​«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айтты

0
3 814

Құрсағына біткен егіз шарананы алдыртып тастаған...


​«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айтты

Өзін Шамсия деп таныстырған келіншек осыдан 21 жыл бұрын жасаған қателігіне өкінетінін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

Айтуынша, сол кездегі қате қадамына өзін соған үгіттеген анасы мен әпкесінің де үлесі бар. Тек ол ғана емес, кешірілмес күнә жасағалы тұрғанын айтып қарсы тұрған сол кездегі абысынын тыңдамағанына әлі күнге қатты өкінеді. Қанша Жаратушыдан кешірім сұрап, түнімен жылғанымен өмірі қайта бақыт арнасына тоғыспаған көрінеді.


- Ол кезде жас та емес едім. Жиырма жетіге келгенде өзімнен бір жас кіші жігітті жолықтырып, сезіміміз үндескен еді. Өте пысық жігіт, үйінің кенжесі болса да бауырларының бәріне көмектесіп, екі ағасына болысып жүрген. Жүрегімді баурады, тұрмысқа шығуға белімді бекем будым. Ол кезде екінің бірі қазақи дәстүрмен құда түсе бермейтін. Ал ол анасы екеуі бәрін жөнімен жасап, әке-шешемнің алдынан өтіп сырға салды. Бұл біздің әулет үшін үлкен абырой болып еді, - деп есіне алады ол.


Шамсияны үйінен ұзатып алып келген жігіті некелерін де мұсылманша қидырып, соңынан дүрілдетіп той да жасаған. Алдындағы екі ағасының рұқсатымен еншісін алып шығып, қалада пәтер жалдап тұра бастапты.

- Мен мұғалім, ол базарда киім сататын еді. Үйленген соң анасы енді өз отбасымыз үшін тиын жинауымыз керек екенін айтып, ескерткен. Еш жаққа бұрылмай тек баспана алсақ деп армандадық. Бір жылдың ішінде екі бөлмелі пәтерді алып үлгердік те. Қуанышымызды туыстарымызбен бөлісіп, жиын жасаған күні енем енді бала сүю керектігін айтып қалды. Менің де арманым сол еді. Жыл бойын құрсақ көтермеген соң өзім уайымдап жүргенмін. Дәрігерге қарала бастадық. Үш айдай ем алған өзімнің жүкті екенімді білдім. Бірақ құрсағыма біткен шарананы өз қолыммен алдыртқанымды өзім де кешіре алмаймын, - деп жылайды ол.


Шамсия күйеуіне жүкті екенін айтқанда, қуанған ол сол күні достарын жинап көптің көзінше оған гауһар тасты сақина сыйлайды. Ол кезде көптің қолы жете бермейтін мұндай сыйлықты оның өзі де күтпепті. Тек аяқастынан болған бақытсыз оқиға олардың шаңырағын шайқалтып жіберген көрінеді.

- Расында бізден бақытты ешкім жоқ еді. Мақтаныш емес, ол кезде қалада пәтері барлар бай саналатын. Ал гауһар жүзікті екі әйелдің бірі таға алмайтын. Мен сол кездегі бақытымды бағалай алмадым. Аз ғана қиындыққа шыдамай, тез берілдім...

Достарымен қыдырып кеткен күйеуім үйге қонбады. Тек екінші күні ғана кешкісін ғана оның қамауда екенін білдім. Жанұшырып жеткенімде оның қыз зорлауға қатысы бар екенін естіп есімнен танып қалыппын. Аспан айналып жерге түсті мен үшін. Қамалғаны, істі болғанынан бөлек қыз зорлау дегені қатты батты. Қасындағылардың барлығы амалын тауып шығып жатты да, тек менің күйеуім ғана қалды соңында. Зорланған қызбен кездестірмеді мені... Енем ғана «пәтерді сатып шығарып алайық» деген. Бірақ оған менің анам көнбеді, - дейді Шамсия.


Әйелдің айтуынша, сол кезде анасы «қыз зорлаған еркек дені дұрыс күйеу болмайды, енді оның болашағы жоқ» дегеннен танбапты. Тіпті, қызының күйеуінің артынан тамақ пен оны-мұны керектісін апаруға да қарсы болған. Оған әпкесі қосылып, тек пәтерді алып қалуды ғана көздепті.

