​«Құдалыққа «Ақ тоғыз» апарамыз»: Шымкенттік келіншек тағы бір «жаңалықтың шыққанын» айтып берді

0
8 501

"Мұндай бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де екенбіз"...


​«Құдалыққа «Ақ тоғыз» апарамыз»: Шымкенттік келіншек тағы бір «жаңалықтың шыққанын» айтып берді

сурет инстаграм желісінен алынды

Барыс-келісі мен алыс-берісі көп қазақтың тойының қызығының бірі – кәде, жөн-жоралғы мен салт-дәстүр. Оған келгенде әр өңірдің жөн-жобасы да бөлек, пікірлері де өзгеше.

Бұдан бұрын құдалықта жасалатын «Әруақ тоғыз» туралы айтып берген түркістандық келіншектің әңгімесіне орай түрлі пікірлер келген болатын. Бірі оны мақұлдаса, екіншісі әзілге айналдырып, тағы бір оқырман бос әурешілікке балады.

Ал ERNUR.KZ тілшісіне шымкенттік Гүлайым есімді келіншек хабарласып, осынау тоғыз апару дәстүріне жақсы жаңалық қосылғанын көргенін және соған куә болғанын айтып берді.

- «Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» дейтін емес пе еді? Мен осы бір жаңалықты көріп өзімнің құрдасыма риза болдым. Ұлының құдалығында ақ ниетпен, «арамыздағы ақ пейілдің нышанындай болып тек ағарған жүрсін» деп жаңа бір тоғыз түрін жасаған құрдасымды сол жерде бәрі мақтады. Мұндайды бұрын басқа жерде байқамаған екенмін, - дейді ол.


Гүлайымның айтуынша, олар құрдастарының құдалығына өзге үйреншікті тоғыздардың қатарына бір кәрзеңке толтырып ағарған, яғни, сүт тағамдарының бір қатарын жасап апарған.

- Ол құрдасымыз өзі дәстүрге берік, өте бір қазақи қалыпты сақтаған, өнегелі отбасының отанасы. Қашан көрсең той-жиынға қазақша стильдегі киіммен, ақ жаулықпен барып әрдайым елді сүйсіндіріп жүреді. Оның ұйымдастырған жиындарының барлығында біздің салт-дәстүріміз орнымен жасалады. Білмегенімізді содан сұраймыз.

Жақында үлкен ұлын үйлендірді. Үйлену тойы, «Беташар» рәсімінің барлығында болдық. Барлығын орнымен артық шашылусыз жасаған ол келінінің құдалығына барарда не апара жатқанын көрсетті. Қымбат емес, ысырапсыз шағын ғана жасалған тоғыздарға қарап сүйсіндік. Ешкімге керексіз қоқыс боп қалатын дүниелерден емес, барлығын қолданатын, керекті ұсақ-түйектен жасаған.

Көзіміз бос тұрған аппақ кәрзеңкеге түсті. «Бұған ағарған саламын» дегенде түсінбей қалдық. Сөйтсек, бүгінде кейбіреулерде сәнге айналған «ішімдік тоғыздың» (ондай да бар, арақ-шарап салып апарғандарды да көргенбіз) орнына ол сүттен жасалған өзіміздің қадірлі асымызды салады екен кәрзеңкеге. Бәріміз де сонысына разы болдық, - дейді ол.


Құдалыққа барып, тоғыз көрсету рәсімінде де әлгі құрдастары өзі барлығын жөнімен айтып үлестіріп, соңынан «Ақ тоғызды» ашыпты.

- «Ал енді арамызда тек дәм, тәтті ғана жүрсін. Құдаларымызбен арамызда тек ақ пейіл мен ақ көңіл ғана болсын деп еліміздің ағарғанынан дәм әкелдім, қабыл алыңыздар!» деп үлестіргенде сондағы үлкендер разы болып, баталарын жаудырды. Ағарған толы кәрзеңкеге құрдасым аузы берік жабылған ыдыстарға айран мен сүт, ірімшіктің түрлерінен, сүзбе, құрт, қымыз, шұбат, қымыран салыпты. Сол жерде барлығы дәм татысып, тағы да ақ тілек жаудырдық.

Менің көрген ең бір сүйсінерлік тоғызым осы болды. Бұрын мұндайды көрмеген едік, нағыз халық арасына кеңінен насихатталатын екен. Сондықтан сіздерге хабарласып отырмын, - деді Гүлайым.


Расында жаңаша, мән-мағыналы дәстүрдің заманға сай өзгерген түрі бойынша біршама ізденіп көрдік. Әлі халық арасына танылмаған ба, әлде насихаты кем болар, әлеуметтік желіден ондай жазбаны кездестірмедік. Тек инстаграм желісіндегі мына бір парақшаға ғана назарымыз ауды.

«Бүгін мен сіздермен "Ағарған тоғыздың" дүниеге келуі жөнінде бөлісетін боламын.
Келіндік өмірге аяқ басып, жеңге болып, құдалық тойларға шақыртулар жиілеп тұрған кездердің бірінде қазақтың салт-дәстүрі тоғыздық тартулармен бірге (үй тоғыз, ағайын тоғыз, тәтті тоғыз, нан тоғыз) соңғы кездері алкогольді сусындар арақ-шарап, қымбат виски, шампандардан да тарту жасайтындарды байқадым. Сол кезде маған ой келді, бұл атадан қалған ас емес қой, жақсы дүние емес екендігі бір бөлек әңгіме, неліктен осылардың орнына қымыз-қымыранымыз, құрт-айранымызды тарту етпеске деп...
Араға уақыт салып біз жақ кәде сый беру керек жиынның бірінде мен осы идеям еске түсіп, сүт өнімдерінің барлық түрінен жинақтап осындай бір кереметтей дүниені жасап алып бардым. Әлгі жерде барлық қонақтар тәнті болып, таң қалып, қызығушылық танытып, оларға да жасап беруімді өтініп, сұраныстар тусе бастады. Осылай бұл менің сүйікті ісіме айналып, табыста акеле бастады. Тек қана көрінісімен әдемі ғана емес сапасына да көңіл бөліп таза нағыз ауылдың, табиғи қолдың өнімін ұсынуды жөн көрдімде іздегенімді қымыздың отаны Диханкөл аулынан тауып сенімді түрде сіздерге ұсынып отырмын.

Ал сіз ше, не сыйлар едіңіз, спиртті ішімдіктер ме әлде ұлттық сусындар ма?»,
- деген жарнама ретінде жазылған жазба бар екен.



Мұндай тоғызға Сіздің ойыңыз қандай, қымбатты оқырман?