​«Күйеуімнен пәк күйімде ажырасып кеттім»: талдықорғандық бойжеткен басынан өткен оқиғасын баяндап берді

0
1 960

«Маған қолының ұшын да тигізген жоқ...»


​«Күйеуімнен пәк күйімде ажырасып кеттім»: талдықорғандық бойжеткен басынан өткен оқиғасын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өзегімді өртейтін, өкіндіретін тағдырыма налимын. Өмірден түңіліп, торығатын кездерім де көп болғаны жасырын емес. Қазір Аллаға тәубе, есімді жиып келемін. Уақыт - емші, бірақ өткеннен қалған жара бәрібір жүректе қалады екен», - дейді Зарина есімді талдықорғандық қыз.


Оқиғаның қалай болғанын кейіпкердің өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Мектепті бітіргеннен соң оқуға түсе алмадым. Ақылы оқуды ата-анамның қалтасы көтермеді. Өзімнен үлкен ағам бар, ол да жұмыс істемейді, екі рет үйленіп, екеуімен де ажырасып кеткен. Жастайымнан жетіспеушілікті көріп өскен соң ба, әлде ауылымызда тек бір рудың адамдары тұрған соң ба, әйтеуір қыз болып жігітпен жүріп, сүйісіп көрмеппін. Тұрмысқа шығуды да ойламаппын. Бар ойым оқуға түсіп, жақсы қызметке орналасып, жағдайымызды жақсарту еді.


Бірақ анам менің тұрмысқа шыққанымды қатты қалады. «Қыз мұраты – кету. Жас кезде теңіңді тауып, көзіміздің тірісінде тойыңды көрейік, жиенді болайық» деп отырған жерінде айта беретін. Тіпті сол қарқынмен маған күйеу де тауып берді. Көрші ауылға тойға барып, сол тойға келген құдашамен әңгімелесіп, ұлына қыз іздеп жүргенін естіпті. Дереу екеуі сол жерде телефон алмасып, құда болуға уағдаласып келіпті.


Не керек, мен анамның айтуымен Асан деген жігіттің қалыңдығы болдым. Қарапайым жанұядан шыққан, жуас мінезді жігіт екен. Ағайындарымыз да ол отбасын мақтады. Бір айдан соң мен көрші ауылға Асанның үйіне келін болып түстім. Анасы өте жақсы жан екен. Үш әпкесі бар. Дүркіретіп той жасады. Ата-анам құдалыққа келіп, азын-аулақ жасауымды беріп кетті.


Асан – реңді, көп сөйлемейтін, ұзын бойлы азамат. Іштей ұнаттым. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болса деп жақсы келін, берекелі әйел болуға мойынұсындым.


Той өткен алғашқы күні некеміз қиылды. Бірақ төсекте басымыз қосылмады. Тойдан соң өзім де шаршап, ұйықтап қалыппын. Келесі күні тағы солай болды. Күйеуім жұмыстармен кетеді, кешке келеді. Ашылып көп сөйлеспейді. Енем асты-үстіме түсіп әлек. Сонымен біраз уақыт өтті. Некелескен екі жардың көк көрпелерінің бүлкілі сезілетін емес. Әйел емеспін бе тұрмысқа шыққан қыздар сияқты менің де алғашқы түнді бастан өткізгім келеді. Күндіз үй шаруаларымен жүріп, арасында алғашқы түнімізді ойлап қоямын. Ойласам буын-буыным босап, жүрегім елжіреп кетеді. Осылайша бір ай өтті.

«Ұят болар» деп өз ойымды ашық айтқан емеспін. Кешке келген күйеуім төсекке қисая сала, қорылға басады. Мені иіскеп, ешқашан еркектік мейірім танытқан емес. Өзім ақырын қолымды созып, денесіне тигізе беремін де, өзімнен өзім ұялып, қолымды тартып қаламын. Тек еркек иісіне мас болып, соған қанағаттанып, ұйқыға кетемін.


