«Қызымды әкесімен табыстырғым келеді»: шымкенттік әйел жан сырымен бөлісті

0
4 491

«Ал күйеуім бізден қашып жүр»


«Қызымды әкесімен табыстырғым келеді»: шымкенттік әйел жан сырымен бөлісті

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

«Әнебір «Менің әкем, менің әкем, ең жақсы адам» деген әнді естіген сайын қызым көз жасына ерік береді. «Мама-ау, осы әнді әкеме арнап айтқым келеді. Бірақ мұндай бақыт неге маған бұйырмады?!» деп арманын айтқанда не деп жұбатарымды білмей кетемін», - дейді Қалдыгүл ханым.

Айтуынша, күйеуі оларды осыдан он жыл бұрын тастап кетіпті. Оның себебін ERNUR.KZ тілшісіне былай деп түсіндірді:

«Бақыт екеуміз бір-бірімізді шын сүйіп, қосылдық. Үлкен әулетке ортаншы келін болып түстім. Енем жастайынан жесір қалған, әбден бейнетпен шыңдалған кісі екен. Мені жылы қабылдады. Өзге келіндерінен ерекше жақсы көретін. «Сенің жайған қамырың жұқа, қағаздай», «Біздің Қалдыгүл кеспені шаштай қылып кеседі» деп мақтап отыратын. Бір сөзбен айтқанда, әулеттің мақтаулы келіні болдым. Бірақ ешқашан адамның төрт құбыласы түгел болмайды екен, біз перзентті бола алмай, біраз қиналдық. Күпірлік қылмайын, Құдай беруін берді, бірақ екі балам да алты-жеті айлығында еш ауырмай-сырқамай шетінеп кете барды. Сосын тағы көтеріп, түсік тастадым. Осындай жағдайлардан кейін үлкендер жағы ақылдаса келе «Жастар жер ауыстырып көрсін, ондай да ырым бар» деп қалаға еншімізді берді.

Көшіп келген жылдары бізде бәрі жақсы болатын. Күйеуім екеуміз жұмысқа кірдік. Мен фабрикада тігінші болдым, ал күйеуім теміржолда істеді. Араға жыл салып аяғым ауырлады. Құдай бізге қыз бұйыртқан екен, ай-күнім жетіп, аман-есен босандым. Сондағы Бақыттың қуанғанын көрсең ғой, перзентхананың алдына келіп жас балаша секірген. Одан қалса перзентханадағы барлық дәрігерге кәмпит таратып, жұртты қарық қылған. Сол сәтте менен бақытты жан жоқтай көрінетін...

Қызымыз үшке толғанда күйеуім қылық шығара бастады. Жұмыстан кеш келеді, «ісспарға жіберді, білімімді жетілдіруім керек» деп Алматыға жиі баратын болды. Басында мән бермейтінмін. Кейін онымен бірге істейтін жігіттердің әйелдері «Күйеуің біреумен жүреді екен, байқашы» деп құлағдар етті. Сөйтсем шынында да пойызда жолсерік болып істейтін біреумен ойнастық жасап жүріпті. Оған дейін бір рет дауыс көтеріп, бір-бірімізге ренжіп көрмеген едік. Мұндай жағдайға қалай жеткенімізді ұға алмай қалдым.


Бақыттың суыт жүрісін естіген енем мен қайынағам «Ауылға көшіріп әкелейік, сонда тынышталар» деп шешті. Алғашқы алты ай жап-жақсы жүрді. Бұрынғы кезімізге оралғандай болғанбыз. Бір күні ұрыспай-таласпай, киімдерін жинады да, қаладағы қатынға тайып тұрды. «Мен кетіп барамын» деп жағдайды түсіндірген де жоқ. Қызымды құшақтап, жылап-еңіреп мен қалдым...
Обалы не керек, қайынжұртым күйеуімді қайтарудың түрлі амалын істеп көрді. Енемнің бармаған балгері жоқ. Бәрі де ауыздарына түкіріп қойғандай «Балаңызға дуа жасалған. Миы айналып қалыпты. Еркі өзінде емес» деп шығарып салады екен. Шыны керек, мен де сол сөзге сендім. Әйтпесе мені өзі сүйіп алды, қызы үшін жанын беретін адам әп-сәтте осылай үйінен безіп кете сала ма?

Әрекеттерінен дым шықпаған соң енем маған «Тіліңнен де, тірлігіңнен де мін таба алмадық. Құдай баламның санасына бермесе қайтейін? Шіріген жұмыртқа болды ғой. Өз қолымды өзім шаба алмай шерменде болып отырмын. Сендерді де қимаймыз. Бірақ, кетем десең өз еркің, басыңды байламаймын» деп батасын берді.


Ол кісілер ауылдағы үйді сатып, үстіне ақша қосып, қаладан екі бөлмелі пәтер әперді. Күйеуімді шын сүйгендіктен, әрі «ат айналып қазығын табар» деген үмітпен қайта тұрмысқа шықпадым. Қазір соған өкінемін. Қызым жалғыз қалды.
Айтайын дегенім, қызым «әкемді бір көрсем, онымен аралассам» деп армандайды. «Өз балаң ғой, тым болмаса телефонмен жағдайын сұрап тұрсаңшы» деп бірнеше мәрте айттым. «Мақұл» дейді де, хабар-ошарсыз кетеді. Біз түгілі туған шешесінен де хабар алмайды екен. Сол баяғы әйелмен тұрады, бірақ балалары жоқ. Осылай бола тұра туған қызынан неге қашатынын түсінбей-ақ қойдым. Екеуін қалай табыстырсам екен деп басым қатып жүр...»

«Әке» деп елжіреп тұрған перзентінің қадіріне жете алмайтын жігерсіз жаннан үміт, қайыр күтуге бола ма?" - деп күйінеді Қалдыгүл...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жалғыз келінім өз үйіме сыйдырмай отыр»: түркістандық әйел басынан өткен аянышты жағдайды баяндап берді


«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін»: алматылық әйел көпшіліктен ақыл сұрайды