​«Намаз оқығанның бәрі әулие емес»: Шымкенттік жігіт ағасы мен жеңгесінің қылығын жайып салды

0
17 368

"Балаларына тәбие бере алмай жүріп..."


​«Намаз оқығанның бәрі әулие емес»: Шымкенттік жігіт ағасы мен жеңгесінің қылығын жайып салды

Шымкенттік жігіттің пікірінше, намаз оқығанның барлығы адал, күнәсіз періште емес.

«Үйіңде анаң мен әкең аш отырса, сенің оқыған намазың кімге керек? Бала-шағаң көшеде тентіреп жүрсе, намазға жығылғаныңнан солар ғайыптан керемет боп кете ме? Одан да табыс тауып, балаларыңа оң тәрбие бергенің артық болады деп санаймын өз басым. Қатем болса, құдайдың өзі кешірсін», - деген ол ERNUR.KZ тілшісіне өзін мазалаған жайтты айтып берді.


Айтуынша, өздері әке-шешеден екі-ақ бауыр. Ата-анасымен бірге тұратын ағасы намазхан қызға үйленген соң мүлде өзгеріп, ата-анасын қараусыз қалдырған.

- Мен көп жылдар бойы Ақтауда жұмыс істедім. Анда-санда келіп кеткенімде көп нәрсені байқамайды екенмін. Өткен жылы пандемияның кесірінен жұмысымыз тоқтап, елге қайтуға тура келді. Міне, содан бері үйде жүріп қалада табылған жұмысты істеп жатырмын.

Ағам мен жеңгемді үлгі етіп, «екеуі де намазхан, иманды жандар» деп кез келген жерде мақтанып айтып жүруші едім. Үйге келгелі жағдайды көіммен көріп қатты көңілім қалды. Одан да көрмегенім дұрыс па еді?

Әке-шешеміз өмір бойы қара жұмыс істеп, зейнетке шыққан жандар. Бірі көше, екіншісі мектептің еденін жуумен-ақ асырап баққан бізді. Бірақ сол кісілердің разылығын ала алмаған соң оқыған намазың кімге керек? Қыстай екеуі кезек-кезек дәу үйдің пешін жағып шығады екен. Қаланың іргесі болған соң әлі газ кірмеген. Одан қалса, есік алдындағы азын-аулақ малға қарау да, жалғыз сиырды сауу да әке-шешемнің міндеті. «Оны істеп жатырсың-ау» деген бала мен келін жоқ, жұмыстары мен бес уақыт намаздары бірінші орында. Әке-шешем кейде шәйларын да өздері қайнатып, асын да өздері істеп ішеді.

Басында уақытша шығар десем, үйде бұл қағида баяғыдан қалыптасыпты. «Үйреніп қалғанбыз» дейді. Бірдеңе десе, «ой, қойыңызшы» деп қол сілтеп, олардың пікірін тыңдағысы да келмейтінін жиі байқадым.


Ағасы мен жеңгесіне ашулы жігіт олардың балаларына да дұрыс қарамайтынын айтып күйінді.

- Алты баласы бар, үлкені мектеп бітіріп жатыр. Қолынан телефонда ойнағаннан басқа ештеңе келмейді десем өз бауырын жамандады дейтін шығар. Бірақ телефоннан басқа қолына ештеңе ұстамаған жігіт ертең қайтіп отбасының тірегі болады? Атасына көмектесіп қолына күрек ұстағанын көрмедім. Одан кейінгі қарындасым да сол, тек телефон. Боянып алып тікелей эфир жасап отырады. Асүйде жуылмаған ыдыс пен бөлмелерінде киім шашылып жатады. Одан кейінгі төртеуі кір-қожалақ боп көшеде ойнап жатады.

Сонда балаларына тәбие бере алмай жүріп намазын қаза қылмайтын екеуінің иман жолына түскендегі тапқаны осы ма? Әке-шешеге күтім жасамаса, балаға бірдеңе үйретпесе, айналасы лас, жиналмай жатса, сонда ол намаз не үшін?!

Менің түсінігімде намаз оқитын адам ең бірінші алдымен ата-ананы сыйласа, оларды алақанында аяласа керек. Одан кейін айналасы таза болуы керек. Дәрет алу да соған үндейді. Сосын перзенттеріне берген тәрбиең оңды болуы керек. Әке-шешеге діңкілдеп сөйлеу, оларды кір-қожалақ етіп бетімен жіберу, тек телефоннан тәлім алудың да ертең сұрауы болатын шығар?!

Намазхан жандарға сыймен қараушы едім, қазір ойым өзгеріп қалды. Мен де иманды қызға үйленгім келетін, жеңгем сияқты орамалын тастамай, ұзын етекті көйлек киетін. Енді саналы, тәрбиесі бар қыз іздеуге көштім..., - деген жігіт ойын да жайып салды.

«Мен үшін ата-анасын сыйламай намаз оқығандарың тілегі қабыл емес. Өмір сыйлаған, бағып-қаққан жанның разылығын ала алмасаң, Алла да қабыл етпес намазыңды» деп санайды ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жолда ойым бұзылды»: Түркістандық ана келінін өзі алып қашқан


«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: Ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты