​«Келіншегіне көйлек-шалбарын шешіп берген»: түркістандық әйел сыныптасының басынан өткендерін баяндап берді

0
1 224

«Отыз тауықты жұмыртқаламайды деп асып іліп қойған еді»


​«Келіншегіне көйлек-шалбарын шешіп берген»: түркістандық әйел сыныптасының басынан өткендерін баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мектепте бірге оқып, оқушылық өмірдің он бір жылын бірге өткізген сыныптастардың орны қашанда бөлек. Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болыпты. Ауылдағы мектепте бәріміз бас қосып, шұрқыраса көрістік. Өткен-кеткенді еске алып, балалық шаққа саяхат жасап қайттық. Сол кездесуде сыныптасым Есілжанның ерекше оқиғалары ойға түскен. Сіздермен бөлісуді жөн көрдім», - дейді Алтыншаш есімді оқырманымыз.


Сыныптас досының қызықты оқиғаларын Алтыншаштың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


Мектепте кездесу болады дегеннен табанымыздан тозып көйлек іздеп, бетімізді «ремонттап», фигураға көңіл бөліп, мейлінше әдемі боп баруға тырыстық қой. Көптен күткен той күні жетіп, ауылға барып, мәре-сәре болдық. Кешкісін тойханада сыныптастармен бас қосып, көңіл көтердік.


Сыныптасымыз Марат ерекше ойын ұйымдастырыпты. Бала күнгі қызықты хикаяларды кім әсерлеп айтып бере алса, бас жүлде соныкі болады деп келіскен екен. Қарап отырмай көршім әрі парталасым Есілжанның әпенділігін еске түсіріп, қарсыластарымды шаң қаптырдым.


Есілжан кішкентайынан тынымсыз, ортаның гүлі болатын. Бесіншіні оқып жатқан кезіміз ғой, балалар жағы әкелерінен көргенін істегісі келіп, темекі тартуды ойластырыпты. Мектептің артындағы үлкен талдың қураған жапырақтарын уатып,оны қағазға орап, бәрі тартқан ғой. Оны мектептегі ағайдың біреуі көріп қалып, сол сәтте сыныптың жиналысын ұйымдастырған. Бойы кіп-кішкентай Есілжан тақтаның алдында тұр. Анда-санда мұрнын бырқ еткізіп тартып қояды да «Ағай, мен шекпедім, рас айтам, шекпедім» деп ақталады. Оған мына жақта отырған бізден ішегіміз түйілгенше күлеміз. «Неге өтірік айтасың, сен шектің ғой» деп ағай да қоймайды. «Оллахи, шекпедім, нан ұрсын» деп ант-су ішеді. Бірақ оның шеккені мұрнынан көзіне дейін кеткен күйеден ап-анық көрініп тұр еді. «Бетің күйе-күйе, бойың мыртиып алып өтірік айтуға ұялмайсың ба» деп ағайдың 100 рет отырғызып-тұрғызып қойғанын еске алып, күліп алдық.


Сол сыныптасым беріректе, 7-8 оқып жатқанда үй жағына отызшақты тауығын жайыпты. Оны көрші Ораз ата көріп қалыпты да, «балам, тауықтарың күніне қанша жұмыртқа береді, туып жатыр ма» деп әңгімеге тартыпты. Есілжаннан әңгіме қалсын ба, «Ата, тумай қалды, қазір жұмыртқа жеу арман боп қалды» деп мұңын шаққан. «Ой, сен де, баламысың деген, тумай қалса асып қою керек қой, сонда жұмыртқаны пытырлатады» деп әзілдеп, кетіп қалыпты.


Сол күні Есілжанның біздің үйге жүгіріп келгені есімде, «Жанғазыны шақыршы» деп інімді ертіп кеткен. Сөйтсе екеуі «Асып қою керек» деген әзілді шын көріп, кір жайғышқа тауықтардың аяқтарын біртіндеп байлап шығыпты. Екеуі отырып алып «бұл енді қанша сағат тұру керек, Ораз атадан сұрап қалмаппыз, мен барып біліп келейін» деп кеткен ғой. Арасы бірталай жер, «ата, тауықтарды асып қойдым, қашан босатсам болады» дегенде қария бірдеңені бүлдіргенін түсініп, біз жаққа қарай жүгіріпті. Келем дегенше тауықтардың бірі қалмай өліп қалған. Ол кездің адамдары да кең пейілді еді ғой, Ораз атаның әзіл сөзіне дым ренжімепті.


Біздің үйдегі Жанғазы екеуінің жұбы жазылмайтын. Есілжан екеуі қой бағады, қора тазалайды. Екеуі егіз қозыдай-тұғын. Бір күні екі сотқар «осы біздің сиырларымыз неге семірмей жатыр» деп терең ойға батыпты. «Атам жемді аз беріп, содан семірмей жатқан ғой» деп топшылаған да, ешкім жоқта жемге тойдырайын деп шешкен.


Алдымен біздің үйдегі сиырдың ақырына үш шелек жем салыпты, артынан Есілжанның қорасына жүгірген. Оның сиырына да үш шелек жем берген. Содан отырып-отырып «енді бұлар шөлдеген шығар, бір шелек жем жеу оңай дейсің бе, су берейік» деп екі бұқаға да екі шелектен су берген де, ойнауға кетіп қалған ғой. Қайтып келсе екі үйдің адамдары ары-бері шапқылап, пышақтарын қайрап жатқанын көреді. Сөйтсе байғұс сиырлар гүпті боп, өлуге шақ қалған екен. Сол сиырдың еті біткенше екі үйдегі әкелеріміз «семіз сиырдың етін же, Есілжан» деп қағытып отырушы еді.


Есілжанның үйленуінің өзі бір оқиға еді. Қалада тұратын әпкесін жиендерімен қоса жеткізіп салып, қас қарая қайтып келе жатқанда алдынан көлбеңдеп тырдай жалаңаш бір қыз жүгіріп өтіпті. Сол ауылдың маңында қамысты көл бар-тұғын. «Жын ба, пері ме» деп өтіп барып тоқтаған ғой. Сөйтсе байғұс қызды танымайтын біреулер әжетханаға шыққан жерінен алып қашыпты. Үстінде тек ішкөйлек, онысы әлгі жігітпен алысып жатқанда сыпырылып түсіп қалған да, жалаңаш күйде жүгіріп, қамысты көлдің арасына тығылып қалыпты. Әлден уақытта алып қашатындар кетті-ау дегенде трассаға шығып, арғы бетке өтпек болған.


Есілжан қызды ұстап алып, «отыр, үйіңе дейін жеткізіп салайын» депті. Көрші ауылдың қызы екен. Көлікке мінгесін Есілжан жөн сұраспай жатып шалбары мен көйлегін шеше бастаған ғой. «Ойбай, мені зорлайын деп жатыр» деп оны көрген қыз көліктен ыршып шығып, қаша жөнелген. «Еу, жындысың ба, саған кигізейін деп жатырмын ғой, менің қасымда тырдай жалаңаш қалай отырасың» деп айқайлап, әрең тоқтатып алыпты. Сол күннен екеуінің жұбы жазылмай, бір жылдан кейін шаңырақ көтерген. Қазір алты баланың ата-анасы боп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. «Мен қатынымды мәйкі-шалбармен сындырып алғам» деп мақтанып отырады.


Сыныптасымның мұндай қызықтары өте көп, айтсаң таусылмайды. Еске түскенде еріксіз езу тартқызар қызықты оқиғаларыңыз болса, сіздер де бөлісе отырыңыздар...»