдайды қалай түсінерін білмей жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Егде тартқан әйелдердің өзінен әлдеқайда жас жігіттермен көңіл көтеретінін бұрын тек телехкаялардан көріп, газеттерден оқушы едік. «Өтірік, ойдан құрастырылған ғой» деп ойлайтынмын. Қазір өзімнің енемнің ерсі қылығына қарап, «кино да өмірден алынған екен-ау» деп сене бастадым».


ERNUR.KZ редакциясынахабарласқан Аяжан есімді Шымкенттің тұрғыны әңгімесін осылай деп бастады. Тұрмыс құрғанына әлі жыл толмаған жас келін отбасындағы жағдайды күйеуі мен атасына айтар-айтпасын білмей, көпшіліктен кеңес сұрап отыр.


«Жолдасым екеуміз екі жыл жүріп, бір-бірімізсіз күн кеше алмайтынымызды толық түсініп, үлкен махаббатпен шаңырақ көтердік. Қазір де бір-бірімізге деген сезіміміз күн өткен сайын өршімесе, басылған жоқ. Аллаға шүкір, бізде бәрі жақсы. Жанымды түсінетін ата-енем бар, қайным мен қайынсіңлім де «жеңеше» деп көңіліме қарап, көмектесіп жүреді. Бірақ... Бірақ бір мәселе ішіме сыймай барады. Кімге айтарымды білмей, өздеріңізбен бөлісіп, жеңілдесем деп отырмын.


Тұрмысқа шыға сала аяғым ауырлады. Күйеуім екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Бар ықыласымыз, ниетіміз іштегі балада. Ата-енем де «уақтылы тамағыңды же, дәруменіңді ішіп жүр» деп бар жағдайымды жасап жатыр. Әсіресе енемнің мен дегенде шығарға жаны бөлек, себебі өзі медицина саласының қызметкері ғой. Мейірбике болып істейді. Жүктілігіме он екі апта бола салысымен өзі жұмыс істейтін емханаға тіркеуге қойды. «Дер кезінде дәрігерге көрініп тұр» деп ескертіп отырады.


Әр екі аптада гинекологтың қабылдауына барамын. Сондай бір кезекті тексеруден шыққан соң енем отыратын кабинетке бардым. «Жұмыс уақыты аяқталып қалды ғой, бірге қайтатын шығармыз» деп ойлағам. Сөйтсем мен тосын жайдың куәсі болып қалдым. Енем отыратын кабинеттің жараларды таңатын қосалқы бөлмесі бар еді, сол жерде өзінен жасы әжептеуір кіші бір жігітпен әмпей-жәмпей болып жатыр екен. Өзіме де обал жоқ, баса-көктеп кіріп бара салыппын. Анау көріністі көріп, не істерімді білмей қалдым. Енем де дереу түсіндірмек болып, үсті-басын реттеп, артымнан жүгіріп шықты.


«Аяжан, сен де әйелсің ғой, мені түсінуге тиіссің. Мына болған жағдай арамызда қалсын, бәрін басынан бастап түсіндірейін» деп келгенше ішіндегі сырын ақтарып салды.


«Атаң екеуміздің жасымызда біраз айырмашылық бар екенін өзің білесің. Мен оның екінші әйелімін. Бірінші әйелі бір қызымен баяғыда ажырасып кеткен. Атаң жас күнінде лауазымды қызмет атқарып, үнемі түзде жүрген. Іссапарларға көп шыққан, алғашқы әйелі соны дұрыс түсінбей, жиі ұрыс шығарып, қызғанып, ақырында екеуі ажырасқан. Сосын ол кісі маған ұсыныс білдірді. Менен он бес жас үлкен болса да мен оны шын сүйдім, ұнаттым. Тіпті ата-анамның «ажырасқан, егде еркектің етегінен ұстағаның дұрыс емес» деп үгіттегеніне де қарамадым.


Обалы не керек, Ерекең отбасына өте жайлы адам еді. Балаларын ештеңеден кем қылған жоқ. Бірақ маған үйленсе де жүрісін қоймады. Қызметтес келіншектермен іссапарларға жиі шығып, талай әйелмен көңілдес болды. Жас болсам да бәрін ақылға салып, іштен тындым. Себебі төркініме қайтып баруға бет жоқ еді. «Өзің таңдадың, енді маған шағымданып келме» деп әкем шегелеп айтқан. Отбасымды сақтау үшін күйеуімнің бар қылығына шыдадым.


Жас күнінде әбден жүрген еркектің қуаты да ерте таусылады ма деймін, күйеуім елу беске таяғанда шағында төсекке жарамай қалды. Ал менің қырықтан енді асқан шағым, бала-шағаны өсіріп, жетілдіріп, өзіме қарайтын, етек-жеңімді жиятын кез еді. Төсектен ләззат ала алмай, ішқұса болып жүрдім. Сөйтіп жүргенде жұмыстағы дәрігермен сөзіміз жарасып, кездесе бастадық. Бары – осы. Оның өз отбасы бар, мен де одан көп нәрсе талап етпеймін. Тек табиғи қажеттілігімізді осылай өтеп тұрамыз», - деді енем.


Мына оқиғаны естіген соң енеме не айтарымды білмей қалдым. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Атамды аяйын десем кезінде енемнің көзіне әбден шөп салып, көңілін суытып қойған екен. Енемді түсінейін десем, «жасы келгенде не көрінді соншалықты» деп әрі-сәрі күйде жүрмін.


Атам да жұмыс істейді. Демалыс сайын бізді алып тауға, мейрамханаға қыдыртып, енемнің асты-үстіне түсіп, бәйек болып отырады. Әйелін шын жақсы көретіні әр ісінен байқалып тұрады. Ал енем оны тек көзбояушылық үшін сыйлайтын сияқты. Күйеуіне ағасындай қарайтыны әңгімесінен аңғарылып қалады.


Енеме де оңай тиіп жүрген жоқ. «Айыбымды ашып қоймасын» дейді ме, соңғы кездері асты-үстіме түсіп, айтқанымды екі етпей жүр. Киімнің түр-түрін әпереді, тіпті менің сөзімді сөйлеп күйеуіме де ұрысып алады.


Бірақ маған олардың бұл тірліктері екіжүзділік сияқты көрінеді. Күйеуіме көрген-білгенімді айтсам ба екен, әлде мен де «дымбілместің» кейпіне еніп, жүре берейін бе?"