​«Қайтыс болған әкем тыныштық бермейді»: шымкенттік келіншек әкесіне деген ренішін ұмыта алмай жүр

0
2 238

«Түсіме жиі кіріп, мазамды алып жатыр»


​«Қайтыс болған әкем тыныштық бермейді»: шымкенттік келіншек әкесіне деген ренішін ұмыта алмай жүр
иллюстрациялық сцрет ашық дереккөзден алынды


«Психологтардың айтуынша, біреуге өкпелеп, ренжіп өмір сүру денсаулыққа зиян екен. Осы рас сияқты. Себебі мен өмір бойы бір адамға ренжіп, сырттай қарғап-сілеп келемін. Соның салдарынан ұйқыдан қалдым, миым мыжылып қалғандай күйде жүрмін. Бірақ кеудемді кернеген кектен арыла алмай-ақ қойдым. Мен иттің етінен жек көретін адам – әкем», - дейді Гүлжан есімді шымкенттік оқырман.


Ол ERNUR.KZ тілшісіне туған әкесіне деген ыза-кектің неден туғанын бастан-аяқ баяндап берді.


Сонау тоқсаныншы жылдардың басында анам мен әкем ажырасып кетіпті. Әкеміз анамды қолындағы екі баласымен, құрсағындағы жеті айлық шаранасымен тастап кеткен екен. Екеуі заңды түрде некеге де тұрмаған ғой. Содан анам дымсыз қалып, не үйді бөліске сала алмай, не алимент талап ете алмай, төркініне қайтып келген. Осылайша біз нағашыларымыздың қолында өстік.


Мен есімді білгелі анам жұмыста істейтін. Бізді өсіріп, жетілдіру үшін екі жерде жұмыс істеп, біздің тамағымызды, киімімізді тауып беріп жүретін. Сол бойы баспаналы бола алмадық. Обалы не керек, нағашы ағам бізді шеттеткен емес. Бірақ бәрібір әкемді сағынып, есіктен кіріп келіп қалатындай елеңдеп жүретінмін. Бір күні ішімдегі өкпе, сағыныш көз жасы болып төгілді. «Әкеміз қайда? Неге бізді тастап кетті? Ол қайтып келе ме?» деп анама сұрақты жаудырдым. «Ол енді келмейді, оның басқа әйелі, балалары бар. Бізді осынша жылдан бері іздемегеніне қарағанда, бізді керек етпеген ғой. Ештеңе етпейді, бір-бірімізге тіреу болып, сүйеу болып, әлі-ақ бақытты күн кешетін боламыз. Сендерді әкесі бардан артық асырау үшін барымды саламын» деп анам ебіл-дебілі шығып жылады. Сол күні әпкем, сіңлім, анам, төртеуміз өксіп-өкіріп шер тарқаттық. Сол күннен бері менің жүрегім қатайып кетті. Әкемді ешқашан көрмесем де жан-тәніммен жек көріп кеттім. Ылғи соны ойлаумен болдым. «Мен қалайда жақсы оқып, тәуір қызметке тұрып, анамды алақаныма салатын боламын» деп алдыма мақсат қойдым.


Мектепті ең жақсы деген бағамен бітірдіп, еліміздегі ең мықты деген университеттің біріне оқуға түстім. Көп қиындық көрсем де, анам мен бауырларыма салмақ салмас үшін университет беретін шәкіртақыны айдан-айға әрең жеткізіп, күнімді көрдім. Осы жылдар ішінде әкем туралы ақпарат жинай бастадым. Мен оқитын қалада, керемет зәулім үйде тұратынын, астында қымбат көлік, қолында жақсы қызмет барын білдім. Бір ұл, бір қызы бар екен. Алдына барып, өзім туралы, анам, бауырларым туралы айтқым келіп, сан мәрте оқталдым. Бірақ батылым бармады. Осыншалықты жағдайы бола тұра бірде-бір рет бізді іздемегені, қарайласпағаны арқама аяздай батты. «Бізге жасаған қиянатың алдыңнан он есе болып шықсын. Біздің ит өмірімізді саған еселеп берсін! Бала-шағаңның қызығын көрмей, отбасымен ойран болса екен» деп сырттай қарғайтын болдым.


Мен ойлаған мақсаттың біразы орындалды. Жұмысқа тұрдым, өзімді түсінетін, сыйлайтын, шын жақсы көретін жігітпен бас қостым. Балалы болдым. Әпкем мен сіңлім де өте жақсы жерге келін болды. Бақытымызға орай күйеулеріміз біздің жағдайды түсініп, анамызға пәтер сыйладық.


Өміріміз оңалып, өткенді енді ұмыта бастаған шақта, әкеміздің бауыры бізді іздестіріп, тауып алыпты. Алдымен анама хабарласып, «Берік әл үстінде жатыр, бауыры іріп кетіпті. Қыздарын көріп, бақұлдасып қалмақшы» депті. Анам да жуас қой. «Қыздардың өздері біледі, олар үшін жауап бере алмаймын» деп біздің нөмірімізді ұстатыпты. Мың ойланып, жүз толғандым. Кезінде бізді керек етпей, күшік сияқты көшеге тастап кеткен адамнан осынша жыл өткенде қайбір қайыр болады? Біз өсіп, жетіліп, өз күшімізбен адам болып, қолымыз аузымызға жеткенде іздей қалғанын қарамайсың ба?..


Әпкем мейірімді ғой, шыдамай, ауруханаға барып қайтыпты. Шынында да жағдайы мүшкіл екен. Ішкен-жегені қан болып кетіп жатыр екен. Әпкемді көріп, жылап жіберіпті. Кешірім сұрапты. «Сен баршы, қиналмай кетсін, сенің кешірімің керек болып жатқан шығар, өкпеңді ұмытшы» деп әпкем жалынды. Күйеуім де «Өкпеңді ұмыт, барып, жағдайын сұрай сал. Қайта өзіңнің қандай адам болып өскеніңді, оның көмегінсіз-ақ аяққы нық тұрғаныңды көрсет!» деп қоймады.


Ертеңіне бойымдағы бар күшті жинап, әкем жатқан ауруханаға бардым. Өмірімде көрмеген адаммен кездескен де біртүрлі екен. Жүрегім селт етпеді. Мен үшін аянышты бір пенде сияқты көрінді. Сыбырлап кешірім сұрағандай болды. Өзімді ұстай алмадым. Талай жылдан бергі өкпе-ренішті, ішімдегі алапат өртті лақ еткізіп ақтара салдым. «Сауап болған! Үш перзентіңді далаға лақтырып кеткен сендей опасызға бұдан да азап өлім керек еді. Қарғысым жөнін тауыпты, соған ризамын. Біздің кешіріміміз өзіңе керек болған соң, жаның алқымыңа таянғанда іздедің бе? Неткен бейшара адам едің! Сен мен үшін иттен төмесің. Құдай бар болса, әділ болса жаныңды одан әрі азаптай түссін!» деп ебіл-дебіл болып жылап, ауруханадан шығып кеттім. Үш күннен соң демі үзіліпті.


Содан бері әкемнің әлгі бейнесі, оған айтқан сөздерім, екеуміздің кездескен сәтіміз көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Өкпем басылар емес. Түсіме жиі кіретін болды. Кешірім сұрағысы келгендей құшағын жаяды да тұрады. Талай мәрте мешітке барып, арнайы Құран бағыштап келемін. Сонда да басылар емес. Әкем екеуміздің арамыздағы тылсым байланыс бойымды билеп, жаныма тыныштық берер емес.


Талай психологтың табалдырығын тоздырдым. Бір сәтке кешіріп, жеңілдегендей боламын. Біраз уақыттан соң әлгі көрініс қайтадан көз алдыма келіп, ұйқымнан шошып ояна беремін. Жасым әлі отызға толған жоқ, бірақ таным-түсінігім, ой-санам алпыстағы адамдікіндей. Ішкі әлемім қартайып кеткен сияқты күйдемін. Мұндай жағдайдан қалай арылуға болады? Көпшілік арасынан білетіндер болса кеңес күтемін...»