​«Етті неге көп қостың?»: шымкенттік келіншек абысынының тосын мінезін түсінбей жүргенін айтады

0
1 931

«Абысынмен арақатынас осылай суи береді екен ғой...»


​«Етті неге көп қостың?»: шымкенттік келіншек абысынының тосын мінезін түсінбей жүргенін айтады

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өз басым келін боп түскелі абысыныммен сөзге келмеппін. Оған деген көңілім тап-таза, ойымда қылдай арамдық жоқ. Сол себепті мен де абысынымды өзімдей көріппін. Бірақ соңғы болған жағдай жар дегенде жалғыз абысынымның шынайы бет-бейнесін ашып берді», - дейді Гүлмайра есімді шымкенттік келіншек.


Оқырманымыз абысынымен болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Енем марқұм екі ұл, төрт қыз туған. Атамыз екеуі бәрімізді үйлі-жайлы етіп, арғы жаққа кетті, топырағы торқа болсын! Ол кісілер жақсы адам еді, мені де, абысынымды да өз қыздарынан кем көрмеді. Сол кісілердің тәрбиесінің, көрсеткен өнегесінің арқасында бауырлар арасында түсінбеушілік, келіспеушілік болған емес. Абысыныммен де солай. «Мынауың дұрыс емес» деп осы уаққа дейін қатты сөйлемеген. Мен де ешқашан ол кісінің алдын кеспедім.


Біз үйленгесін төрт айдан кейін қалаға кеттік. Күйеуімнің жұмысы болғасын, абысынымызбен көп тұрмадық. Десе де балалы болғасын апта сайын ауылға ат арылтып тұруды әдетке айналдырдық. Енем марқұм бір қазан етін асып, күтіп отырады. Бара сала қамырын өзім илеп, жайып, ыдыс-табағын жуып, үйдің ішін бастан-аяқ жинап кетемін. «Сен келсең рахаттанып қалам» деп абысыным да мәз болатын.


Бір күні абысыным ауырып қалды, дәрігерлер облыстық ауруханаға жолдама берген екен. Қайынағам әкеліп жатқызып кетіпті. Қалада кіші қайынсіңлім екеуміз ғана тұрамыз, күн құрғатпай кезектесіп тамақ тасыдық. Арасында жаңадан ішкиім, жатарға киетін киімін, керек-жарағын әперіп, беріп жіберем. Туған әпкемнен кем көрмейтін пейілім ғой баяғы.


Сонымен, не керек, абысыным емделіп шықты. «Жеңеше, ауылға кетуге асықпаңыз. Бір-екі күн біздің үйде болып, ыстық суға түсіп, демалыңыз» деп қоймадым. Шығатын күні күйеуімді жібертіп, базардан қаймақ, сүзбе, неше түрлі тәттілер, құлпынай алдырғам. Қонақ келсе шабылатын әдетіміз ғой. Абысыным үйге келгеннен барымды алдына тосып күтіп, өзімше риза қылып шығарып салдым деп мәз болғам.


Сөйтсем ол кісі енеме бірталай әңгіме айтып барыпты. «Гүлмайра ақ сазандай толысып, әдемі боп кеткен. Біз жүрміз ауылда, тоз-тозымыз шығып. Ол әдемі болмай қайтсін, жегені қаймақ, сүзбе. Біз көрмеген көкөністің түр-түрін алдырып, ішіп-жеп, қайнымды шырқ үйіріп отыр» депті. Оны естігенде мырс етіп күлдім де қойдым. Байғұс-ай, қайтсін, ондайды қонақ үшін әкеп, алдына тосып отырғанымды...


Енді өткенде, кезекті еңбек демалысымды алдым да, бір-екі күн ауылға барып, абысыныммен сырласып, шерт тарқатысып қайтайын деп ойладым. Балалар өсіп қалған, алаңдайтын ештеңе жоқ. Кішкентайымды бақшадан сұрап алдым да, ауылға қарай тарттым. Қозы-лақ төлдеп, айран-сүттің көбейіп жатқан уағы ғой, кішкентайым ауылды көрсін, ағарған ішсін, таза ауада демалсын деп ойлағам ғой.


Ауылға жетем дегенше түс қайтты. Барсам абысыным үйде жоқ екен. Балалардың біразы сабаққа кеткен. Кішкентай қайынсіңлім дастархан жайып шай берді. «Папам Бека тәтенің құдалығына кетті, мамам төркініне, нағашы әпшенің үйіне кетті. Құдайы тамақ беріп жатыр екен» деді қайынсіңлім. Қарасам сиыр өрістен келіп қойған, сауатын адам жоқ. Қой, абысыным келгенше тірлікті жайғай берейін деп ойладым. Дереу сиыр сауатын шелекті алып, екі сиырды сауып тастадым. Даладағы қазанға палау басып қойдым. Енем марқұм «сенің палауың күшті шығады» деп мақтап отырушы еді, абысыным да мақтайды деп қиялдап кетсем керек.


Бір уақта, күн батып қалған уақытта абысыным кіріп келді. Менің салған сәлеміме ернін жыбыр еткізіп жауап қайтарды да, үйінің ішін көзімен бір шолып шықты. Сосын үлкен баласына қарап «Ей, оңбаған, сиыр не болды, бұзауларды неге бос жібергенсің?!» деп жеки сөйледі. «Жеңше, мен сауып алдым, уайымдамаңыз» деп сампылдап отырмын. «Қалайсыз, құдалар аман-есен бе» деп жалпылдап қоймайм. Жауап жоқ. Киімін ауыстырып шықты да, қызына қарап «не тамақ істедің» деді. «Мен емес, жеңшем палау басып қойды» деп еді, «осы біз біреудің үйіне барып, палау баспақ түгілі есігінен аттап кіре алмай, сыртта күтіп отырамыз ғой» демесі бар ма?


Тамағыма тас тұрғандай, отырған орнымда қазықтай қатып қалдым. «Қайдан білейін, жеңше, сіз келгенше тірлігіңізді істеп қояйын деп ойладым, артық кетсем кешіріңіз» дегеннен арыға бармадым. Келгеніме өкініп кеттім. Кері қайтайын десем қараңғы түсіп қалған. Шақыра салатын такси де жоқ. Тілімді тістеп, қызымды құшақтап, отырған орнымнан тұрмай қойдым.


Дастархан басында «жайша жүрсің бе, неге келдің»,«немене мына палауға етті көп қосқасыңдар, үнем деген жоқ қой бұларда» деп дік-дік етіп сөйледі. Ондай кезде ас батсын ба, ашқұрсақ күйде ұйқыға жаттық. Айран-сүт ішіп, қозы-лақ көреміз деген планның бәрі «жылан» болды. Ертеңіне таң қылаң бере қызымды жетектеп көшеге шықтым да, жолдан такси тоқтатып, қалаға тартып кеттім.


Жолда келе жатып «Құдай-ай, абысымды неге ашық әңгімеге тартпадым и? Ол неге менімен олай сөйлесті?» деп өзімді өзім жазғырып келдім. Бірақ қия басқан кезімді еш есіме түсіре алмадым. Бәлкім басқа біреуге ашуланып, ақысын менен алды ма екен? Бірақ қалай болғанда да оның маған олай сөйлейтін жөні жоқ еді. Үлкен болса, өзіне, сыйлағанды түсінбесе, менің не кінәм бар? Әзірге бетпе-бет көріскеніміз жоқ, бірақ сол күннен кейін менен маза кетті...»