Осылайша екінші ай өтті. Күйеуім енемнің айтуымен мені төркініме апарып келді. Көп сөйлеспейміз, тіпті Асан маған әйел заты деп те қарамайтын сияқты. Ата-анам мәз. Көңілдеріне кірбің түсірмейін деп ештеме білдірмедім. Тек жеңгелерім «Сен түк өзгермегенсің, тұрмысқа шыққан қыздар өңденіп, еркеше бір нұрға бөленуші еді, алғашқы неке түндерің қалай өтті?» деп сұрап еді, «бәрі жақсы» деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап бере салдым.


Асан төркінімнен келген күні үйге қонбады. Ауылдардан тері жинап, қалаға өткізетін еді. «Жұмыспен кеттім» деген. Сол кеткеннен үш күн үйге келмеді. Төртінші күні келіп, тағы да бұрынғы әдетіне басып, ұйықтап қалды. Осылайша тағы бір апта өтті. Жеңгелерімнің сөзі ойыма орала береді. Түскі асқа келген көрші әжей енеме «Жақында немерелі болатын шығарсың» деп айтып қалды.. Ол сөзді естіген менің мүлдем көңілім түсті.


Сол күні түнде Асан келіп, баяғы әдетіне басып, төсекке жата қалып еді. Мен бар күшімді жинадым да «Асан, сен мені қорлау үшін алдың ба? Осындай өмір қашанға дейін созылады, әлде мен саған ұнамаймын ба? Әлде денсаулығыңда кінәрат бар ма?» дедім. Көзім жасқа толып, үнсіз тұрмын. Өксік өзегімді өртеп барады.


«Сені алған мен емес. Осы өмірді біліп, өз аяғыңмен келдің ғой. Менің тіпті үйленетін ойым да болған емес. Анам мені тыңдамаған, көріңдер енді зорлап үйлендірудің қалай екенін. Айттырып алған деген баяғы заманда қалған, білесің бе? Кетемін десең, мен сені ұстамаймын. Саған айтар ақылым - есің барда еліңді тап! Менің сүйетін сүйіктім бар! Түнімен-күнімен қайда жүреді дейсің, әрине сол сүйіктімнің қасында!» деп бар шындықты жайып салды.


Мен үнсіз отырып қалдым. Далаға шығып таң атқанға дейін бақшада отырып армансыз жыладым. Өзімнің қор болған жастығыма налыдым. Анама іштей өкпеледім. Бірақ ол кісі қайдан білсін, ойлағаны жақсылық қой, қай ана іштен шыққан балапанына жамандық ойласын. Асылып өлгім де келді. Бірақ өзіңе қол салу оңай емес екен. Миымда шым-шытырық ойлар. Ақыры қайраттанып бір шешімге келдім, «өз үйіме кетемін, ажырасамын, мұндай отбасылық өмір қажет емес» деп шештім.


Таң атты. Көзім домбығып ісіп кеткен. Бөлмеме келіп, киімдерімді салып, енемнің оянғанын күттім. Асан да ұйқыда. Енем тұрған соң бар шындықты айттым. Енем өкіріп жылап, үйді басына көшірді. Ұлына небір сөздер айтып жатыр. Асан үнсіз далаға шығып кетті. Менің райымның қайтпайтынын байқаған енем, ақ батасын беріп шығарып салды, кешірім де сұрады.


Сөйтсем Асан екі жылдан бері көрші ауылда тұратын жас жесір әйелмен әуейі екен. Ол әйелдің Асанның басын айналдырғаны соншалықты, ол тіпті ел сөзін елемей, анасын, әпкелерін тыңдамай, апталап сол келіншектің қасында болатын көрінеді. Екеуі ерлі-зайыптылардай өмір сүретін сияқты. Бүкіл ауыл Асанның ол әйелге ғашық екенін білетін сияқты, тек мен және ата-анам хабарсыз болған екен.


Бізді біліп қойып «айнып кете ме» деген оймен асығыс тойды жасаудың да себебі сол сияқты. Енем өзінше жақсы қыз тауып үйлендірсем, балалы-шағалы болар, жесір келіншекті ұмытар деп ойласа керек. Сорлы ана қайтсін, баласын ойлап, менің апама «қызыңды бер» деген көрінеді. Асанның анасының жақсы адам екенін білетіндіктен менің шешем де «жақсы ұяға барса бағы жанар» деп, мені көндірген сияқты. Осылайша мен тұрмысқа шығып, пәк күйімде ажырастым...»