«Қыздарым қоңырау шалмайды»: түркістандық қарт қателігін айтты

0
2 905

​Қызы бар әкелер оқуы керек.


«Қыздарым қоңырау шалмайды»: түркістандық қарт қателігін айтты

фото: media.them.us

«Қыздарымның мейірімсіздігі менің бұрын қандай әке болғанымды ұқтырып жатыр», - деп бастады түркістандық Арслан есімді қария.

Ол кәрілік жасқа жеткенде ғана қыздарының кішкентай кезінде жанын талай рет жаралағанын түсініп жатыр екен. Олардың психологиясына ғана емес, өміріне де зиянын тигізгенін жас кезде білмегенін айтты. Қазір сол өзі берген тәрбиенің «жемісін» көріп отыр.



Әкелерге ой салатын оқиғасын ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бәрі кеш, айтқан сөздерімді қайтара алмаймын. Менің сөздерімнен қыздарымның өздерін өзгеден кем санап өскендеріне де менің кешірім сұрағаным көмектеспейді енді. Бірақ мен басқа әкелердің қателік жасауына тосқауыл бола аламын. Қателігім басқаларға сабақ болса екен.

Алты қызым бар. Ұл жоқ. Бір кем дүние ғой, біреуде қыз жоқ, біреуде ұл жоқ. Ал біреуде мүлде перзент жоқ. Баласыз адамдардың қасында мен әлдеқайда бақытты екенмін. Алайда бұны да кеш түсіндім. Өмірімді ұрыс-керіспен, мұңаюмен, өзімді өзгемен салыстырумен өткізіп алғаныма өкінем.

Өмір бойы ұл баланы аңсадым. Құдайдың бермегенін тартып ала алмайтынымды білсем де, қапаландым. Әйелімнің жанын жараладым, шаңырағымның шырқын бұздым.

Әйелімді кінәлап, қыздарымды да ұл боп тумағаны үшін тұқырта беретінмін. Одан не ұттым десеңізші. Ештеңе!

Сыныптастарымның менің көзімше әдейі айтқан «Еркектен еркек туады» деген сөзіне ашуым келетін. Ашуымды әйелімнен, қыздарымнан алам. Қыздарым еркелеп қасыма кеп отырса, «Көзіме көрінбеші», «Әкетші қызыңды» деп айқайлайтынмын. Иә, «қызың» дейтінмін, ешқашан «қызым» демеппін. Қазір олар да мені «әкем» демейді.

Қыздарыма мейірленбедім. Үнемі «Осы қызым ұл болғанда ғой, бокс үйірмесіне ертіп барар едім», «Түу, сен неге ұл бала боп тумадың?» дейтінмін қыздарыма. Бұл сөздер оларға қаншалықты ауыр тигенін енді ғана түсініп жатырмын.

Ал ішімде қызуым болса «Бір ұл туып бере алмадың, тоқал алам» деп әйелімнің жүйкесін жұқартатынмын. Қыздарым «Тоқал» дегенді естігенді анасын тастап кететіндей еңіреп жылайтын еді.

Марқұм әйелім «Қыз ба, ұл ма, бастысы перзентіңіз бар ғой. Шүкір деңіз, қаншама адам бір перзентке зар боп жүр. Ал сіздің алты перзентіңіз бар. Әлі осы қыздарыңыздың ұл балаларын көресіз» деп мені ақылға шақыратын еді. Қыздан туған бала бәрібір бөтен болатынын айтып, тағы да ренжітетінмін.

Менің бақытты болғанымды қалап, тіпті әйелім тоқал алуға да рұқсатын берген. Алайда тоқалды қамтамасыз ету, оның жағдайын жасау үшін өзіңнің де жағдайың болу керек қой. Ал менің не жоғары білімім жоқ, не тәуір жұмысым жоқ. Алты қызымның нан-суын әрең тауып беріп жүрген адаммын. Кім маған тоқал болады? Жағдайым болып тұрса, алар ма едім, кім білсін?!

Несін айтайын, мен қыздарыма мейірімімді төге алмадым. Оларға тым қатал болдым. Ата-анасынан толық мейір-махаббат алып өспеген бала жалтақ, ынжық болады деуші еді. Рас екен, қыздарым өзіне сенімсіз, томаға-тұйық боп өсті. Жұртпен араласып кете алмайды. Өздерін қатарластарынан кем санап тұратынын көп байқаймын. Бұның бәрі де бала кезден адамның өзін төмен санап өскенімен байланысты екен. Әйтеуір «кәрі қыз» боп қалып кетпей, теңдерін тапқанына қуанам.

Әйелімнің қайтпас сапарға аттанғанына екі жыл уақыт болды. Екі жылдың ішінде жалғыздықтан жынды боп кете жаздадым. Ал қыздарым анасының жылдық асынан соң ат іздерін салмады. Қоңырау да соқпайды.

Інімнің үйленбей, кәрі бойдақ боп қалып кеткен бір ұлы ешкімнің үйіне сыймай жүруші еді. Соны үйге кіргізіп, бірге тұрып жатырмыз. «Ұлым жоқ» деуші едім, міне құдай осылай мені ұлды еткен сияқты. Расында да, мен інімнің сол баласын өз ұлымдай көрем қазір. Бірақ бәрібір өз қанымнан жаралған қыздарымның орны ерекше. Ал қыздарым мені іздемейді. Әйтпесе, бәріміз бір облыста тұрамыз. Олар өте суық. Әрине кімге ренжиін, «Қызым» деп ешқашан еміренбеген өзім ғана кінәлімін. Қазір олар да «Әкемнің жағдайы қалай екен?» деп ойламайды.

Екінші ініме қарап қызығам. Қашан көрсем де ол қыдырып жүреді. «Үлкен қызым шипажайға жолдама алып берді», Екінші қызым жайнамаз бен Құран кітап сыйлады, енді намаз оқып үйренуім керек», «Қыздарымның үйінен келдім. Мынау кенже қызымның баласы» деп отырғаны. Кейде үйге келгенде телефонына смс келеді, сонда інім «Қызым ғой, телефоныма бірлік салып жіберді» деп мақтанады. Әрине, мақтанатынындай-ақ бар.

Жақында сол інім 65 жасқа толды. Үш қызы бірігіп көлік сатып әперді. Інім негізі тың, өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді, көзі де жақсы көреді. Осы уақытқа дейін ескі жигулиінен түскен емес. Әлі де талай жыл көлік жүргізуге қауқары жетеді.

Інімнің екі ұлы да бар. Әрине олардың да жақсылығын көріп отыр ғой. Бірақ ол қыздарын көбірек мақтайды. Өйткені қыз бала жанашыр келеді. Әйтсе де, ата-ана олар кішкентай кезде неғұрлым мейірімін төксе, қартайғанда перзент те соғұрлым мейірімді, жанашыр болатын көрінеді. Бұлай дейтінім, менің қыздарым тіпті туған күніммен де құттықтамайды. Мейлі, құттықтамай-ақ қойсын, тек «Әке, қалай жағдайыңыз?» деген бір ауыз сөзді айтып қоңырау шалса жетеді...»

Сөзін соңын айта алмай қария кемсеңдеп жылап қалды. Ал оқырман, сіз ше, қарт ата-анаңызға соңғы рет қашан қоңырау соқтыңыз?



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім сүндеттелмеген»: мұсылмандыққа бет бұрған келіншек не істерін білмей жүр

«Атам мен енем ұялмайды»: алматылық келіншек түнімен ұйықтай алмай шығатынын айтып шағымданды