​«Күйеуімді 8 жылға қаматып жібердім»: алматылық әйел өз тағдырын әңгімелеп берді

0
2 080

«Пешенеме жазылған тағдыр осы екен» деп талай әйел азап шегіп жүр»


​«Күйеуімді 8 жылға қаматып жібердім»: алматылық әйел өз тағдырын әңгімелеп берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әдемі киінген, алтынға малынған, көздері күлім қағып, ойнақшып тұратын мені жұрт анадан осылай туған деп ойлайды. Ал менің бұған дейін не көргенім, қалай өліп-тірілгенімді екі балапаным мен бауырларымнан басқа ешкім көрген жоқ», - дейді Жайсаң есімді алматылық әйел.


Ешкімге ұқсамайтын тағдырын оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бәленің бәрі – махаббаттан. Қуаныш та, қайғы да сүю мен күюден басталады екен. Сенгенің, сүйгенің жақсы адам боп шықса – бағың, жаман болса – сорың. Менің сүйгенім өзіме сор боп жабысты.


Ернат екеуміз студенттік шақтан жүріп, үйлендік. Ауылдың қарапайым қызымын, студент болып қаланың бетін көргенім енді, кім жақсы сөйлесе соған еріп кете беретін аңқау болғам. Ернат мені солай тұзағына түсірді. Қыз бен жігіт боп жүргенде «менің мынадай идеям бар, бұйырса бір ағамнан ақша күтіп отырмын, сразу бастап кетем де, табысқа бата қалам» деп неше түрлі әңгімені айтқанда өзімді болашақ миллионердің әйеліндей сезініп қалушы едім. Сөйтсем ол қызыл сөз бен құрғақ уәденің шебері боп шықты ғой.


Екеуміз жақындасып, аяғым ауырлағанын білгенде үйленуге бел будық. Ол мені алып қашты. Бірақ келін боп түскен жерім мені аса жақтырмады. Әсіресе шешесі «мен балама подружкамның қызын әперем деп жүрген едім, сен қайдан сап ете қалдың» деп қарсы алған. Басында жылы шырай танытпағасын, кейін жақсы тұрып кетем деу бекер екен. Енем екеуміз жиі ұрысып қала беруші едік. Ақырында бізді үйінен қуып шықты.


Қалаға келіп, нағашы әпкемнің үйін паналадық. Өзімнің аяғым ауыр, түске дейін оқуға барам, түстен кейін компьютерлік қызмет кеңсесінде жұмыс істейм. «Мен жұмыс іздеп жүрімін, братандармен келіссөздер жүргізіп жатырмын» деп күйеуім күнде өтірігін сапырып, кеш бата үйге келеді. Басында имандай сеніп жүргем. Үш айдан кейін бір тиын таппайтын, жатыпішер жалқау екенін түсіндім де, әпкемнің алдында ұятқа қалмайын деп бөлек пәтерге шығып кеттім. Сол ауданнан ремонты жоқ, бір орыстың жаман пәтері табылған, бағасы да қалта көтерерліктей екен. Соған көшіп алдық.


Сөйтіп жүріп ұлымды дүниеге әкелдім. Үйде жейтін ас жоқ, баламды құшақтап әпкеме қыдырып барғандай боп тамақ жеп қайтушы едім. Барған сайын жездеме «бажаңызға ыңғайлы жұмыс қарастырып көріңізші» деп жалынып жүрдім. Обалы не керек, жездем күйеуімді құрылысқа кіргізіп берді. «Мен құрылыста істейтін адаммын ба, осы маған лайық па?» деп бұрқылдап әрең барып келуші еді...


Итшелеп жүріп екі баланы өмірге әкелдім. Бұрынғы мен сүйген Ернаттан жұрнақ та қалмаған. Ішіп келіп миымды жейді, там-тұмдап әрең жинаған ыдыстарымды сындырып, мені көшедегі көлденең көк аттыдан қызғанып ұратынды шығарды. Ақырында заңды түрде ажырастық. Оған да нағашы әпкем ықпал етті.

