«Немерелерімді өлгенше баққым келмейді»: тараздық келіншек енесі туралы айтып берді

0
1 281

"Менің енемдікі дұрыс па?"


«Немерелерімді өлгенше баққым келмейді»: тараздық келіншек енесі туралы айтып берді

(Сурет ашық дереккөзден алынды)

Ата-анамыздан «Зейнетке шыққаннан соң демалармын, қазір жұмыс істеуім керек», «Зейнеткер болған соң қыдырамын алаңсыз» дегенді естиміз. Ал сонымен, олар зейнеткерлікке шықты. Демалып жатыр ма? Қалай?

Қазақ әйелдерінің өмірінің жартысы ұл-қызын өсірумен, ал қалған ғұмыры немерелерін бағумен өтіп жатыр. Бірең-сараңы ғана қарттық шағын әдемі демалысқа арнап жатқан шығар, бірақ көбі келінінің тегін «бала бағушысы» боп отыр.

Тараздық Сафуа есімді келіншек те балаларын қалдырып, өзі жұмысқа шығу үшін ауылдан енесін арнайы шақыртыпты. Алайда енесі екі жылдан соң «Әркім өз баласына қарасын» депті.


Сафуа бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Ауылдың қызымын. Ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Бастапқыда пәтер жалдап тұрдық. Сол кездегі негізгі мақсатымыз – баспана алу болды. Сондықтан да екі-үш жыл декреттік демалыста отырғаным дұрыс болмас деп, жұмысқа шығуға асықтым.

Қара шаңырақта үлкен абысын мен қайнаға тұрады. Абысынымның айтуынша, төрт баласын да енем қарап, өсіріп берген. «Балаларымның қалай өсіп қалғанын да білмей қалдым» деп отыратын абысыныма қызығатынмын. Алматыдағы екі келінінің де балалары балабақшаға барғанша қарауға көмектесіпті. Іштей менің де балаларыма енем қарап береді екен ғой деп ойлағанмын.

Тұңғышым өмірге келді. Енем қырқынан шығарып берді, қасымда болып, сосын ауылға қайтпақшы болды. «Ауылда сіз істейтін шаруа да жоқ қой. Балама қарап беріңізші, мен жұмысқа шығайын» дедім қиылып. «Нянка жалдасайшы» деді енем. Бір-екі жасар бала болса, нянкаға тапсыруға болады, ал үш айлық нәрестені бөтен адамға сеніп тастап кете алмайсың ғой. Енемнен артық бала бағушы жоқ екенін түсініп тұрмын. Енем сазарып, үндемеді. Осы кезде «Нянкаға беретін ақшаны одан да сізге берейік. Қазіргі модельдегі телефон әперейін қаласаңыз» деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым. Енемнің көзі күлімдеп, «Иә, суретке, видеоға түсіретіні бар телефон әперіңдерші. Мынау ескі телефонмен көпшілік ортасында сөйлесуге де ұялады екенсің» деді.

Ертеңіне-ақ күйеуім енеме сенсорлы смартфон сатып әперді. Енем немересін қайта-қайта суретке түсіріп, балаша қуанып жүр. Зерікпесін, ауылға кетіп қалмасын деп, енемді қызықтыру үшін үйге вайфай қостырдық. Күйеуім жұмыстан келген соң анасына ютуб каналынан қалай сериал көруді үйретті. Содан кейін енем қолы қалт етсе телефонын шұқылап, «Интернет деген жақсы нәрсе екен ғой» деп мәз боп отырады. Күндіз немересін сыртқа алып шығып жүріп, көрші апалармен танысып алыпты. Өздерінің вацап группалары да бар. Төрт айдың ішінде енем кәдімгідей өзгерді.

Бір күні ол «Айлығымды бермедіңдер ғой» демесі бар ма? Біз телефон әпердік деп жүрміз. Күйеуім екеуміз бір-бірімізге аңтарыла қарадық. Енем «Жақсы бір спорттық киім алсам деймін. Осы айдан бастап көршілермен гәп ойнайық деп жатырмын» деді. Күйеуім «Зейнетақыңыз бар ғой» дегені сол-ақ енем «Зейнетақым карточкада жата берсін, осы жазда шалым екеуміз шипажайға барамыз» деді.

Таң қалдық. Күйеуімнің айтуынша, енем зейнетке шыққалы Алматыдағы келінінің балаларына қараған, солардың пәтерақысын төлеп отырған. Одан бөлек тұрмыстағы қызына бір жылдай берген екен. Ал бізге келгенде зейнетақысын жианауды, өзіне жұмсауды ойлап қалыпты. Іштей ренжідім, бірақ байқатпадым. Күйеуім «Сол ақшаны нянкаға да береміз ғой» деген соң келістім.

Балам екі жасқа толған соң балабақшаға бердік. Бірақ бәрібір оны апарып, алып келуге біз үлгере алмадық. Сондықтан енемізді ауылға жібермедік.

