​«Қайынатам мен анам үйленіп алды»: Шымкенттік келіншек отбасының шырқы бұзылғанын айтты

0
20 674

«Бір-бірін шын сүйеді»


​«Қайынатам мен анам үйленіп алды»: Шымкенттік келіншек отбасының шырқы бұзылғанын айтты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Махаббаттың жас та, жағдай да таңдамайтынын тарихта талай ақын жырға қосқан. Талай соғыс та махаббат үшін болған. Десек те, шымкенттік келіншек отбасында болып жатқан «соғыстың» қай жағына шығарын білмей дал.

ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында 34 жастағы келіншек отбасындағы жағдайдың ушығып бара жатқанын жеткізді. Айтуынша, күйеуінің туыстары болған жағдайға кінәлі етіп, тыныштық бермейтін көрінеді. Тіпті, ағайынмен араласуды да қойған.

«Шешең әкемізді дуалап алған. Дені сау әйел болса күйеуі ерте өлмес еді» деген сөздері тіпті өтіп кетті. Менің туғанымды да көрмей о дүниелік боп кеткен марқұм әкемнің әруағына дейін қозғағандары шектен шықты. Отбасымызда береке қалмай барады. Күйеуім де бұл жағдайға қалыпты деп қараған, бірақ екі әпкесі мен қарындасы, ағасы тыныштық берер емес, - деген келіншек көзіне жас алды.


Отбасынан тыныштық кеткен келіншек барлығы да енесі қайтыс болғаннан кейінгі үшінші жылы басталғанын айтады.

- Мен келін боп түскенде енем ауыратын. Обалы не керек, атам оны балаша мәпелеп күтті, жұмысы қалып кетсе де апамның қасынан шықпайтын. Ақыры ауру алып тынды, үш жыл бұрын жер қойнына бердік. Атам қатты қайғырды, сүйіп қосылған жарын қимай ұзақ есеңгіреп жүрді. Жылдық асын берген соң кішкене сергісін деп әлі зейнет жасына да жетпеген соң жұмысқа тұрғызғанбыз. Қаладағы бір мекемеде бағбан болып істеп жүрді. Кейде жұмысынан соң кештеу келетін, «жолдастармен кездесіп қалдық» деп қабағы жадырай бастағанына қуандық.


Бір күні қайынсіңлім суық жайтты бұрқ еткізді. Телефоныма звондап «шешең тыныш жүрсін, папамның басын айналдырмай» дегенде шошып кеттім. Сөйтсем, атам екеуін кіші қызы паркте қыдырып жүрген жерінен көріпті. Кездейсоқ шығар десем, «бекерден бекер қол ұстасып жүрмейді құда мен құдағи» деп ашуланған ол тұтқаны тастай салды.


Бұл кезде енемнің қайтыс болғанына екі жылдан асып қалған. Анамнан оны қалай сұрарымды білмедім, жағдай ушығып әпкелердің, қайнағаның құлағына жетіпті. Барлығы келіп мені жүндей бастады. Бір күні үйде қатты ұрыс болды. Атам жұмысында еді, сол ашумен шешеме қоңырау соқтым. «Мама, мені жеп бара жатыр. Айтыңызшы, өтірік деп!» деп жылаған маған анам «Қызым, сен араласпа! Бұл біздің өміріміз...» дегенде не дерімді білмей тұтығып қалдым. «Көрдің бе, айттым ғой, айналдырып жүр деп...» деген ауыр сөздер қарша борады.


Бұл қылығына қанша ашулы болсам да бірақ мен анама сендім. Себебі мені жалғыз тәрбиелеп өсірген оның осы уақытқа дейін бір де бір қия басып немесе жаман сөзге іліккенін көрмегенмін. Өмір бойы мектепте кітапханашы боп қызмет еткен анамның бірақ неге менің атамды таңдағанына ренжулі едім. Атам сол күні үйге кібіжіктеп, абыржып келді. Балалары оны жас баладай ортаға салғанда атама да жаным ашыды. Қанша жылдар бойы ауру әйелін күтіп, еркек болып әйелден жылу таба алмаған оның да бақытты болуға үлесі бар еді. Бірақ менің анамды таңдағанына мен де ашуландым. Дегенмен, түсінуге тырыстым.


Атам нағыз махаббаттың адамы екен, балаларының алдында кешірім сұрағанымен шешімін өзгертпейтінін айтты. «Қаласаңдар, сендер көрмейтін жаққа, алысқа кетейік. Бірақ қалған өмірімде өзімді де ойлауға хақым бар. Ешбіріңнің алдыңда қарызым жоқ менің!» деп кесіп айтты.


Ертеңіне мені анам шақырып, екеуміз бұрынғыша сырластық. Атамды жақсы көретінін, бөтен біреу болса мұндай қадамға бармайтынын, менің көңілімді қалдырмайтынын айтып ақталды. Мен анамды да, атамды да түсіндім. Екеуі де маған жақын адамдар, оны күйеуіме де түсіндірдім. Олардың қосылып бірге тұрғанынан ешкімге де зияны жоқ, қайта жақсы болмаса. Күйеуім де өмірге көзқарасы өзгеше жан ғой, мақұлдады. Бірақ бауырлары бізді «ойласып алғансыңдар, анамыздан қалған үйді босатыңдар» деп шу шығарды.


Көп созып қайтейін, қазір атам менің анаммен бірге тұрады. Баяғы екі бөлмелі ескі пәтерді сатып, екеуі үш бөлмелі кеңін алды. Екеуі бірге қыдырады, туыстардың бәрі біледі қазір. Жүздері жарқын, бақытты екендері көрініп тұр. Бірақ қайнағам мен екі әпкеміз, қайынсіңлім төртеуі әлі түсінбейді. Менің анам баратын жерге бармайды, амандаспайды, әкесіне де жуыспайды. Тіпті, жағдайын да сұрамайды. Биыл 63-ке келіп зейнетке шықты. Дастархан жасап, аздап қонақ шақырып атап өттік. Бізден басқа балалары келмегеніне қатты жабырқады.


Аз ғана қалған ғұмырларында екеуінің де бақытты болғанын қалаймын. Бірақ соны басқалары түсінбей отыр. Қайынсіңлім «ертең өлсе пәтері кімге қалады екен» дегенді айтып қалғанда мәселенің төркінін түсінгендей болдым. Қара шаңырақта біз қалғанбыз, енді анам мен қайынатамның пәтері де мұра бойынша маған қалайын деп тұр. Сол екен ғой көксегендері.

«Олай болса босатып кете салайық» дегеніме күйеуім көнбеді. Осылай өмір үріп жатырмыз қазір. Анам мен атамның бақытты сәттері үшін қуанамын, ал күйеуімнің бауырлары келген сайын мені кінәлап кетеді. Арамыз да суып барады...

Неге әкелерінің бақытын көре алмайды? Неге қуанбайды, соған таңмын. Ал олар бір-бірін шын жақсы көреді. Көшеде жас боп біз олай қол ұстасып жүре алмаймыз, - деген келіншек атасы мен анасының ұзақ жасауын тілейтінінде жеткізді.


«Біз үшін деп жас өмірін арнады. Енді біз олар үшін бар жағдайды жасауымыз керек» деп санайды ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қайнағамды жек көремін»: жамбылдық келіншек әрең шыдап жүргенін айтты


«Екінші әйел алуға рұқсат бердім»: шымкенттік әйел себебін айтты