​«Еркек емес, әйел сияқты»: шымкенттік келіншек қайынағасының іс-әрекетіне түсінбей жүр

0
1 826

«Үнемі кекетіп-мұқатып жүретіні былай тұрсын...»


​«Еркек емес, әйел сияқты»: шымкенттік келіншек қайынағасының іс-әрекетіне түсінбей жүр

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Еркек біткен ұсақталып бара ма, әлде менің қайынағам ғана сондай ма? Әдетте мұндай әңгімені ене, қайынәпке, қайынсіңлі, абысын дегендер айтушы еді. Ал менің қайынағам... артық айтсам кешіресіздер, қатын сияқты», - дейді Айсапар есімді шымкенттік келіншек.


Таяуда ауылда ауызашар беріп, оның соңы өкпе-ренішіпен аяқталғанын Айсапардың өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Келін боп түскеніме он жылдан асты. Обалы не керек, ата-енем, келін боп түскен жерім жақсы адамдар. Осы уаққа дейін артық-ауыс әңгімеге барып, сөзге келмеппіз. Тек сол атамыздың інісі болмаса...


Атамның іні-қарындастары көп, әжеміз он бір баланы дүниеге әкелген. Солардың ішіндегі ең кішкентай баласымен жұлдызым қарсы. Келін боп түскен алғашқы күннен сондай. Беташар өтіп, ағайындар «өзіміз отырып шай ішейік» дегесін дастархан жайып, шай құйып отырғам. «Мен мынадай шай ішпеймін» деп ұсынған кесемді қайтарып жіберген. «Әй, не болды, жап-жақсы шай ғой» деп қайынәпкелер де, ата-енем де шу ете қалды. «Аппақ қой, оның үстіне суып қалыпты, ысытып, қызартып әкелсін» деп дүңк етті. Өзі шайдың ортасында келіп отырған. Үндемей айтқанын істеп әкелдім.


Өзі ауылда, біздің үймен көрші тұрады. Екі аптадан кейін құдалық болды да, мамам бір газель етіп артымнан жасауымды беріп жіберген. Күйеуім ағасын шақырып, қайным үшеуі жиһаздарды құрмақшы болды.

«Ойбай, мына құдағи қызық па деймін, беріп жіберген спальный гарнитурының түсін қарасайшы. Не ақ емес, не қоңыр емес» деп кекеткен. Ол кезде ақ түсті жиһаздар енді сәнге кіре бастаған. Анам лакталған, сүт түстісін таңдап, алған екен. Шынымды айтсам, жалғызілікті анамның мен үшін тыраштанып, осыншалықты зат әпергеніне қуанып тұрғам. Қайынағамның мына сөзі жаныма қатты батты.

«Мұрат, (қайнымды айтады) келіншегіңе айт, ореховый жиһаз алдыртсын, сол қазір модада» деп тағы бір тиісіп өтті. Ол кезде қайынағаға қарсы сөйлейтін «дух» жоқ, тілімді тістеп қала бердім.


Көрші тұрғасын ба, екі үйдің қорасы бір болатын. Атамыз мал қарамайды, екі үйдің шаруашылығы қайынағаның қолында. Азанымен тұрып сиыр сауамыз. Жаспыз ғой, бір күні тойдан кеш келіп, таңертең сиыр саууға тұрмай қалыппын. Қайынағам сиырды өзі сауып, үйге айқайлап келіп тұр ғой. «Келін, тал түс болды, тұрып сиырыңды саумадың. Қиын болса, міне, мен сауып әкелдім. Әдемілеп қайнатып, ішіп ал» деп кекете сөйледі. Нервім шықты. «Ойбуй, маған айтпадың ба, мырзаға» деп енем кешірім сұрап, шелекті қолынан алды. Сол сүт үшін үйде екі күн ұрыс болған.


Екі жылдан кейін қайным үйленді. «Қайынағам қайтер екен» деп байқап жүрдім. Сөйтсем қайынағамның келінге дегенде ілтипаты бөлек. Үйге қонақ шақырсақ «менің алтын келінім» деп көпшілікке соны мақтайды. Тіпті қызы тұрмысқа шыққанда да менің жолым бола тұра «Қызымды Мұраттың үйіндегі келін апарады» депті. Не жазып қойғанымды білмейм, алдын кесіп өткен жерім жоқ. Түсіне алмай дал болдым.


