«Күйеуіңе алғашқы жігітің туралы айтпау керек екен»: жас келіншек қызғаншақ күйеуінің қылықтарын жайып салды

0
1 769

«Оның бұл мінезі емделмейтін ауру ма деп ойлаймын»


«Күйеуіңе алғашқы жігітің туралы айтпау керек екен»: жас келіншек қызғаншақ күйеуінің қылықтарын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Жалпы, адам бір нәрсені үздіксіз мақтай берсе, онда уақыт өте сен де сол нәрсеге басқаша көзбен қарайсың. Сол сияқты, соңғы уақытта күйеуім менің алғашқы махаббатым жайлы аузы тынбай айта береді. Қит етсе «Сен Кереметті ойлап жүрсің бе?» деп жазықсыз жазғырып жүр. Соңғы уақытты шынымен де алғашқы махаббатымды жиі ойлайтын болыппын», - дейді Толқын есімді келіншек.
Күйеуінің себепсіз қызғануынан мезі болған Толқын болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Алғашқы махаббатына қосылып, сезімге деген адалдығын сақтап қалған жандар кемде-кем шығар. Көбіне алғашқы махаббат тәтті естелік болып санамызда сақталады. Менде де солай. Мектепте оқып жүргенде Керемет деген жігітке ғашық болдым. Ол да мені ұнататын. Екі жыл қыз бен жігіт болып кездесіп жүрдік. Мектеп бітірген соң мен қалаға оқуға түстім де, ал Керемет қаржылық жағдайға байланысты оқуға түсе алмай, ауылда қалып қойды.
Студенттік өмір көзқарасымды, таным-түсінігімді өзгертіп жіберді. Қала мен ауылдың екі бөлек әлем екенін түсіндім. Қалада тұрғым келді. Қаланың жігіттерімен көңіл жарастырғым келді. Кереметпен болған қарым-қатынасты балалық махаббат деп қабылдадым да, онымен арамыз алшақтай берді. Кереметке еш себебін түсіндірген жоқпын, тек онымен сөйлеспей қойдым.
Сөйтіп жүргенде, Досжан деген жігітпен таныстым. Досжанды алғаш көргеннен-ақ ұнаттым. Оның да маған көңілі түскенін сездім. Көп ұзамай-ақ ол сезімін білдірді. Қалалық жігіт пайда болған соң Кереметке бар шындықты айтып, ешқандай ренішсіз, айқай-шусыз екі жаққа кеттік. «Бақытты бол!» деп бір-ақ ауыз сөзбен қоштасты.
Қазіргі күйеуім Досжанмен екі жылдан соң үйлендік. Қыз-жгіт болып жүргенде қатты ренжісіп көрген емеспіз. Шаңырақ құрған соң да солай болар деп сенгем. Өйткені біз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Ешқашан бір-бірімізге қиянат жасамауға, ащы болса да шындықты айтуға серт бердік. Сондықтан ол меннен «бұрын жігітпен жүрдің бе?» деп сұрағанда, Керемет жайлы бәрін жасырмай айттым. Жасыратындай да ештеңе жоқ болатын. Себебі біз қыз жігіт болып сүйіскеннен артық ештеңеге барған емеспіз. Ал Досжан бұрын қызбен жүрмегенін, мен оның алғашқы махаббаты екенімді айтты.
Бірақ үйленген соң көп ұзамай жатып Досжан Керемет туралы түртпектеп сұрай беретінді шығарды. Бір күні түнде төсекте әңгімелесіп жатқанбыз. Күйеуім тағы да алғашқы жігітім туралы сұрай бастады. Бір кезде «Кереметпен осылай жаттың ба?» деп қойып қалды. Ызадан булығып сөйлей алмай қалдым. Жылап жібердім. «Кешір. Мен жай ойнап сұрадым» деп ақталған болды. Бірақ сол сөз жүрегіме тікен болып қадалып, қалып қойды.

Арада біршама уақыт өткен соң бәрі ұмытылып, қалпына келе бастаған еді. Бұрынғыша, қалжыңдасып, ойнап-күліп жүрдік. Менің көңілімнің жайланғанын сезді ме, жоқ ішіндегі шайтаны тағы түртті ме Досжан Кереметті айтуын қайта бастады.
Кешкі асты әзірлеп жатқам. Күйеуім ақырын кіріп, артымнан құшақтап алды. Үйде ата-енем бар еді, солардан ыңғайсызданып, «Қойшы» деп сытылып шықпақ болдым. Ол болса тағы да «Керемет сені осылай құшақтаушы ма еді?» деп сөзбен түйреп алды. Көзімнен ыстық жас ыршып түсті. Кеудесінен итеріп жібердім. Ол кешірім сұрар деп ойлағам, қайдағы... Керісінше әңгімені ушықтырып, үдете түсті. Жоқ жерден әжептеуір ұрыстық.
Күйеуім өзінің сөзбен мені жаралап жатқанын түсінбеді. Қит етсе сөзге Кереметті қосуын қоймады. «Кереметті ойлап тұрсың ба?», «Кереметті сағындың ба?», «Кереметтің құшағын аңсап жүрсің бе?…» деген сұрақтар үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Үстел басында да, төсекте де, тыста да Керемет арамызға тұрып алды.
Әзірге перзентіміз жоқ. Үйленгенімізге үш жылдан асып барады. Басында дәрігерлерге көрініп, ертерек ана атанудың қамына кіріскем. Күйеуімнің әлгіндей сұрақтары жүйкеме тие бастағалы бері балалы болуды да ысырып қоя салдым. Себебі отбасылық өмірімде сенімнен гөрі күдік басым болып кетті. Өткенде Досжан «Сен қатын бала тумай жүрсің, бәлкім сүйікті жігітіңнен бала тапқың келіп жүрген шығар?» дегенде жарылып кете жаздадым.
Досжан үнемі «Керемет, Керемет» дей берген соң ба, соңғы уақытта алғашқы махаббатым жайлы жайлы жиі ойлайтын болдым. Оны оймен өз күйеуіммен салыстырамын да, ешқандай мін таппаймын. Оның өресі, парасат-пайымы күйеуімнен әлдеқайда биік көрінетін сияқты.
Сыныптас қыздардан естігенім, Керемет бір рет үйленіп, ажырасып кетіпті. Бір жылдан бері бойдақ боп жүр екен. «Сол бала сені ұмыта алмай жүр-ау, бізден сен туралы сұрап тұрады» деп құрбылар сөзбен қағытып алды.

Осы әңгімеден кейін Керемет туралы тіпті көп ойлайтын болып алдым. Бір сылтау тауып, Кереметпен хабарласып көрсем бе екен? Кейде «балалы болсам күйеуімнің мінезі өзгерер ме екен» деп те ойлаймын. Бірақ оған сенімім аз, қызғаншақтық емделмейтін ауру сияқты. Бір ойым «күйеуіңмен ажырас» дейді. Ол асығыс шешім болып жүрмей ме? Қандай кеңес бересіздер?»