«Гүлдей жастығыңды осыған қор қылмашы. Байыңнан не рахат, не пайда көріп отырсың? Мойныңа масыл боп мініп алды ғой» деп ақыл қосты. Шынында да не ақша, не балаларына беріп жатқан тәрбиесі жоқ еркекті асырау маған оңай емес екен. Ақыры ажырасып тындық. «Балаларымды анда-санда көріп тұруға рұқсат ет» деп қоймаған. Сонымен айына бір-екі мәрте келіп, балаларын көріп кетіп жүрді.


Бір күні жұмыстан келгем, үйде қатқан нандар жиналып қалған екен, әпкемнің ұлын үйге шақырып, итіне алып кетуін өтіндім. Жиенім үйге келіп, екеуміз шай ішіп отыр едік, үйге Ернат кіріп келді. Кішкене ішіп алған екен, жиенімнің көзінше маған тиісіп, әбден мазамды алды. Жиенім жас бала ғой, «мен қайтайын» деп, нандарды алып, шығып кетті.


Ол кете сала күйеуім мені жуынатын бөлмеге сүйреп кірді де, есікті ішінен кілттеп алып қылқындыра бастасын. «Сен кіммен жүріп жүрсің, кеше сені бөтен еркекпен көрдім» деп екі көзі қанталап мені бетімнен ұра бастады. Қашып шығуға әрекеттеніп едім, шашымнан сүйреп тұрғызып алды да, кафельденген қабырғаға басымды соға берді... ары қарай есімде ештеңе жоқ. Есімді жисам бет-аузым қан-қан, жанымда екі балапаным жылап отыр. «Тәтелеріңе звондап айт» деуге ғана шамам келді.


Сөйтсем жиенім үйіне бара сала әпкеме мән-жайды айтқан екен. Әпкем менен хабар алайын деп үйге келгенде балаларым қорқып, есікті ашпай қойыпты. «Ұйықтап қалған шығар» деген оймен үйіне қайтып кеткен беті екен. Жағдайды естігесін дереу «жедел жәрдем» шақырып, мені аман алып қалды.


Басымнан алған соққының кесірінен жеті ай аяққа тұра алмай, төсекке таңылып қалдым. Қызғаныштан өлімші етіп сабап тастаған Ернат мені залға сүйреп апарып тастапты да, айналадағы қанды жуып, «ешкімге звондамаңдар, есікті ашпаңдар» деп балаларын қорқытып, қашып кетіпті. Әпкем Ернаттың үстінен арыз жазып, сот 8 жылға қамады. Қазір түрмеде, жазасын өтеп жатыр.


Жеті ай жүре алмай жатқанда көп ойландым. Өліп кетсем екі баламның ешкімге керексіз боп қалатынын, мені Құдай солар үшін аман қалдырғанын сезіндім. Сөйтіп бойымды тіктеп, әпкемнің көмегімен сауда істей бастадым. Шүкір, саудада береке бар екен, бойым тіктеліп, үш жылда қомданып шыға келдік. Бұған қазіргі азаматымның да көмегі көп тиді. Ол да кәсіпкер, базарда сауда істейді. Ең бастысы, балаларыма қамқор, мені сыйлайды.


Өз өмірімді жария еткендегі айтпағым, біздің елде таяққа шыдап, күйедің езгісіне көніп жүрген қаншама әйел бар. Әлеуметтік желілерден сондайлардың кесірінен көз жұмған, мүгедек боп қалған әйелдердің өмірін көп оқимын. Құрметті қыздар, күйеудің тоқпағына шыдап, «менің пешенеме осындай тағдыр жазылған екен» деп төше бермеу керек. Қиындықтан құтылудың жолы да, кілті де өздеріңде. Әр әйел бақытты болуға лайық...»