Ата-енем үй салып, қалаға еншімізді берді. «Ойбай, дайын үй тұрғанда балам пәтерде жүре ме, сендермен бірге тұрсын» деп студент ұлын әкеп тастаған. Сол арқылы біздің әр қадамымызды аңдитын болды. Тура енем сияқты, тіпті енем де олай бақыламайды бізді, апта сайын баласын көлігімен әкеп, айналамызды бір тінтіп шығады. Еркек басымен неге мұндай екенін әлі түсіне алмай жүрмін. Ал ол үйдегі абысыным тым жуас, қақ-соқпен ісі жоқ. Ағайын жеңгелерден естігенім, кезінде әйелін қызғанып, көресіні әбден көрсеткен екен. Содан абысынтай басылып қалған көрінеді.


Менің әкем жоқ, тұрмысқа шығардан үш жыл алдын қайтыс болған. Мамам, сіңлім, інім бар. Бірақ қайынағам менің мамамды менсінбейді. Ата-енем құда-құдағиларды тамаққа шақырғанда қайынағам басқа құдағиларға «алтын, бриллиант, маржан» деп ат қойып, тілекті алдымен соларға береді де, менің мамамды соңына қалдырып кетеді. Әйтпесе жол сонікі, осы үйдің есігін құда боп бірінші ашқан біздің мамам ғой.


Өткенде ата-енем ауылда ауызашар берді. «Көп адам шақырмаймыз, тек есік көрмеген құдаларды, өзімізден тараған ұл-қыздарды, сосын туған құда-құдағиларға айттым. Құдағиды ерте келіңдер, айтпақшы атаңды да шақырдық» деп енем хабарласқан. Атам дегені әкемнің ағасы ғой. Ол да ұлымен бірге ауызашарға келді. Жасы жетпістен асқан үлкен кісі ғой, дастарханның төріне, есік көрмеген қария құданың қасына жайғасты.


Содан әлгі қайынағам шешендігіне басып, дастархан басындағы қонақтарды таныстырып жатыр. Мен шай тасып, кіріп-шығып жүрмін. Бір уақта қайынағам төрдегі атаны таныстырды да, менің атамнан аттап өтіп жаңа құданың атын атады. Одан кейін менің мамам отырған, оны аттап кетті де «Тараздан келген құдағи» деп кіші қайынсіңлімнің енесін таныстырып кетті. Бетімнің оты шықты. Не істерімді білмей атама бір, мамама бір қарап қалдым. Қайынағам аузы-аузына жұқпай, бәрін айтып шықты да, орнына отырып, тамағын жей бастады. Обалы не керек, енем байқап қойыпты. «Мырзаға, Мараттың ата-енесін айтпадың ғой» деп еді, «Айттым ғой» деп мойындамай қойды. Дап-дардай адам ғой, баланың тірлігін істеп, нервіме тиді.


Ас желініп, қонақтар тарқағасын шыдай алмадым. «Қайынаға, осы уақытқа дейін үндемей келдім. Бетіңізге қарсы келген жерім болса, айтыңыз. Үнемі мені шеттететініңізді байқаймын. Бірақ бүгінгіңіз ұят болды. Дап-дардай басымен төрде отырған атам мен анамды таныстырмай, менсінбегеніңізді байқаттыңыз» деп ішімдегіні айтып салдым. «Байқамай қалғам ғой» деп өзінікін жуып-шаймақшы болды. Қайынәпкелерім де «қой, болды, өкпелеме, ондай-ондай боп тұрады» деп мені жұбатып жатыр. Бірақ қалған көңіл бәрібір бұрынғыдай болмайды екен.


Мейлі, жетім қыз, жесір әйел деп менің төркінімді менсінбейтін шығар. Бірақ оның ұл-қыздарының алдында не күтіп тұрғанын кім білсін? Таба емес, тоба деймін. Десе де еркек басымен осындай ұсақ-түйекке барған адамнан көңілім қатты қалды. «Адамның кемсіткені ештеңе емес, Құдай кемсітпесін» дегенді естіп ем, Алланың көзі тура болсын дегеннен басқа әңгімем жоқ...


«Әйелім біреумен жатқандай үйге қайтқанша асығамын»: тараздық азамат өзін мазалайтын мәселесін айтты


«Фундаментімді тесіп, үйіме суын ағызыпты»: шымкенттік азамат көршісінің үстінен сотқа арыз жазғанын айтады


«Екі бөлмелі пәтер алу үшін баламнан жүкті болған»: түркістандық ана баласының бассыздығына күйініп отыр