«Көлігімен алып жүргені үшін өз балам бензин пұл сұрайды»: шымкенттік ана тәрбиеде жіберген қателігін айтты

0
4 904

Бұл бала тәрбиесіндегі қателік пе?


«Көлігімен алып жүргені үшін өз балам бензин пұл сұрайды»: шымкенттік ана тәрбиеде жіберген қателігін айтты

(Фото ашық дереккөзден алынды)

Бала тәрбиесі – үлкен ғылым. Десек те, «баланы осы тәсілмен тәрбиелесең нағыз азамат боп шығады» деп ешкім нақты ереже де, кітап та ұсына алмайды.

«Кейде бәрін дұрыс істегендей боласың, бірақ перзентіңнің тәрбиесі күрсіндіретін оқиғалар болады», - дейді шымкенттік Ақсиса есімді ана.

Айтуынша, соңғы кезде үлкен ұлы оны көп күрсіндіріп жүр. Ол баласының қылығына қапа.



Ақсиса мұңын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Қателіктің тамыры өткен шақта жатқан сияқты. Сол өткен шақтан бастайыншы.

Күйеуім екеуміз де жұмыс істедік. Екі ұл, бір қызымыз бар. Декреттік демалыста көп отырған әйел емеспін. Нәресте 6-11 айлық болғанда мен жұмысқа қайтадан шығып кететінмін. Балаларға бала бағушы қарады.

Әрине жұмыстан келген соң, демалыс күндері балаларымыздың жанында болуға тырыстық. Олардың сабақ үлгерімін де бақыладық.

Сабақ үлгерімі демекші, күйеуім бірде балаларына мынандай шартын айтты. «Әр аптаның соңында күнделіктеріңді тексеремін. Әр бестік бағаға 50 теңгеден төлеймін» деді. Бұл балалардың оқуға қызығушылығын арттырды. Нәтиже бар. Бірақ мен үшін үй шаруасында балаларды жұмсау қиындады.

«Қоқысты төгіп кел» десем, үлкен ұлым «Мен есеп шығарып жатырмын» дейді. «Үстелдің үстін жина» десем, қызым «мен өлең жаттап жатырмын, қолым бос емес» дейді. Кішкентай ұлым да кітаптан бас көтермейтін болды. Сосын мен де «қоқыс төгу 10 теңге», «үстелдің үстін жинау 10 теңге», «Ыдыс жуу 30 теңге» деп, ақшамен жұмыс істетуге көштім. Қалай екен, балалар үй шаруасын таласып орындайтын болды. Тіпті «Мама, еденді жусам қанша ақша бересіз?» деп өздері сұрап алатынды шығарды.

Әрине, олардың әр қимылына ақша төлеген жоқпын. Бірақ көбінесе олар тек ақша үшін ғана орындарынан қозғалады. Бұны көрген күйеуім «Есесіне ақшаның қадірін біліп өседі. Ақшаға деген қызығушылықтары болса, биік қызметке ұмтылады» деген еді. Әрине қай ата-ана болса да балаларының жақсы мекемеде жұмыс істегенін, жоғары жалақы алғанын қалайды.

Осылай өміріміз жалғасып жатты. Балалар есейген сайын, үй ішіндегі жұмыстар мен мұғалім үйге берген тапсырмаларды үздік орындағаны үшін біздің тарапымыздан төленетін ақша көлемі де өсті.

Үш перзентіміз де жоғары білім алды. Қыз тұрмысқа шықты. Ұлдар үйленді. Қара шаңырақта кіші ұлды алып қалдық.

Кенже ұл мемлекеттік жұмыста істейді. Ал үлкен ұл кәсіпкерлікпен айналысады. Анығырақ айтсам, ол базарларға көтерме бағада тауар жеткізіп береді. Тұрмысы жақсы. Тек елімізде пандемия басталған соңғы екі жылда жұмысы тұралап қалды. Әйтсе де, шүкір баспанасы, көлігі бар. Әйелі балабақшада жұмыс істейді. Балалары да бар тәубе.

Үлкен ұлым өзіне өзі би ғой. Сағатын санап, бақылап отырған бастығы жоқ. Сондықтан ауылда тұратын ағайын-туыстардың той-томалағына, өлім-жітімге баратын болсақ, соған қоңырау шаламыз. Қолы бостау, астында көлігі бар, оның үстіне үйдің үлкені ғой.

Бастапқыда бірнеше рет апарып, әкеліп жүрді. Кейін әрнәрсені сылтауратып, «Таксимен барып келе берсеңіздерші» дейтін болды. Бірде әкесі «Сол таксиге кеткен ақшаны саған берейік...» деп еді, 15 минуттан соң үйге жетіп келді. Сарыағаш ауданындағы бір ағайынымыздың үйіне бардық. Қайтып келе жатырмыз, ұлымыз қипақтап ақша сұрай алмай отырғанын байқадым. Бір уақытта жолда жанармай құю бекетіне тоқтап, «Папа, бензинге ақша бересіз бе?» деді. Әкесі қалтасынан ақша шығарып берді. Содан кейін ғана ұлым көңілденіп, Шымкентке келгенше қызықты әңгімелер айтты.

Одан кейін қайда баратын болсақ та ұлымыз «Ол жерге барып-келуге мынанша бензин кетеді» деп, бағасын ұялмай айтатын болды. Ал егер аз берсек немесе ақша болмай қалса ол келесіде желеу тауып, бармай қояды.

Алғашқыда әкесі екеуміз үшін бұл ауыр тиді. Ренжідік, ашуландық. «Өз әке-шешеңнен жолақы сұрауға ұялмайсың ба?» деп те айтқанбыз. Ол пандемияны, қазір жұмысы жүрмей жатқанын, ал әйелінің табысы азық-түліктен артылмайтынын айтып жыламсырайды. Түсіністік таныттық. Бірақ қала ішінде мені базарға апарып келсе де жолақы сұрайды ұялмай. Ақша берем, бірақ бұрқылдап ұрысып аламын. Ол да «Мама, бес баламды асырау оңай емес» деп бұрқылдайды. Білмеймін, пандемияның әсерінен шынымен де оның жұмысы тоқтап тұр ма, әлде бұл қылығын енді байқап жатырмын ба?

Күйеуіме осы сұрақты қойсам, ол «Ұлыңның жылайтын жағдайда емес. Бала кезінде әр қимылына ақша төлеп, өзіміз жаман үйреткен шығармыз» дейді ойланып.

Мүмкін, бұл біздің бала тәрбиесінде жіберген қателігіміз болар. Бірақ сонда да өз ұлымның менен жолақы алғаны жанымды ауыртып жүр...»



Ұқсас оқиғалар:


«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді

«Атам үйде ішкиіммен жүреді»: Жас келін қандай ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтты