​«Күйеуімді қарындасынан қызғанатын болдым»: шымкенттік келіншек отбасын сақтап қалғысы келеді

0
4 763

«Ол үйге балалары үшін келіп жүргенін айтты»


​«Күйеуімді қарындасынан қызғанатын болдым»: шымкенттік келіншек отбасын сақтап қалғысы келеді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қызғаныш деген жазылуы қиын дерт екен. Бұл бәленің маған қалай жабысқанын білмеймін, айналамдағы адамдардың бәрі менен безіп жатыр. Басқасын былай қойғанда, өз сіңлілерім араласпай кетті», - дейді Эльмира есімді келіншек.


Декреттік демалыста, екі баланың тәрбиесімен отырған оқырманымыз ERNUR.KZ оқырмандарынан көмек сұрап отыр.


«Ерасыл екеуміз қыз бен жігіт боп жүрген кезде оны көп іздеп, әуреленбейтінмін. Өз-өзіме сенімді қыз едім. «Қыз бірінші боп иілмеуі тиіс» деген ұстанымда болғам. Бірақ тұрмысқа шыққан соң, сол сенімнің қайда қалғанын білмеймін.


Қазір біздің екі баламыз бар. Үйленген алғашқы жылдары жап-жақсы едік. Ол мен дегенде ішкен асын жерге қоятын. Екеуміздің де жұмысымыз бар, ата-енем бір бөлмелі пәтер әперген. Күйеуім ішпейді, мінезі жайлы. Бірақ менің ішіме бір шайтан кіріп алған. Жоқ жерден ұрыс шығарып, күйеуімді мезі етіп жібердім. Мұнымды өзім білемін, дұрыс еместігін де түсінемін, бірақ ашуымды ауыздықтай алмай қаламын.


Бәленің бәрі декреттік демалысқа шыққаннан басталды. Күйеуім үйренген уақыттан жарты сағатқа кешіксе бітті, жүрегім қаттырақ соғып, телефонына тыныштық бермеймін. Әуелгіде бірден жаман ойлап, аман-есен келуін тілейтінмін. Кейін көзіме оның әлдекіммен қыдырып, кафелетіп жүргені елестейтін болды. Басқаның бәрі менен артықтай, күйеуім біреуге кетіп қалардай үрейде жүретін әдет тауып алдым.


Бірде қайынатамның қарындасы ұлын үйлендіріп, тойға бардық. Жап-жақсы отырғанбыз, «мен қазір келемін» деп күйеуім сыртқа шығып кетті. Арада он минуттай уақыт өтті, келем деген күйеудің төбесі көрінбеді. Звондасам телефоны менің сөмкемде екен, тыпыршып кеттім. Сыртқа шығып, склад бар ма, әжетхана бар ма, іздемеген жерім жоқ, туыстар «жаңа ғана осында жүрген» деп құтылды.

Енді не істеймін деп санам санға бөлініп тұрған, бір кезде Ерасыл жанына ұзын бойлы, сыланып, сықиып киініп алған бір қызбен ыржалаңдап көліктен түсіп келе жатыр. «Сен-ақ әйтеуір бір қатынды тауып алады екенсің,мынауың кім?» деп айқайлап жібердім. Қыз да түсінбейді, күйеуім қап-қара боп түтігіп кеткен. «Есің дұрыс па, қайдағы қатын, бұл менің қарындасым ғой» деп жұлқылап жатыр.

«Әй, Эльмира, не оттап тұрсың, менің қызым бұл. Түркияда оқиды, танымасаң танысып ал, әуежайдан күтіп ал деп мен жұмсадым. Көзіңді шел басқан ба, дүйім жұрттың көзінше ініме шапылдап...» деп әпкеміз жекіп тастады. Сол жердегі жай-күйімді айтып жеткізе алмаймын, әпкенің алдында жер болдым. Күйеуім тойхананың сыртына сүйреп шығарды да, «Есің дұрыс па, сенің мына тірлігіңнен әбден шаршадым» деп әбден ұрысты. «Тойханаға қай бетімізбен кіреміз, кеттік үйге» деп мені сүйреп көлікке отырғызды да, үйге қайтып кеттік. Бірақ бұл жағдай да маған сабақ бола алмады.


Обалы не керек, күйеуім менің әр қадамымды аңдымайды, құрбыларыммен кездесуге де оп-оңай жібере салады. «Жақсы демалып қайт» деп қалтама сұраған ақшамды салып береді. Ал мен ондай емеспін, ұйқыға кетті-ау дегенде шифонердегі киімдерін иіскеп, қалталарын ақтарамын. Сосын телефонын бір тексеріп шығамын. Онсыз ұйқы жоқ, күнделікті тірлігіме айналды. Болмайтын бір нәрсе тауып алсам, тіпті мен танымайтын әйел адамның аты ұялы телефонында кездессе, көңіл-күйімді өзім бұзып, қараптан қарап тиісетін нәрсе іздей бастаймын. «Анар» деп жазып қойған нөмірге хабарлассам, онысы бірге қызмет істейтін үлкен әйел боп шығып, тағы да ұятқа қалдым. «Сен мен қарабет қылып біттің» деп күйеуім талай мәрте қол көтерді. Сонда да қайтпаймын.


Қайбір күні үйге әкемнің інісінің қызы келген, Астанада оқитын. Демалысқа шығыпты. Ол байғұс мені, жиендерін іздеп келген ғой. Ерасыл «балдыз келді» деп «Ладушкиден» неше түрлі тәттілерді көтере келіпті. Екеуі дастархан басында футболды сөз етіп, шүйіркелесіп кетті. Сіңлімнің бұрын-соңды оғаш қылықтарын естіген жоқпын. Ол туралы жаман ойлаудың өзі ұят негізі. Бірақ ішімдегі жылан тыныш таппайды. Менен гөрі сонымен әңгімесі жарасып отырғанына ашуым келді. Сіңлім ертеңіне де біздің үйде қалғысы келген, «Бүгін үйде ешкім болмайды, ата-енемізге кетеміз» деп үйден мәдениетті түрде қуып шықтым. Кеткесін тағы да ұрыс, сөзбен қажау... «Сен енді түзелмейсің, сенікі қызғаныш деген ауру» деп күйеуім есікті тарс жауып кетіп қалды.


Содан бері күйеуімде ешқандай реакция жоқ, күлмейді де, ашуланбайды да. Оған менің бар-жоғым бәрібір сияқты. Жұмыстан кеш қайтатынын ескертпейтін болды. Звондасам тұтқаны көтермейді. Бұл жағдайдан жарылардай боп мен жүрмін.


«Өзгеремін» деп өз-өзіме сөз беріп, инстаграмнан психологтардың подкастарын көріп, кеше күйеуіме еркелеп, жанына жақындағым келген. «Баршы ары, шаршап тұрмын» деп бетімді қайтарып тастады. Тәп-тәуір күйеуімнен айырылып қалған сияқтымын. «Мен мына үйге екі бала үшін келемін» деді. Тағы біраз бұлай жүрсек, ажырасып тынарымыз анық. Мен өз қателігімді кеш түсіндім, күйеуімнің өшкен сезімін оята алам ба? Қандай кеңес бересіздер?»