​ «Маған ішпейтін құда керек емес!» деді: қайынатасының қылығынан шаршаған келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды

0
2 739

«Құдайдың құтты күні ішіп алады»


​ «Маған ішпейтін құда керек емес!» деді: қайынатасының қылығынан шаршаған келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Жеңгелерім де, әпкелерім де «енемнен гөрі атам жақын, үнемі мені ойлап, сөзімді сөйлеп отырады» дегенде, мен де болашақ қайынатамды көз алдыма елестетіп, әлі көрмеген атамды іштей жақсы көрдім», - дейді Дана есімді жас келін.


Бірақ келін болып түскен жері жас келін ойлағандай болмай шығыпты. Себебін Дананың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуіммен көп жүрген жоқпыз. Бізді ауылдағы көрші жеңге таныстырды. Төркініндегі ағайын ағасының ұлы екен. «Ішпейді, шекпейді, мінезі жуас, малтабар жігіт, танысып көрші» деген соң, сөзін жерге тастамай, кездесіп көрдім. Ерлан шынында да жуас, артық әңгімесі жоқ жігіт екен. Әрі қала шетінде тұрады, үй-жайы, тұрақты жұмысы, көлігі бар. Маған да керегі сол еді, қалаға қатынап жұмыс істеймін деп ойладым. Сондықтан онымен кездесуге келісім бердім. Төрт айдан соң ол маған ұсыныс жасап, өзара келісім бойынша алып қашты.


Ерланның үйі дайындалып отыр екен. Дереу менің төркініме хабаршылар жіберіп, бұл жақ қуғыншыларды қарсы алып, абыр-сабыр болып жатты. Сол кезде бөлмеде отырып байқағаным, қайын атам масайып қалған. «Балам үйленді, осындайда ішпегенде қашан ішем?» деп енемнің «Қойсайшы, аузыңды тый» дегенін тыңдамай, айқайлады. Онысын «қуанғаннан ішкен шығар» деп топшылағам ғой.


Қайдағы, атам құдайдың құтты күні ішеді екен. Беташар өткен алғашқы он күнде тоқтамай ішті. Ақырында үлкен балалары келіп, «Бізді мақұл, жас келіннен ұялмайсыз ба? Доғарыңыз енді» деп ұрысқандай болды. Сонда атамның «Жас келініңнің шешесінің..., ұнамасам кете берсін, мен оған ұнауға міндетті емеспін» деп бақырып, ұрыс шығарып жіберді. Мен жылап қалдым. Өмірімде ешкім маңдайымнан шертіп, қатты сөз айтып көрген емес, ал мына кісі шешеме тіл тигізіп, балағаттап тұр...


Бөлмемізге келгенде күйеуім кешірім сұрады. «Папам негізі жаман адам емес, анда-санда ішетіні бар, ішкенде осылай мінез көрсетеді, онысын көңіліңе алма, артық арам ойы жоқ» деп әкесінің қателігін жуып-шайды. Бірақ атамның ішуі тоқтамады, күнде мас. Кейде оған арақты енемнің өзі береді.


«Апа, неге өйтесіз, атама арақ бергеніңіз не?» деймін ғой, «Ол өмір бойы арақ ішіп келеді, ішпесе өліп қалады. Жұмысы ауыр ғой, күні бойы малға қарайды, жаным ашып кетеді де, сұрағанын беремін, өзім онысына үйреніп қалдым» деп құтылады.


Атамның тілі удай ащы. Бір мәрте менің ата-анам қыдырып келген. Аста-төк дастархан жасадық. Әкемнің асқазаны ауыратын, сол себепті алдына қойған асты онша жемеді. Әрі атамның «кел, ішейік» дегенін қабыл алмады. Сол-ақ екен, «Құда, дүниең болса, өзіңе дүние шығар. Есігіме келіп алып, мені менсіңбей отырсың ба, маған ішпейтін құда керек емес, кете бер» деп үйден қуып шыққандай болды.


...Біздің үйленгенімізге үш жыл болды. Екі балам бар. Енем былтыр ковид ауруынан көз жұмды. Ол кісі барда атамның мінезі онша білінбейтін, себебі енем артынан жуып-шайып, айналып-толғанып отыратын. Апам қайтқалы өмірім тозаққа айналып кеткендей. Атама да апамның жоқтығы қатты білініп жатыр ма, ішуін екі есе үдекен. Күнде мас, кейде тіпті жатқан жеріне жіберіп қоя салады.


Шынымды айтсам, қатты шаршап жүрмін. Үйдің тірлігі, екі баланың тамағы, малды жайғастыру бар, кешке сілем қатып ұйықтап қаламын. Қалаға қатынап жұмыс істеймін деген арманым арман күйі қалған. Қара шаңыраққа келін болу оңай емес екен. Егер атамның мінезі жайлы болса, бәріне шыдауға болар еді. Бірақ оның өзгермесі анық.


Енем өмірден өткенде кішкентайымды енді босанған едім. Әлі қырқымнан шықпаған кезім ғой. Анам «саған қарайласайын, шілдеңнен шығып ал» деп жанымда қалды. Атам анамнан ұялған да жоқ, енемнің қырқы өтпей жатып ішуін бастады. «Құдағиыңыз кетті, мына үй енді қызың екеуіңнің билігіңде қалды» деп ауыр-ауыр сөздерді айтты. «Еншімізді алып кетейікші» деп күйеуіме күнде айтамын. «Мен осы үйдің кенжесімін, қайда кетемін, елден ұят емес пе» деп бетімді қайтарып тастайды.


Тіпті не істерімді білмей отырмын. Сіздер қандай кеңес бересізде, құрметті көпшілік?"


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Он мың долларға «отырғызып» кетті»: шымкенттік келіншек жан сырын жайып салды


«Балаларым әкесінен безіп отыр»: күйеуінен қорлық көрген әйел қызғаншақ жігітке жоламауға кеңес берді