«Күйеуіме ауырмайтын әйел керек»: шымкенттік келіншек қалай күйзеліске түскенін айтты

0
3 261

​Ал інім мен шешеме тек ақша қажет. Маған жаны ашымайды...


«Күйеуіме ауырмайтын әйел керек»: шымкенттік келіншек қалай күйзеліске түскенін айтты

(Фото ашық дереккөзден алынды)

«Суицид жасаған әйелдер туралы естігенде, өзімнің де үш жыл бұрын өмірден түңілгенім есіме түседі. Сол кезде мен өзіме қол жұмсамақшы да болған едім», - деп бастады әңгімесін Зейне есімді келіншек.


Шымкенттік келіншек не жағдай оны өмірден баз кешуге итермелегенін, ал не нәрсе оны жаман ойдан қайтарғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:


«Тоғыз жасымда әкем бізді тастап кетті. 6 жасар інім және анам үшеуміз қалдық. Негізі әке-шешемнің ажырасуына ақша себеп болған. Әрине, әкем жұмыс істейтін, ақша да табатын. Бірақ анам қанағат етпейтін еді.

Мен әкеме ренжімеймін, оны түсінем. Анам оған адам ретінде қарамады. Ал «әмиян» және робот сияқты қарым-қатынас жасаған әйелмен тұру өте қиын. Әйелмен ғана емес, ондай адамдармен өмір сүру қажытып жібереді.

Менің де басымнан осы жағдай өтті. Тұрмысқа шыққаннан соң отбасылық өмірдің қиындығын бастан кешірдім. Арасына бір жыл салып, бір ұл мен қызды өмірге әкелдім. Осы кезде күйеуімнің тарапынан да, анамнан да ешқандай қолдау болмады, жылы сөз естімедім. Керісінше, анам апта сайын қоңырау шалып үйіне шақырып алатын. Үйін тазалатқызады, базарға жұмсап азық-түлік алдыртады. Ал тепсе темір үзетін ініме ешнәрсе істетпейді.

«Тиме оған, шаршады, демалсын» дейді. Тіпті кейін анам «Інің жұмыссыз, сен қыз бізге жаның ашымайды. Бір ай болды ет жемегенімізге» деп ұрсатын. Одан қалса «Ініңе қалың етік әпер, сырт киім әпер» деп қоңырау шала береді. Мен балаға қарап, жұмыссыз үйде отырған адаммын ғой. Өзім ақша таппаған соң, күйеуімнен қалай сұраймын? Бұл жағы анамды қызықтырмайды.

Сұраған ақшасын тауып бермесем, әр апта барып үйін тазаламасам, әкем тастап кеткенде бізді қалай асырағанын айтады, жалғыздықпен өткен өміріне лағнет айтады. «Сенің күйеуің бар ғой, ал мен ше сендерді жалғыз өсірдім» деп жылайды. «Күйеуің тастап кетсе көрер едім, сол кезде мені түсінерсің» дейді. Қай ана перзентіне өз басынан өткен қиындықты тілейді? Оның ащы сөздерін есту мүмкін емес. Сондықтан да қолымнан келгенше сұрағанын апарып беруге тырыстым.

Сотқалдай боп үйде жататын ініме ұрыссам пәлеге қалам. Анам оны жақтап, «Өз балаңа ұрсасың» деп шығады. Мен екі баламды балабақшаға, мектепке апарамын, әкелем. Одан қалса, анамның үйінің тірлігін істеймін, оларға азық-түлік тасимын. Күйеуімнің кешкі асы дайын тұруы керек. Осының бәріне үлгермейді ғой, шаршайды деуді білмейді анам. Осылай бірнеше жылым өтті.

Азық-түлікке, балалардың киіміне күйеуім ақшаны есептеп, артық бермейтінін анама түсіндіре алмай-ақ қойдым. Амал жоқ, «Ауырып жүрмін, емделуім керек» деп ақша сұрайтын болдым. Дәріге, емге деп алдап алған ақшаға анам мен інімнің тоңазытқышын толтырып кетем.

Бір ай миым тыншып қалады. Одан соң анам тағы да мәселелерін айтып шағымдана бастайды. Амал жоқ күйеуден ақша сұрау керек. Енді ол «Қандай ауру? Қай жерің ауырып жатыр?» деп тәптіштеп сұрайтын болды. «Жатырымда өсінді ет бар екен. Қынап мойны қабынған. Миома» деп, әдейі әйелге ғана тән ауруларды айтамын. Еркек адам бұндай аурулардың атауын естігенде, ары қарай сұрамайды, ақшаны қолға ұстата салады.

Бірақ күйеуімнен ақша сұраған сайын «Неге ауыра бересің? Жазылмайтын қандай ауру?» деп біраз сөйлейді. Кейде үйге қонақ боп келген қайнымның, досының көзінше де «Әйелің ауру болса да жаман екен. Үйленерде тексертіп ал» дегенін естіп қалам. Сап-сау әйелге бұндай сөзді есту ауыр. Бірақ өзіме ат қойып берген өзім кінәлімін.

Бірде анам мен ініме ақшаны апарып бердім де, «Күйеуімнен енді ақша сұрай алмаймын. Сіздер де менен сұрай бермеңіздер. Балаңыз жұмыс істесін, ақша тапсын» деп жыларман болдым. Бірақ анам да, інім де менің бұл сөзімнен қорытынды шығармады. Шаршадым.

Екі отбасының ортасында шапқылап жүруден, екі үйдің шаруасын істеуден емес, олардың сөзінен шаршадым. Күйеуім ақша берерде ұрысса, анам ақшаны аларда «Неге аз? Осы-ақ па?» деп сөйлейді.

Бір күні шынымен де ауырып қалдым. Басым мең-зең болып, төсектен тұра алмай қалдым. Осы кезде анам мен інімнің ғана емес, күйеуімнің де маған түк те жаны ашымайтынына, мені робот сияқты көретініне анық көзім жетті. Анам інімнің туған күніне достары келетінін айтып, «Үйді кеп тазала. Үш салат жаса. Азық-түліктерді ала кел» дейді.

«Мама, көзім қарауытып, әрең отырмын. Жүре алмаймын» деп түсіндіріп айтсам, «Кетанов дәрісінің бірнешеуін ішіп ал да, ініңнің қонақтарын күтіп ал, содан соң ауыра бер» деді. Жоқ, мен бара алмадым.

Бірінші рет анамның айтқанын орындамадым. Жер-жебіріме жетіп ұрысса да, бармадым. Сол күні кешкі асты да пісірмедім. Күйеуім үйге келгенде ыстық тамағы дайын тұрмаса, ашуланады. Ол ауырып жатырмын дегенімді тыңдағысы келмеді. «Қаншама ақшаны дәрі-дәрмекке жұмсадың, әлі ем қонбады ма? Бір жылдан асты ғой, емделіп жүргеніңе. Жазылмайтын ауру болса оны айт» деді қаһарына мініп. «Иә, жазылмайды» дедім қырсығып.

«Маған ауру әйел керек емес. Кет! Тоқал алам» деді. Ашумен айтқан шығар, бірақ ауырып жатқанда мен одан жылы сөз күтіп едім. «Мейлі, бір күн тапсырыспен тамақ алдыра салайын» десе немесе «Бүгін жұмыртқа қуырып жей саламыз» десе де болады ғой.

Есікті тарс жауып сыртқа шығып кетті. Ауруым жаныма батып жыладым. Күйеуімнің де, анамның да маған жаны ашымайтынына жыладым. Күйеуіме мен тек жұмыс істеу үшін ғана керекпін. Жалғыз бауырым мен анама тек ақшам қажет.

Өзім ауырып жатқанда да анам мен күйеуім жан-жағымнан әр түрлі сөз айтты, ұрысты. Осы кезде мен өзіме қол жұмсамақ болдым. Ешкімге керексіз, қадірі жоқ заттай сезіндім. Өлгім келді.

Түн ортасында бәрі ұйықтап қалғанда қораға қарай бет алдым. Ойым асылып өлу. Бірақ соңымнан шыққан қызымның «мама, мені құшақтап жатшы, қорқынышты түс көрдім» деген сөзі мені тоқтатты...

Несін айтайын, бір-екі ай тыныштық қажет болды. Күйеуіме айттым. Ол «Келмей-ақ қойсаң да болады» деді. Қайда, кімнің үйіне барасың деп сұрамады.

Бір құрбымның қала шетінде саяжайы бар. Бос тұрған соң ол кілтін берген. "Қалағаныңша тұра бер" деді. Телефон нөмірімді ауыстырдым. Екі айда менсіз де анам мен інімнің өмір сүре алатынын түсіндім. Екеуінің де денсаулығы жақсы, он екі мүшесі сау. Күйеуім де менсіз әдемі, бақытты өмір сүретіні белгілі. Бірақ ұлым мен қызымның әлі қанаты қатаймаған, мен соларға керекпін. Сондықтан денсаулығымды ойлауым керек деп шештім.

Содан бері үш жыл уақыт өтті. Жүйкемді тоздырып өлтіре жаздаған анам мен інім ренжісе де араласпаймын. Күйеуіме де бармадым. Жұмысқа орналасып, екі баламды асырап, өмір сүріп жатырмын. Әрине, қиындық көп, бірақ миым, жаным тыныш. Тыныштықтан асқан бақыт жоқ екен ғой...»



Ұқсас оқиғалар:


«Ата-енем АҚША СҰРАЙ БЕРДІ»: алматылық келіншек ұрыс-керістің қайдан шыққанын айтты


«Абысыным баласын алып қойды»: түркістандық келіншек неге кетіп қалғанын айтып берді