​«Қызымның суретін желіге салып, отбасымызды бүкіл елге масқара етті»: қарағандылық ана буллердің құрбаны болғанын айтады

0
1 720

«Қолында қаншама дәлел тұрса да, полиция нақты әрекет жасамай отыр»


​«Қызымның суретін желіге салып, отбасымызды бүкіл елге масқара етті»: қарағандылық ана буллердің құрбаны болғанын айтады
суреттер Жолбике ханымның өз рұқсатымен салынды

Әлеуметтік желі дамығалы бері «буллинг» деген термин пайда болды. Яғни қоғамда әлеуметтік желі арқылы адамның құқығын таптап, ар-намысына тию, қорқыту, бопасалау деген көбейіп келеді. Осындай жағдайлардан соң талай адамның күйзеліске түсіп, тіпті кей жағдайда өз-өзіне қол салғанын естіп жүрміз. Дер кезінде мұны анықтап, кінәлі адамды жауапқа тартпаса, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.


Қарағанды облысына қарасты Бұқаржырау ауданының Ботақара ауылында тұратын Жолбике есімді тұрғыны төрт жылдан бері отбасымнан тыныштық кетті деп шағымданып отыр. Ол Ақтоғай аулылында тұратын Жасұлан деген азаматтың үстінен арыз түсіріп, әулетіміздің атына кір келтіріп отыр дейді. Оқиғаның қалай, неден басталғанын Жолбике Қазмағамбетқызы ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Бұл шабуыл осыдан төрт жыл бұрын басталған. Менің қызым бір қызымен ажырасып келген. Араларында бір қыз бар еді, оны біздің қарауымызға қалдырды да, Теміртауға жұмысқа орналасқан. Сонда жүріп әлеуметтік желі арқылы әлгі Жасұлан деген жігітпен танысқан. Кейін кездесіп, ақырында бір пәтерде тұрып жүрген екен. Шамамен 3-4 ай бірге болды-ау деймін.


Сол уақыттарда менің денсаулығым сыр беріп, Талдықорғанда тұратын бір емшіге барып жүргем. Сонда жүрсем бөтен нөмірден біреу хабарласып «Немереңізді машина қағып кетті, иманы саламат болсын» деп көңіл айтты. Алғашында не дегенін түсінбей, сасқалақтап, қатты уайымдап кеттім. Жанымдағы кісілер сабырға шақырып, «алдымен жақындарыңа хабарласып, мән-жайды біліп алсайшы» деп ақыл айтты. Сөйтсем немерем дін-аман екен. Хабарласқан еркек өтірік айтыпты.


Қарағандыға, ауылыма келсем немеремнің көңіл-күйі жоқ, «апа, бір ағатай маған мамаң мас, көшеде жатыр» деп жазып жіберіпті, енді не істейміз» деп тұр. Сол кезде уайымдай бастадым, мұның тегін еместігін түсініп, қызымды қыспаққа алдым. «Бұл адам кім, оған бізден не керек, бәрін жасырмай айт» деп талап еттім. Сонда барып әлгі адам туралы айтып берді. «Мама, мен онымен қазір кездеспеймін де, бірге тұрмаймын да. Қыр соңымнан қалмай жүр, «менімен бірге болмасаң масқаралаймын» деп қорқытып жүр» деді. Бұл 2019 жылдың аяқ жағы еді.


Сол уақыттан бері бұл адам біздің берекемізді кетірді. Әлеуметтік желіде Ботақара ауылының алты мыңдай тұрғыны тіркелген чат бар. Сол жерге кіріп алған. «Пәленшеева Түгенше интимдік қызмет көрсетеді. Хабарласыңдар» деп қызымның суретімен салып қояды. Одан бөлек басы көрінбейтін неше түрлі тырдай жалаңаш қыздардың суретін, жыныстық қатынасқа түсіп жатқан видеоларды салып, астына қызымның атын жазатын болды. Әлгі нәрселерді көрдің өзі ұят.



Бұл адам қызымның өзін ғана қаралап қойса мейлі ғой, біздің отбасылық суреттерімізді алып, «Бұл отбасы түгелімен алаяқтықпен айналысады, абайлаңдар» деп әлеуметтік желілерге салып жіберіпті. Шынын айтқанда көшеге шығудан қалдық. Елдің аузына қақпақ бола алмайсың, бәрі бізге біртүрлі қарап жүр. Осыған ұқсас бас-аяғы 30-40 жағдай болды, бәрі менде сақтаулы тұр.


