​«Қызым 16 жасында ана атанды»: шымкенттік келіншек өзінің ауыр тағдырын айтып берді

0
2 865

«Ағам есі дұрыс емес жігітке күйеуге берді...»


​«Қызым 16 жасында ана атанды»: шымкенттік келіншек өзінің ауыр тағдырын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Кейде біздің қолда бар нәрсеге қанағат етпей, налитынымыз бар. Зәулім сарайларда тұрсақ, қымбат көлік мінсек деп армандаймыз. Бірақ арамызда біздегі бар дүниеге қызығып, күнін әзер көріп жүрген жандар барын ұмытып кетеміз. Сондай жандардың бірі – Жәмилә.


Бүгінде жертөлені паналап жүрген ол мұндай күйге қалай тап болды? Басынан өткен оқиғаны Жәмиләнің өзі ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Мен тоқалдан туған қызбын. Әкеміздің бұрынғы әйелінен үш ұл, бір қыз болған. Ал біз екінші әйелден үш қызбыз. Мен үйдің үлкенімін. Обалы не керек, әкеміз барда ел қатарлы өмір сүрдік. Әйтеуір біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей, ішерге асымыз, киерге киіміміз, басымызда баспанамыз болды. Бірақ мен 3-ші сыныпты бітірер жылы ол кісі өмірден өтті де, біздің басымызға бұлт үйірілді. Бәйбішеден туған балалар біз тұрып жатқан үйге таласып, үйді тартып алды. Біз нағашыларымыздың қолында тұруға мәжбүр болдық. Алтыншы сыныпты бітірген соң менің одан әрі оқуға мүмкіндігім болмады. Анам марқұм аурушаң болатын, соған қолғабыс етейін деп, жастайымнан еңбекке араластым. Қандай жұмыс кездеседі, соны істей беретінмін.


Көп өтпей анамыз да өмірден өтті. Содан кейін мен біз тұрған үйге көшіп алған ағамның үйіне (бәйбішеден туған бала) барып тұрдым. «Ит те болса қанымыз бір ғой, панасына алар, сіңлілеріме жәрдемдесер» деген ой болды менде. Сөйткен ағам күндердің күнінде мені ауылдағы есі кіресілі-шығасылы бір жігітке әйелдікке беріп жіберді. Бала кезімнен әлгі жігіттен зәре-құтым қалмай қорқатынмын. Бірақ амал жоқ, артыңда сөзіңді сөйлер ешкім болмағасын, әумесердің әйелі болып шыға келдім. Яғни тағдырдың басыма салғанына көндім. Балалы болса ауруынан айығар деп ойладым. Дегенмен бәрі мен ойлағандай болмады. Күн сайын жынды күйеудің таяғын жеп, әбден қорлық көре берген соң Таразға, туыс әпкемнің үйіне қашып кетуге мәжбүр болдым. Сонда жүргенімді жынды күйеуімнің қайтыс болғанын естідім. Ол кезде аяғым ауыр еді, уайымнан мерзімінен бұрын босанып қалдым.


Қызым жеті айлық болып туылды. Не алған білімім жоқ, не баспанам жоқ, амалсыз Шымкентке келіп, бәйбішеден туған әпкеме көмек сұрап бардым. Ол кезде жасым небәрі он алтыда еді. Әпкем «Қызыңды маған бер, өзім бағып, асыраймын. Ал сен күніңді көріп, аяғыңнан нық тұруға әрекет жаса» деп шығарып салды. Мен сол күні Қырғы базарға барып, жүк тасушы болып жұмыс істедім. Жеміс-жидек, көкөніс сататын апайлардың жәшіктерін тасып беретінмін. Сөйтіп жүргенде арба айдайтын бір жігітпен сөзіміз жарасып, екеуміз бас қостық. Бірақ ол да нашар адам болып шықты.


Ауылда, енеміздің қолында, яғни қарашаңырақта тұрдық. Дүниеге тағы бір перзент әкелдім. Бар мәселе осы кезден басталды. «Мына қатын ұл туып берді, яғни қарашаңыраққа ие болмақ түрі бар» деп ойлаған қайынағам күн сайын келіп, «мына үй менікі, кетіңдер» деп айқай шығарып кететін. Бір күні ішіп, көшеде келе жатқанда біреулер соққыға жығып, аяусыз сабап кетіпті. Сол жерде тіл тартпай қайтыс болып кеткен. Оны ұрған адамның кім екенін сол бойы таппадық. Күйеуімнің жеті күндік асы өтер-өтпес енем бізді үйден қуып шықты. Осылайша мен тағы да далада қалдым.


