​«Келін кетті, төленбеген несие қалды»: түркістандық ана той істеймін деп қарызға белшеден батқанын айтады

0
13 015

«Етсіз тамақтың дәмі жоқ, ішпеймін» деп менсінбей отыратын еді»


​«Келін кетті, төленбеген несие қалды»: түркістандық ана той істеймін деп қарызға белшеден батқанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Несие деген біздің отбасымызға сор боп жабысты. Қазір осы бәленің атын естісем шаңырағы шайқалған балам мен кеткен келінім есіме түсіп, күйінемін», - дейді Қалбике есімді ана.


Тұңғыш келіні үшін барын шашып, жетпегеніне несие алып той істеген оқырманымыз отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Мен секілді жастайынан жесір қалған әйелдердің бәрі әупірімдеп аяқтан тұрғынған ұл-қызының үйленіп, үйлі болғанын, келін алып, қолының ұзарғанын қалайтын шығар. Бұл меніңше әрбір ананың ең асыл тілегі. Баламның жасы жиырма беске келгенде мен де «үйленші, қашан келін әкелесің» деп шай үстінде осы әңгімені қозғай бердім.

Балам енді ғана бір мекемеге жас маман боп кірген. «Әлі ерте ғой, мама, аяқтан тұрып алайын» деп әңгімеден қашқақтайды. Оның жалтарғанынан қорықтым. Жұрттар «жасы келген сайын таңдай береді, темірді қызған кезде соғу керек» деп айтқан соң, дер шағында үйлендіріп жіберейін деп, тықақтап тұрып алдым.

Не керек, үш айдың ішінде балам бір қызды алып қашып келді. Жұмысына «жастар практикасымен» жаңадан келген қыз екен. Екеуі өзара келісіпті. Келініме қарасаң көзің тояды, аршыған жұмыртқадай, аппақ. Көңілім жайланып, ауыл-аймағыммен беташарымызды өткізіп, «кешірімімізді» жөнелтіп, көңілді бір демдеп алдық.


Енді алда үлкен той, шалдан қалған малдың біразын балалардың оқуына жұмсап, жаратып қойғам. Қорадағы азын-аулақты саттым. Одан бұрын да жинап жүргенім бар еді, соны қостым да, құда-құдағиға кигізетін киіт, тағатын алтын, құдалықта беретін жабуларымды түгелдеп алдым.

«Мама, тойды қайтеміз, запаста енді ақша жоқ, тек құдалық істеп, тойды күзге дейін қоя тұрамыз ба?» деп балам ойын айтқан. Алғашқы тойым болғасын кешеуілдеткенге ұялдым. «Қорықпа, балам, несие аламыз да, ел қатарлы істейміз. Өткізгеніміз бар ғой, шүкір, солар берсе несиені құйып тастаймыз» деп жұбатып қойдым.


Баламның атынан 1 миллион, менің атымнан 500 мың теңге алдық. Ауылдағы ең күшті тойханада дүрілдеген той болды. «Музыка, тамада жағын өзіміз шешеміз» деп балам мен келінім қоймағасын, ол жағына араласпағам. Сөйтсем бұлар маған айтпай ең қымбат деген асабаны шақыртыпты, арасында әжептеуір ақшаға келетін әнші, үш қабатты торт, шоу дей ме, бірталай нәрсеге ақшаны жұмсап тастапты.


Тойды жұмыс күніне белгілеп, қателік жасаппыз. Тойхана арзандау болады деп ойлағанбыз. Сөйтсек шақырған кісілердің біразы төбе көрсетпеді. Яғни тойға кеткен шығын өзін ақтамады. Жұрт та қайбір жетісіп отыр дейсің, он жыл бұрын апарған 10 мың теңгемді «мұртын бұзбай» шопыры, күйеуі бәрі бірге әкеліп, ішіп-жеп кеткендер бар. Қысқасы, «банкрот» болдық.


«Той біткенде жабамыз» деген кредиттің жыры басталды. Ай сайын төлейтін уақыт жақындағанда уайымым күшейіп, түнгі ұйқым төрт бөлінеді. Көйлек алу, ет жеу деген сияқты нәрселердеі уақытша тоқтатуға тура келді. Оның бәрі келінге ұнамады. «Етсіз тамақ бола ма? Дым дәмі жоқ қой» деп дастархан басында тыжырынып отырады. Оны көргенде қарадай қысылып қалам.


Бір күні балам шай үстінде «Астанаға кетем» деді. Сыныптасының ағасы ауылдағы балаларды жинап, сол жақтан көпқабатты үй соғып жатыр екен. «Күндігіне 15 мыңнан төлейді екен, мұндағы 120 мыңмен қашанғы жүрем, мен барып, күзге дейін жұмыс істеп келейін» деп рұқсат сұрады. Қиналып отырғасын амал жоқ, баламды шығарып салдық.


Азаматым Астанаға кеткен соң, бір айдан кейін келінім төркініне барып келуге сұранды. «Үш күнде келем» деп кеткен. Артынан тықақтап хабарласуға ұялдым да, бір апта күттім. Болмағасын телефон соқтым. Гудок барып тұрса да көтермейді. Шынымды айтсам уайымдайын дедім, бірдеңе болып қалды ма деген оймен төркініне іздеп бардым. Сөйткен келінім бізге айтпай Алматыда тұратын әпкесінің үйіне кетіп қалыпты. «Оның жұмысы бар еді ғой» деп құдағиға қарадым. «Шығып кеткен» деп дүңк етті.


Ұлыма бар жағдайды айтып, келінмен сөйлесуін өтіндім. Бір ай болды келмеді. Ұлым келін жайлы екінші рет жақ ашпады. «Мама, ол туралы сұрамаңыз, болды» деді де, әңгімені қысқа қайырды. Екеуінің ренжісіп қалғанын сездім, бірақ іс насырға шауып, ажырасып кетеді деген ой болмапты. Жолын тосып бір ай жүрдім ғой. Бірақ сұлу келінім сол күйі төбе көрсетпеді.


Бір ай болғанында үйге ажырасу туралы сотқа шақыру келді. Солай ажырасып тынды. Уақытқша қиындыққа шыдамады. Бұрын біз күйеуімізбен бар қиындықты бірге жеңуге талпынатын едік. Қазіргі қыздар қандай? Ұлым ажырасқалы жұмыстан келмейді. Қысымен суық қалада құрылыста істеп, тоз-тозы шығып кетті. Баламның тағдыры уайым болды. Кетіп қалған келін мен кердеңдеген құдаларға жағамыз деп «жыртылып» той істегеніме ішім ашып жүр».