«Әр қадамымды аңдып отырады»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Менің жағдайымнан хабардар туыстарым, таныстарым сыртымнан мүсіркей қарайтын сияқты. Ішімдегі шерімді тарқатып айтар құрбым да, жанашырым да жоқ. Сондықтан ERNUR.KZ сайтына хабарласып, басымнан өтіп жатқан жағдайды баяндап, жеңілдегім келді», - дейді түркістандық Айбала есімді келіншек.
Қызғаншақ күйеуінен әбден қорлық көрдім деп шағымданып отырған Айбала әңгімені былай деп бастады:
«Күйеуіммен өмір сүріп жатқаныма 12 жыл болыпты. Екі баламыз бар. Сырт көзге артық әңгімесі жоқ, әп-әдемі отбасы болып көрінгенімізбен, менің өмірімнің кісі қызығарлық ештеңесі жоқ. Себебі сыртқы әлеммен байланысым үзілген, күйеуімнің рұқсатынсыз бір қадам аттап баса алмаймын. Соңғы кезде бар ермегім әлеуметтік желі болды, менімен мұңдас келіншектердің тобына қосылып алғанмын, солармен сұхбаттасып отырамын.
Күйеуімнің мінезін білетіндер менен ат тонын ала қашады, өйткені дау-дамайға ілігіп кетуден қорқады. Ал жолдасым жанжал туғызудың хас шебері. Негізі оның қызғаншақтығы біз үйленбей тұрып білінетін. Ақымақ басым «қызғанғаны мені сүйгендігі» деп ойлаппын. Бұрын оның қызғанышы майдай жағатын.
Әлі есімнен кетпейді, бір күні екеуміз тауға саяхаттап шықтық. Жолай бір қыз бен жігіт қол көтеріп тұр екен, отырғызып алдық. Көрші ауылға шыққан екен, тез түсіп қалды. Ойымда ештеңе жоқ, «жанындағы әйелі ме екен, күйеуі жас көрінетін сияқты» деп едім, бәлеге қалдым. «Демек мен кәрі көрінемін бе? Саған осындай жігіттер ұнай ма?» деп дүрсе қоя берді. Жай ғана пікірім екенін айтып, әбден ақталдым. Ол ашуға булығып, көліктің жылдамдығын асыра айдап, ақыры екеуміз апатқа ұшырадық. Осымен бәрі бітті деп ойлағанмын. Бірақ көрер жарығымыз бар екен. Абырой болғанда еш жеріміз сынбады. Есімнен танып қалған екенмін. Жігітім мені көліктен сүйреп шығарып, өз қателігі үшін кешірім сұраған. Бірақ кейін ұмытып кетті.
Күйеуіммен төртінші курста оқып жүргенде танысқанмын. Университетке өзі апарып, өзі алып қайтатын. Сабақ бітер уақыттан бес минутқа кешіксем, сол күні құлаққа тыныштық жоқ еді.
Тағы бір ретте университет ұйымдастырған кештен сүйреп алып шығып, үстімдегі барлық киімді жыртып, тоқпақтың астына алып, тағы да талып қалғанмын. Сол кезде мұның есі дұрыс емес деп те ойладым. Содан сол арада «Бұлай қызғанатының бар, онда неге үйленіп, қарым-қатынасымызды заңдастырып алмаймыз?» дедім. Ол да осыны күтіп тұрғандай ертеңіне туысқандарымен таныстырып, той қамына кірісіп кетті. Мен ол кезде «үйленген соң басылар, қызғанышын қояр» деген ой болған. Сөйтсем менікі жай арман екен. Күйеуімнің қызғанышы күн өткен сайын өрши түсті.
«Сен енді менің заңды әйелімсің, не айтсам сол болады. Үйде мен еркекпін, айтқанымды бұлжытпай орындауың керек» деп шықты. «Жұмыс істемейсің, оқудың не керегі бар?» деп бітіретін жылы дипломымды алуыма қарсы шықты. Абырой болғанда курстас қыздарым көмектесіп, ата-анам деканмен келісіп жүріп, оқуымды аяқтап алдым. Дипломдық жұмысты қорғауға күйеуім бірге барып, аудиторияның сыртында күтіп тұрды. Онда да үстіме етек-жеңі ұзын, кең көйлек кигізіп, басыма орамал таққызып апарды. Биік өкшелі аяқкиім киюге мүлдем тыйым салынған. Шілтерлі ішкиім, жатарда киетін киім дегенді көрсе жын ұрғандай ашуланып шыға келеді. Ерінді бояуға, лак жағуға да рұқсат жоқ.
Жөн-жозықсыз қызғаныш адамды әбден қор етіп, зықысын шығарып, өмірден түңілдіреді екен. Рас, кейде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар да болды. Бірақ кішкентай балапандарым есіме түссе, бұл ойдан қатты шошып кетемін.
Енем өте жақсы адам. Мүмкіндік болса тәттілер әкеліп, көңілімді аулауға тырысады. «Анда-санда кино көріп отырасың» деп соңғы үлгідегі телефонды да енем сатып әперген. Оны күйеуім білмейді. Ол бар кезде дыбысын өшіріп, тығып қоямын. Ал күйеуімнің көзінше ескісін қолданамын. Жұмыста отырып күніне бірнеше мәрте телефон соғып, балалармен сөйлесіп, тексеріп отырады.
Біздің үйде теледидарды да адам секілді көре алмайсың. Кинодағы әртістерге қадалып қарасаң, бітті. Баяғы әуеніне қайта басады. Кейбіреулер «бұндай еркекке не үшін шыдап жүрсің, ажырас!» дейді. Алайда екі балам әкесіз өмір сүре алмайды, ол жұмыстан келгенше үздігіп, есік-терезеге елеңдеп отырады. Өзім де күйеуімді қимайтын сияқтымын. Мың жерден қызғаншақ болса да тамақтан қысқан емес. Балаларына дауыс көтеріп сөйлемейді.
Бірақ күнделікті ұрыс-керістен әбден шаршадым. Жүйкем жұқарып кеткендей, әлім құрып, денсаулығым нашарлап бара жатыр. Екі баламнан басқа ештеңе қызықтырмайтын сияқты. Ешқандай айыбым болмаса да «күйеуім қызғанып қалмаса екен» деген үреймен өмір сүруден жалыққан болсам керек. Кейде оның осы бір ит мінезіне қарап «өзі көшеде әбден жүргіш қыздарды көріп келіп, мені солармен салыстырады-ау» деп те ойлаймын. Бірақ қолымда нақты дәлелім болмаған соң ештеңе айта алмаймын.
Мүмкіндікті пайдаланып, өзімнен кейінгі қыздарға жігіттің қызғаншағына жоламаңдар дегім келеді. Қызғаншақтық жазылмайтын дерт екен. Сондықтан тұрмысқа шығарда әбден көріп, біліп, мінезіне қанығып алу керек...»