​«Күйеуімнің қарызын көңілдесім төлеп жүр»: алматылық келіншек құмар ойынын «кіріп» кеткен күйеуі жайлы айтып берді

0
3 133

«Өліп кетсе обалына қалам ба деп қорқамын»


​«Күйеуімнің қарызын көңілдесім төлеп жүр»: алматылық келіншек құмар ойынын «кіріп» кеткен күйеуі жайлы айтып берді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Сүйіп қосылған күйеуім сеніміме селкеу түсірді. Ол тірнектеп жиған дүниенің бәрін казиноға барып, жоқ қылды», - дейді алматылық Жадыра есімді келіншек.


Күйеуі қазір айықпас дертке шалдығыпты. Сонда да лас тірлігін жалғастырып жүр екен. Отбасындағы жағдайды Жадыра ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Алматыдағы көшелердің бірінде такси ұстап тұрғанмын. Бір көлік келіп тоқтады. Әдеміше келген сыпайы жігіт мені барар жеріме дейін жеткізіп тастады. Жолай екеуміз танысып, телефон алмастық. Кейін бірнеше мәрте кездесіп жүріп, ақырында үйленіп тындық. Үйленген алғашқы жылдары бір-бірімізге деген сезіміміз ешқашан сөнбейтіндей көрінетін. Толассыз жазылатын хабарламалар, күн сайын гүл шоғы, жұмыстан күтіп алу, киноға бару...


Өз сыңарымды адаспай таптым деп күн бақыттан басым айналып жүргенмін. Құдай бізді баладан да қысқан жоқ, көп ұзамай қызды болдық. Күйеуімнің тұрақты жұмысы бар, қала сыртында кішігірім мал шаруашылығы бар. Табысымыз бір басымызға жетіп артылатын.


Арада үш жыл өткенде күйеуімнің табысы азая бастады. Бұрынғыдай ақша жоқ. Мінез-құлқында да өзгеріс барын байқадым. Үйге келеді де жатып ұйықтайды. Дұрыстап тамақ ішкенін көрмеймін.

Оның сырын біле алмай жүргенімде телефоныма бір кісі хабарласты. «Күйеуің маған қарыз, екі ай бұрын берем деген. Өзі телефонын көтермей жүр. Менің сәлемдемемді жеткіз, әйтпесе өзіне қиын болады» деп тұтқаны тастай салды. Аса көп ақша емес екен, дәл сол күні айлығымды алып едім, барымды оның шотына аудара салдым.


Бірақ сол мезеттен бастап қоңыраулар көбейе бастады. Анаған он мың, мынаған қырық мың беремін деп, үйде ақша тұрмайтын болды. Серік малының бәрін сатып тауысыпты. Менің астымдағы көлікті де сатып жібергенін білдім. Бір апта бұрын жөндетемін деп әкеткен, содан бері «СТО-да» деген болатын.


Серікпен сөйлестім ақыры. «Мен казино деген қораға кіріп кеттім. Біраз адамдарға қарыз болып қалдым. Қоямын. Уәде беремін. Қарыздардан құтылсам бітті. Енді жоламаймын» деп уәде бердіү Жылап, алдымда жалынып, кешірім сұрады. Бірақ уәдесінде тұра алмады. Құмар ойын ақыры оның түбіне жетті. Бір күні басымыздағы баспанамызды тіккен екен. Ақыры екі бөлмелі пәтерімізді босатып беруге тура келді.


Алты айдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Екі көлігіміз, пәтеріміз, мал-жайымыз бәрі кетті, тып-типыл, жұрдаймыз. Басына салғанға адам көндігеді екен. Бұл жағдайға да үйрендік.


Серікте талма ауру пайда болды. «Қатты күйзелістен, жүйкесі сыр бергеннен адамның сырқаттары асқынады» деді дәрігерлер. «Жүре пайда болған эпилепсия» деген диагноз қойылды. Басында аптасына бір құлайтын. «Ойбай, мен кетіп барамын» деп айтып үлгереді де, аяқ-қолы тартылып, аузынан ақ көбігі ағып, жерде домалап жатады. Оның мұндай дәрменсіз күйде болғанын көру мен үшін азаптың азабы. Талмасы аяқталғанша есім шығып кете жаздайды. Апармаған дәрігер, бармаған емші қалмады. Тек дәрінің күшімен ғана талмасын сиретуге болады екен. Соған сүйеніп келеміз.


Күйеуім нағыз жалқаудың өзі болды. Не тұрақты жұмысы жоқ, тауып жатқан ақшасы жоқ. Үйде тұрған ұсақ-түйек ақшаларды ұрлап, ойын автоматтарына барып жүр. Жақында бір адамнан елу мың теңге қарыз болып қалыпты. «Жадыра, жаным, ант етемін, осы соңғы рет, қарызымды жауып берші. Енді жоласам қолым сынсын!» деп алдыма жығылды. Оның мұндай уәделеріне әбден тойып кеткем ғой, жынды адам сияқты тырқылдап күліп алдым.


Соңғы уақытта күйеуіме деген сыйластықтың, құрметтің ізі де қалмағандай. Не тірлікте, не төсекте жарытпайтын адамға қалай жүрегің жібісін? Жұмыста бөлім бастығы болып істейтін үйленбеген бір жігіт бар еді. «Сені ұнатамын. Кездесіп тұрайықшы» деп қыр соңымнан қалмай жүрген. Бір күні сонымен кешкі ас ішуге барып, ақыры екеуміз кездесе бастадық.


Қазір менің лауазымым өскен. Айлығым да көбейді. Әріптес жігітім күйеуімнің біраз қарызын өтеуге өз қалтасынан ақша да берді. Ол менің жағдайымды беске біледі. «Құмар ойынына бір кірген адамның одан бас тартуы мүмкін емес. Күйеуіңді қашанғы сүйреп, қарызын жауып жүресің? Маған тұрмысқа шық. Қызыңды өгейсітпеймін» деп қоймай жүр.


Анам да маған жаны ашып «Екі жыл құтқаруға тырыстың, көмектескің келді, енді өзіңе қарасаңшы, әбден бақытсыз қылды сені, балаға обал, таста оны» ақыл айтып келеді. Бірақ күйеуімнің денсаулығын ойласам, қызыма қарасам, шегінерге жол жоқ сияқты. Алда жалда жалғыз қалып, талмасы ұстап, өліп кетсе обалына қалам ба деп қорқамын. Бірақ мені ойлап жатқан кім бар? Күйеуіме біз ашпыз ба, тоқпыз ба, бәрібір сияқты. Мені сүлікше сорп келеді.


Шынымды айтсам, әбден шатасып кеттім. Не істесем болады? Кеңес беріңіздерші...»