​«Күйеуім жұмыста болдым деп алдайды»: алматылық келіншек өтірікке тойғанын айтты

0
6 751

Ол "Бұндай еркектерге тұрмысқа шықпаңдар" дейді


​«Күйеуім жұмыста болдым деп алдайды»: алматылық келіншек өтірікке тойғанын айтты

Фото: cdn.mbl.is

Әйелмен салыстырғанда еркектің өмірі әлдеқайда жеңілдеу ғой. Келісесіз бе?

Ол үш мезгіл тамақ пісірмейді, бала тумайды, түнімен бесік тербетпейді, семіріп кеттім деп диета ұстамайды. Ененің, абысын мен қайынәпкенің қас-қабағына қарамайды... Тек жұмыс істеп ақша тапса болды. Оның негізгі және басты міндеті осы. Бірақ осы бір ғана міндетті атқармайтын азаматтар бар екен.

Жалқаулық па, әлде жауапкершіліктің жоқтығы ма? Айтолқын күйеуінің бойында осы екеуі де бар екенін айтады. Ол тұрмысқа шығарда дұрыс таңдау жасамағына өкінеді. Аз уақытта тұрмыстық өмірден қажып кетіпті.



Ол күйеуі туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Жасым отызға жақындағанда тұрмысқа шықтым. Бұл жастағыы қыздарды «кәрі қыз» деп атайды. Неге? Өйткені бұл жаста қыздың ақылы әбден толысып, ол даналықпен таңдау жасайды дейді. Бірақ мен күйеу таңдарда ақымақ болған екенмін. Кейбір құрбыларым сияқты «Баспанасы болуы керек», «Көліксіз жүрген жігітке жоламаймын», «Қалада тұруы қажет» деген критерийлер болмады менде. Мен үшін түрі ғана маңызды болды.

Келбетті жігіт жолықты. Әпкеме бір көргеннен ұнамады. Ол «Сөзі тым әдемі ғой. Мұндайлардың ісі әдемі болмайды. Құр сөз бұныкі» деді. Ал жездем «Адамның не аузы, не қолы қимылдайды. Екеуі бірдей қимылдайтындар аз. Сөзі көп қой» деп, әпкемді қостады. Мен бәрібір сол жігітке тұрмысқа шықтым.

«О-о, күйеуі әдемі екен» деген сөзді естісем өзімді бақытты сезінем деп ойласам керек. Әйтпесе, түрі онша емес болса да барлық жағдайы жасалған, табыскер, еңбекқор жігіттер жолыққан. Ал мен ешнәрсесі болмаса да келбетті жігітті таңдадым.

Түрі ғана емес, сөзі де әдемі жігіттің көбісі өтірік сөйлейтінін қайдан білейін?! Екі жылда мен оның өтірігіне тойдым. «Тойған» адам шаршайды да екен. Отбасын сақтау үшін, әйелдің бақытты өмірі үшін күйеудің келбеті қажет те емес екен ғой.

Қазір күйеуімнің әдемі түріне қарағым да келмейді. Өйткені оның өтірік сөйлейтіні, отбасының жауапкершілігін ұялмастан менің нәзік мойныма жүктеп қойғаны жеккөрініш тудырып жатыр.

Екі жыл болды, ол әлі тұрақты жұмысқа орналаспады. Оның мамандығы – экономист. Бірақ ол бұл сала туралы ешнәрсе білмейтін сияқты. Егер білімі болса, жұмыс табар еді ғой.

Үйленген соң ол жұмысқа тұруға асықпады. Оның атынан резюме дайындап, бірнеше мекеменің электронды поштасына жолдадым. Екі мекемеден шақыру келді, ал күйеуім әйтеуір сол кезде ауырып қалды, бара алмады. Содан соң «Жақын маңдағы мекемелерге барып қабылдау бөлімінен жұмыс сұрасайшы» деп талай рет айттым. Киіндіріп, үйден қуғандай боп шығарамын. Ал ол сол кеткеннен кешке бір-ақ келеді. Мен жақсы жаңалық күтем одан, ал ол жұмыс таппағанын айтады.

Күнде миын ашыта бергенімнен соң ол бір күні жұмыс тапты. Күнде таңертең үйден шығып кетеді, кешке келеді. Жұмыстан шаршап келді ғой деп, дәмді тамағымды алдына тосып, жағдайын жасап зыр жүгірем. Бірақ арада екі ай өтті, ол жалақы алмады. Екі ай сынақтан өтіпті. Келесі айда сынақтан өтпегенін айтып келді. Жұмыс та, жалақы да жоқ.

Осылай бір жыл өте шықты. Мен балабақшада әдіскер боп жұмыс істеймін. Жалақым аз, бірақ жұмысым көп. Ерте кетіп, кеш келем. Шаршағанымды, пәтерақыны төлеп, азық-түлік сатып алып жатқанымды міндет етпеймін. Бірақ күйеуімнің үйде жатқанын көріп жүйкем қозады.

Бір күні отырып сөйлестім. Байқағаным, жұмыс істегісі келмейді. «Менің де жұмыс істегім келмейді, бірақ күн көру керек қой. Одан бөлек баспана алуға ақша жинау қажет. Мамандығы бойынша жұмыс табылмаса, қарапайым жұмыстарды-ақ істей берсейші» дедім. Ол келіскендей болды.

Ертеңіне инстаграмнан жұмыс іздедік. Көп жұмыс табылды. Бірақ күйеуім «Жалақысы аз ғой» деп, ол жұмыстарға бармады. Жалықысы 160 мың теңгелік жиһаз салонынан жұмыс шықты. Күйеуім «Ауыр жиһаздарды көтеру оңай дейсің бе?» деп өзіме ұрысты. «Жиһаз құрастырып, оны көтеріп жүре бермейсің ғой. Компьютерде жиһаздың нобайын сызуды үйреніп ал, сонда жылы жерде отырасың» деп те айттым.

Бопты деп үйден шығып кетті. Сол жерге жұмысқа орналасты. Аз болса да жалақы алып жүрді. Қуандым.

Бірақ жақында оның осы уақытқа дейін ешқандай жұмыс істемегенін білдім. Таныс-білістер қарызын сұрап қоңырау шала бастады. Күйеуім ай сайын әркімнен қарыз алып, оны маған «жалақым» деп әкеп беріп жүріпті. Ал өзі таныстарының, достарының үйінде кешке дейін ұйықтап қайтады екен.

Бұдан да «Жұмыс істегім келмейді» деп шынын айтса болады ғой. Сонда ешкімге қарыз болмас едік. Мүмкін ажырасар едік. Ал қазір менің аяғым ауыр. Не ажырасарымды, не өтірікші күйеумен ары қарай бірге тұруды білмей дал боп отырмын. Еркектің жалқау болғанынан артық бақытсыздық жоқ екен әйел үшін. Екі жыл отбасылық өмірде осыны ұқтым»


Ұқсас оқиғалар:


«Үш сағаттық тойды жасау үшін 3 жылға КРЕДИТ алдым»: түркістандық ана өз ісіне өкінетінін айтты

«Әр босанған сайын күйеуім басқамен кездеседі»: жас келіншек ерінің бұл қылығын түсіне алмай жүр