​«Көңілдестен тусам да әкемді тапқым келеді»: Алматылық жігіт өзінің әкесін іздеп жүр

0
5 006

«Маған бәрі «көңілдестен туғансың» деп бетіме басады»


​«Көңілдестен тусам да әкемді тапқым келеді»: Алматылық жігіт өзінің әкесін іздеп жүр

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ата-анасының қатесі үшін бала жауапты емес. Десек те әке мен шешенің қате басқан қадамы баласын аз сүріндірмесе керек. Оған мына кейіпкердің оқиғасы дәлел деуге келетін секілді.

ERNUR.KZ тілшісімен кездесіп, өзінің жан сырын ақтарған алматылық Жарқын есімді жігіт әкелерді әр ісіне жауапкершілікпен қарауға, ал аналарды баланың жүрегіне жара салмай өсіруге шақырды.

«Мені көпшілік сөгетін шығар, «еркек басымен неге сонша егіледі» деп... Бірақ менің шыдамым бұдан әріге жетпейді. Шаршадым, әбден қажып та кеттім. Әсіресе, мені және анамды танитындардан, анамның екінші күйеуінің туыстарының маған деген көзқарасы мен «көңілдестен туған» деген сөздерінен шаршадым. Қайда барсам да сол сөз соңымнан да, алдымнан да шыға береді», - деген жігіт өзінің туған әкесін іздеп тапқысы келетінін айтады.


- Әкемді білмеймін, танымаймын. Мен құрсақта жатқанда анаммен байланысын үзіпті. Естуімше, менің әкесіз өсуіме нағашыларым кінәлі көрінеді. Анаммен көңіл қосқан жігітті ұрып-соғып қуып жіберген екен. Оны мен тек анамның үлкен әпкесі, ең жанашырымнан ғана естідім. Ал анам сол кеткеннен оралмаған әкеме ренішті ме, әлде басқа жағдайы да бар ма, ол туралы ештеңе айтпады маған. Қанша сұрасам да ашуланып, теріс бұрылып кететін. Қысқасы, некесіз туылыппын.

Кейін, мен 10 жасқа толған анам тұрмысқа шықты. Ол кезде мен бәрін түсінетін, ес біліп қалған шағым болғандықтан іштей қанша қызғансам да анамның бақытты болуға хақы бар екенін ойлап рұқсат бердім. Әрине, менен ешкім рұқсат сұраған жоқ. Бірақ маған бірдеңе айта алмай, нағашы әжем екеуі мені нұсқап әңгімелескен сәттерін, анамның әдемі киініп жиі қыдыратын болғанынан-ақ түсінгенмін. Содан соң бір күні шай үстінде тек екеуміз ғана отырғанда «Мама, мен үшін қарайламай жақсы көрген адамыңызға тұрмысқа шыға беріңіз! Мен енді ержеттім» дедім.

Бала күнімнен анамның мені шынайы құшақтап сүйгені сол ғана болған шығар. Онда да қуанғанынан... Мені қатты қысып құшақтап, «ұлым ержетіпті, енді бәрін түсінеді» деп бетімнен сүйді де, сол аптада-ақ тұрмысқа шығып кетті. Мені нағашы әжемнің үйінде қалдырды. Негізі, мені де алып кетеді деп ойлағанмын, тастап кеткені жүрегіме қатты қадалды.


Ұл бала болған соң басқалармен ойнайсың, төбелесесің, бірдеңені бүлдіресің ғой. Сондай кездері нағашымнан әбден таяқ жеп өстіп. Таяқ қана жесем мейлі еді. «Көңілдестен туған, тексіз» деген сөзді есту есейген сайын мені езе берді. Бұрын анам қасымда кезде де мұндай сөздерді жиі еститінмін. «Қызымның аяғына оратылған сүмелек» дегенді марқұм әжем көп айтатын.


Көп шыдамадым, 14-ке толған кезімде мектептегі жарыстан жеңіп кешігіп келген күні кезекті таяқтың астында тағы қалдым. Мұрным қанағанша ұрған соң ол үйде енді тұру мүмкін болмады да, не де болса анамның қасында болайын деп қашып кеттім. Бірақ ол жақта да мені суық қарсы алды. Кішкентай қарындасым мен ініме жақындатпай, жеке шығарып әбден ұрысты. Кері қайтпасымды білген соң қасында қалдырды. Бірақ ол үйде де мені ешкім адам санатына қосқан жоқ. Үнім шықпай жүруге тиіс болдым. Ол жақта да «көшеден туған баласы» деген ат таңылып, 18-ге толған күні сұранып әскер қатарына кеттім.


Содан бері міне, 10 жылдан асты, жалғыз өмір сүріп жатырмын. Тек анамның үлкен әпкесі ғана іздеп, жағдайымды сұрап көмектесіп тұрды. Әскерден келген соң сенер, сүйенер ешкімнің жоғына көзім жетіп тек жұмыс істей бердім. Бар ашуымды жұмыстан алдым десем болады. Соның арқасында шығар, қазір үш бөлмелі пәтерім, жерім, жақсы көлігім бар. Жинаған ақшам да бар. Үйленуге, тойға деп бөлек жинадым. Жаман жоға түспедім, ішпедім, шекпедім. Жаныма да сондай адал достар жинадым.


Арасында анама да ақшадан көмектесіп тұрамын. Бірақ әкемнің кім екенін маған әлі күнге айтпады. Ал менің ол кісімен танысқым, бауырларыммен араласқым келеді. Мені тастап кеттің деп те кінәламас едім. Тек өмірде әкемнің бар екенін біліп, оның батасын алып жүрсем ғана жетеді. Бір тиын да сұрамас едім, керісінше жағдайы қиын болса көмектескім келеді, - дейді ол.


«Жақында үйленемін, кездесіп жүрген қызым да бар. Бар жағдайымды, өмірімде не болғанын жақсы біледі, түсінеді. Ата-анасымен де танысып кім екенімді айтқанмын. Олар да мені қабылдады, көкірегімнен кері итерген жоқ. Бақытты болғанымызды ғана қалайтынын айтты.

Үйленген соң әйелім мен балаларымды ешқашан ешкімнің қолына қаратпаймын. Өзімнің көргенімді көргізгенше өлгенім артық. Мен нағыз әке болғым келеді», - деген Жарқын ата-аналарды балаларының да болашағын ойлауға шақырады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Жаназа күні ақша беру ҮЛКЕН ҰЯТ!": Түркістандық келіншек ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді


«Енем мен абысыным жұмсай берген соң ажырасып кеттім»: шымкенттік келіншек себебін айтты