Әрине, демалыс күндері ауылға барып тұрды. Кейде атам да келіп, апталап қонып кететін. Атам демекші, бірде екеуінің әңгімесіне құлақ түрдім. Енем атама «Өткен айдағы зейнетақыңды да жілікке төледің бе? Болды өздері төлесін. Келін де, ұл да жұмыс істейді ғой. Зейнетақыны мемлекет қарт адамдарға не үшін береді? Емделсін, демалысқа жұмсасын деп төлейді. Банкоматтық карточкаңды әкел бері. Біз де шипажайға барайық. Жеті бала туғанымды қайтейін, өмірімде бір рет санаторийге бармағанмын» деді ашуланып. Атам жуас кісі, енем де момын еді, өзгеріпті. Қалалық көршілермен гәпке барғалы қатты өзгерді негізі.

Жоспарлағанындай-ақ енем атамды ертіп жазда «Сарыағаш» санаторийіне барып ем алып келді. Арада екі ай өткен соң екеуі қол ұстасып Алматыдағы ұлының үйіне қыдырып кетті. Ондағы абысынымның айтуынша бұрын Алматыға барса, үйден шықпайды екен немерелеріне қарап. Мәселелерін айтса, зейнетақысын бере салатын ата-енем бұл жолы «Мәселелеріңді өздерің шешіп үйреніңдер» депті. Сондай-ақ «Бізді Медеуге апарыңдар. Көктөбені көрсетіңдер» деп, бір апта әбден қыдырыпты, қаланы аралапты. Ол да енемнің өзгергеніне аң-таң.

Алматыдан соң күтіп едік, келмеді. Ары қарай Көкшетаудағы қызының үйіне қыдырып кеткен. Екі ай өткен соң қалаға атам екеуі келді. Атам немересін балабақшаға апарып, әкеледі. Ал енем тамақ істеп қояды.

Келер жылы енем мен атам көрші келіншектің ата-енесімен бірге Турцияға барып келді. Көрші келіншектің қайын сіңлісі Турцияда тұрады, сол шақырыпты әке-шешесін. Мүмкіндікті пайдаланып, ел-жер көріп келгеніне бәріміз қуандық. Ал жақында қажылыққа барып қайтты.

Негізі біз көп ақша төлеп жатқан жоқпыз. Бірақ зейнетақысын жинаса, адам бір жылда шипажайға да, Турцияға да барып қайтуына жетеді. Тағы бір жылда Меккеге бара алады. Ол үшін әрине зейнетақысын мұртын бұзбай жинауы қажет. Бұған ата-енемді мысал ете аламын.

Соңғы 7-8 жылда ата-енем көп жерге барды, шетелге саяхаттады, қыдырды, демалды. Денсаулықтары да жақсы, дәрумендер алып ішеді. Ай сайын зейнетақысын ала ма, екеуі қол ұстасып біресе қызының, біресе ұлының үйіне қыдырып кетеді.

Бірінші балама ғана қарап берді. Кейінгілерінде «Әркім өз баласына қарасын. Мен зейнет жасына дейін балаға да қарадым, жұмыс та істедім. Енді демаламын, әр баламның үйіне қонақ боп барам. Қанша өміріміз қалғанын бір құдай біледі. Мен жоқ болсам да балаларыңа қарар едіңдер ғой» деген еді.

Ренжігенмін, ашуланғанмын сол кезде. Бірақ жақында анам дүниеден өтктенде ғана мен енемді түсіндім. Менің анам енеммен түйдей құрдас. Ол да көп балалы ана. Зейнетақысы енемдікінен сәл көптеу, бірақ санаторийге бармаған. Мекке, шетел былай тұрсын, өз еліміздегі Алматы мен Бурабайды, Түркістан кесенесін, Нұр-Сұлтан қаласын араламаған, көрмеген. Қалаға анда-санда бір келетін, соның өзінде «Малға қарау керек», «Келін жұмыста, немерелеріме қарайтын адам жоқ» деп, ауылға асығып кетіп қалатын. Зейнетақысына бір жаңа көйлек алып кигенін де көрген емеспін. Қашанда ақшасыз жүретін.

Марқұм анам «Немеремнің оқу ақысына төледім», «Келін кір жуатын машина мен шаңсорғышты несиеге рәсімдеген, соны төлеймін ай сайын» деп отырушы еді. Тіпті бірде «банкоматтық картам келінде ғой» дегенде, ашуым келген. Бірақ ағам мен жеңгем қарт әке-шешеме қарап отырған соң, бірге тұрып жатқаннан кейін олардың арасына түсе алмадым.

Міне, осылай анам 75 жасында өмірден ешнәрсе көрмей өтіп кетті. Егер зейнетақысын өзіне жұмсап, тым болмаса жылына бір рет шипажайға барып ем алғанда, демалғанда 80-90 жасқа келер ме еді деп ойланам.

Менің енем айтпақшы, зейнетақы қарттарға «немереңнің балабақшасына төле», «қызыңа бер», «ұлыңның несиесіне құй» деп берілмейді ғой. Ата-ананың денсаулығы мен демалуы үшін беріледі. Сондықтан зейнетақыны әр ата-ана менің енем сияқты өзіне жұмсаса ғой, шіркін...»


Ұқсас оқиғалар:


«Тыныштық бермей жүр»: жамбылдық ана БҰРЫНҒЫ КЕЛІНІНІҢ ертерек тұрмысқа шыққанын тілейді


«Әкем шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуыма қарсы»: шымкенттік бойжеткен батадан аттап кете алмай отыр