Осы жағдай бір емес, бірнеше мәрте қайталана бергесін Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы болып полиция полковнигі Ерлан Файзуллиннің атына, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияровқа да бірнеше мәрте арыз жазып, жылап-еңіреп, жалынып талай мәрте бардым. Қолдарына тіпті әлгі Жасұлан дегеннің жіберген хабарламаларын, фото скриндерді де ұстаттым. Қаншама мәрте шақыртты, әлгі адаммен беттестірді. Бірақ ол істеген ісін мойындамады. «Мен емес» деп күледі. Бірақ қызым «Бізге тыныштық бер» деп хабарласқанда «Сен маған қайта қосылсаң бәрін қоямын. Әйтпесе ешкімге тыныштық жоқ, мен хабарласқанда телефонды көтеретін бол» деген. Ол аудиожазба бізде сақтаулы тұр. Кейіннен бір ықпалды туысымызды араға салып, әлгі адаммен сөйлестірдік. Сонда бұл адам «кешіріңіздер, енді мен ол отбасыға, Пәленшеге тиіспеймін, аулақ жүремін, ешқайда арыз түсірмеңіз» деп сөйлеген. Оны да біз дәлел ретінде полицияға ұсындық. Бірақ нәтиже жоқ. «Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғай алмаймыз, «мотив» жоқ, тінту жұмыстарын жүргіздік, телефоны тап-таза, жауап алдық мойындамайды, басқа ештеңе істей алмаймыз» деп отыр.



Шындығын айтқанда, менің арызым бойынша Арман Оразбаев деген полиция полковнигі ғана жұмыс істеді-ау, қалғандарынан нақты әрекет байқамадым. Міне, бүгінге дейін бұл іс бойынша үш тергеуші ауысты. Күні кеше Арман мырзаға хабарласып, істің барысын сұрасам, басқа қызметке ауысып кетіпті. «Сіздің ісіңізді әріптестерім біледі, ары қарай жалғастырады» деді, болды. Болмағасын «Немолчи.kz» деген ұйымға хабарласып, көмек сұрадым. Олар бізді телеарнадан көрсететін бір хабарламаға шақырған, күйеуім бас тартты. «Жетпіске жақындаған жасымда бүкіл ауылға, ауданға масқара болғанымыз да жетер, енді бүкіл елге түрімізді көрсетіп, проблемамызды жаямыз ба» деп көнбеді.


Біз осы уаққа дейін телефон нөмірімізді ауыстырмадық, себебі банктен несие алғанбыз, оның бәрі қыруар жұмыс боп көрінген. Үш жылдан бері телефонға тыным болмады, біз танымайтын еркектер хабарласып, қызымның атын атап «Бізге бір түн қызмет көрсете аласың ба?», «Алматыға кетіп барамын, менімен бірге жүр, ақысын төлеймін» деп насымызға тиетін. Ақырында болмағасын нөмірімізді ауыстырып, құлағымыз тынышталып қалды. Бірақ әлеуметтік желі арқылы шабуылдау тоқтамай тұр.


Жасым алпыстан асты, денсаулығым да мәз емес. Осы оңбағанның кесірінен инсульт алып, бір өлімнен қалдым. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетпегенде не боларын Құдай білсін...


Бір айтарым, мен оны соттап, түрмеге жауып, кек алуды көздеп отырған жоқпын. Отбасымызды, қызымды ұмытып, мына тірлігін тоқтатса болды. Бізге одан басқа ештеңе керек емес. Қызым қазір бұрынғы күйеуіне қайта қосылған. Кесірі тиіп, аралары суып кетпесін деп тілеп отырмын.


Жалпы, қазіргі жастарға айтарым, әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысу дұрыс емес. Сіз ол адамның кім екенін, қандай екенін білмейсіз. Сондықтан мейлінше абайлау керек. Беті жылтырағанның бәрі жақсы адам емес. Осы жағын ескеріңіздер».


P.S. Материал жазылып жатқанда «Немолчи.kz» ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлама жіберді. "Мен осы оқиғаны өз парақшама салғаннан кейін Қарағанды облыстық полиция департаментінен хабарласып, посты өшіруімді талап етті. Жасұлан деген азамат полицияға "әйеліммен татуластық, қазір бірге тұрып жатырмыз, бірақ мұны қыздың әке-шешесі білмейді" деп жалған ақпарат беріпті. Ол екеуі заңды некеде болмаған. Бір түсінбейтінім, полиция арызданушыларға емес, шабуыл жасаған адамға сеніп отыр" деп пікір білдірді.