- Соншалық ақымақ болғаныма өкінемін. Неге тыңдадым оларды? Тіпті, солардың айтқанына еріп анамның танысы арқылы пәтерді өз атыма жаздыртып алдым. Күйеуім қапаста тұншығып, екі көзі төрт болып күтіп отырғанда мен дүниені ойладым. Анам мен әпкем қасымнан кетпей соңында ең сорақы қателікке үгіттеді. «Басың жас, әлі-ақ басқаны табасың. Алдыртып таста, кеш болмай тұрғанда. Ертең аяғыңа байлау болады» дегенді күнде ести берген соң ақ-қараны ажыратудан қалсам керек. Құрсағыма біткеніне енді үш ай болған шаранаға жасанды түсік жасаттым...


Шамсияның ең өкінетіні де осы. Үлкен абысынына аборт жасататынын айтқан, ол ертеңгі күні қайта бала сүйе алмай қалуы мүмкін екендігін ескертсе де шешімін өзгертпепті. Жасанды түсік жасатпас бұрын дәрігердің айтқанын тыңдамаған ол гинекологиялық креслода жатқанында оның «егіз екен» дегені мәңгі есінде қалып қойыпты. Құрсағына біткен егізінен айырылған соң көп өтпей пәтерін сатып, басқа қалаға кеткен.



- Соңғы рет түрмеде отырған күйеуіме барғанымда ажырасатынымды айттым. «Сені кінәламаймын. Бірақ менің күнәсіз екеніме сен! Бұл жала! Әттең...» деп көзіне жас алғаны әлі күнге дейін есімде. Ол ештеңеге дауласқан жоқ. Көзіндегі жаспен шығарып салды, тіпті мені тоқтатпады да. Бірақ ол құрсағымдағы баланы алдыртып тастағанымды білмейтін еді. Тек енем мен қайынсіңлім келіп қателік жасағанымды айтып ұрысып кетті. Күйеуімнің заттарын жинастырып жатып енемнің көзімен түйісіп қалдым. Ол да есімнен кетпейді, - деп өкінеді бүгінде елуді еңсерген әйел.


Өзге қаладан жұбаныш іздеген оның жолында жанын түсінетін жан да кездесіпті. Он жыл отасса да екі баласымен ажырасып кеткен одан сәби сүйе алмаған. Екінші күйеуі амалсыз бұрынғы отбасына қайтқан көрінеді. Дәрігерге қанша қаралса да денсаулығынан кінә таппаған, бірақ қартайғанда алданыш болар бір сәбиді аңсаған сайын бірінші күйеуі мен енесін қалай жылатып кеткенін, егіз сәбиін құрсағында қалай тұншықтырып өмірін қиғаны есіне түсіп қинайды екен бүгінде.

- Он бес жылдан соң қайтып келдім Шымкентке. Келе салысымен ортақ таныстарымыз бірінші күйеуімнің қазір алты баласы бар бақытты отбасы екенін айтты. Түрмеде де көп отырмапты, ақталып шығыпты. Өзінен он жас кіші қызға үйленіп, қазір шалқып өмір сүріп жатқан көрінеді. Ірі сауда орныдарының бірінен өзін де кездестіріп қалдым. Сол баяғы күйі, қартаймаған, жап-жас қалпында. Келіншегі де сүйкімді екен. Тез бұрылып кетіп, алыстан біршама бақыладым. Бақытты екені түрлерінен белгілі, бір-біріне еркелегенін көріп ішім удай ашыды. Ал мен өз тағдырымды өз қолыммен быт-шытын шығардым. Оған тек өзім, ер-азаматты жылатқан тек өзім ғана кінәлімін. Баяғыда апалар «еркекті жылатқан әйел ешқашан оңбайды, қарғысқа ұшырайды» деуші еді. Сол рас болғаны да, - деп аяқтады әңгімесін Шамсия.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


Күйеуіне екінші әйел алуға рұқсат берген


Қарыздан құтқару үшін мүгедек жігітке тұрмысқа шыққан