Жетегімде балам бар, амал жоқ, Шымкентке қайта келіп, баяғы жүк тасушы қызметіме қайта кірістім. Балам екеуміз екі айдай базарда түнеп жүрдік. Сөйтіп жүргенде бір жақсы апаймен таныстым. Қалада баласының дүкені бар екен, «Күз де келіп қалды, қашанғы далада қонасың, балаңнан обал ғой. Менің баламның дүкенінің жертөлесі бар, сол жерді паналаңдар» деп, ертіп апарды.


Тұратын баспанам бар ғой, енді қызымды қолыма алайын, бірлесіп күн көрейік, табыс табайық» деп әпкемнің үйіне барсам, қызымның қарны шермиіп тұр. Аяғы ауыр. Сөйтсем бәйбішеден туған әпкемнің күйеуі екі жыл бойы қызымды зорлап келіпті. «Біреуге айтсаң өлтіремін» деп қорқытып қойған ғой. Әпкем де ардан безген адам екен, «Қызыңды асырап, бағып, өсіргендегі айтқан рахметі осы. Күйеуіме көз салып, қойнына кіріп отыр. Бәленің бәрі өзіңнің қызыңда. Менің күйеуімнің түк кінәсі жоқ. Егер бұл туралы біреуге арызданып, сотқа берер болсаң, тірі қоймаймын» деп қоқан-лоққы жасады.


Маған араша түсер кім бар дейсіз? Тіреп тұрған төркінім жоқ, сөзімді сөйлер қайынжұрт жоқ, амалсыз басымызға түскен тағдырға көндігіп қала бердік. Қызым дәл өзімнің тағдырымды қайталап, он алты жасында ана атанып отыр. Не дұрыстап білім бермеген, құлша жұмсап, қызымды әбден «езіп» тастаған.


Әрине, қызымның мұндай күйге түсуіне ең алдымен өзім кінәлімін. Оны туа сала әпкемнің қолына тастап кетпеуім керек еді. Кезінде жас болдым, ақыл айтар, жөн сілтер, бағыт-бағдар берер ешкім болмады. Нанымды тауып жегеніме мәз болып жүре беріппін. Соның кесірін енді тартып жатырмын.


Қазір өзім көше сыпырушы болып жұмыс істеймін. Қыстыгүні қар күреп, жаяу жүргіншілердің жолын тазалаймыз. Айына 60 мың теңгедей жалақы аламын. Балам биыл мектепке баруы керек. Бірақ құжаттары тура болмай тұр. Туу туралы куәлігінде ЖСН нөмірі жоқ. Оны алу үшін белгілі бір мекен-жайға тіркеуге тұруымыз керек екен.


Осыншалықты күйге түсетіндей Құдайға не жазып едім» деп кейде жүрегім ауырады. Неге өзгелер секілді жарқырап жүре алмаймын деп көз жасыма ерік беретін кездерім көп. Бірақ күйіктен ішімдік ішіп, жеңіл жүріске түскен емеспін. Соным үшін кез келгенінің алдында басымды көтеріп жүре аламын, шүкір.


Менің ендігі бар арманым – баспаналы болу. Таяуда жұмыс істейтін мекемемнен бір жақсы адам «баспана кезегіне қойып беремін, үйлі боласың» деп үміттендіріп қойды. Сол күн ертерек жетсе екен деп армандап отырмын. Жасым отыз беске енді келсе де немерелері болып отырмын. Соған тәуба. Ендігі қызым мен ұлым дұрыс білім алып, менің қателігімді қайталамаса, одан асқан бақыт жоқ.


Өз өмірімнен сыр шерте отырып қыз-келіншектерге бірер кеңес бергім келеді. Менің қателігімді қайталамаңыздар. Қандай жағдай болса да білім алуға талпыныңыздар. Сосын баладан бас тартуға болмайды екен. Аштан өлсең де бауырыңды балаңды бөтенге берме. Не көрсең де бірге көр. Кезінде маған осындай ақыл айтар адам болмады. Десе де басымыздың аман болғанына қуанамын..."