​«Немеремнің бөтен еркектен екенін білмейді»: алматылық кейуана ұлының белсіздігін өзінен жасырып жүр

0
1 209

«Келінімді бұл жағдайға өзім көндірдім»


​«Немеремнің бөтен еркектен екенін білмейді»: алматылық кейуана ұлының белсіздігін өзінен жасырып жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Шалымнан қалған жалғыз тұяқ – ұлымнан немере сүю басты арманым еді. Күйеуім ерте қайтыс болды да, бар үмітім, алдыма қойған мақсатым баламды елден кем қылмай өсіріп, өндіру болатын. Бірақ Құдайдың бізге деген жоспары басқаша екен», - дейді алматылық Ботагөз есімді кейуана.


Жасы алпысты алқымдаған ананың ұлынан жасырып жүрген құпиясы бар екен. Оны ERNUR.KZ тілшісіне Ботагөз ханымның өзі айтып берді.


«Мен отызға енді аяқ басқанда күйеуім жол апатынан қайтыс болды. Бауырымда үш жасар ұлым бар, аңырадым да қалдым. Күйеуім барда ештеңеге алаңдамайтынмын. Орны ойсырап, асып-сасып жүріп адам боп кеттік. Бауырларым көп жәрдем берді. Ауылдық жерде тұратынбыз, қалаға көшіріп әкеліп, мені жұмысқа орналастырды.


Бұл уақта ұлым мектепке барып қалған. Мен қаладық емханалардың бірінде акушер-гинеколог болып істедім. Осылай он бір жылды артқа тастап, ұлым мектеп бітірді. Одан кейін өзі таңдаған мамандық бойынша оқуға түсіп, қазір тәуір қызметтің құлағын ұстап отыр.


Осыдан сегіз жыл бұрын ұлымды өзінен екі жас үлкен қызға үйлендірдім. Келінім қазір банкте істейді. Шығыстың тумасы. Шалғайдағы шығыстық қызды өзім тауып, баламмен таныстырып, үй болып кетуіне барынша жағдай жасадым. Бар мәселе осы жерден басталады. Тарқатып айтып берейін.


Мен ұлымның белсіз екенін ол он төртке толғанда білдім. Дәрігерлер «ұлыңыз ұрпақ сүйе алмайды» деп нақтылап айтты. «Суықтап қалған сияқтысың, жай ғана тексеріліп қояйық» деп жүріп талай дәрігердің есігіне бардық. Бәрі әріптестерінің қойған диагнозын растап берді. Өзім де осы саланың адамымын ғой, ұрығын жетілдіретін небір мықты препараттарды алдыртып көрдім, бірақ нәтиже шықпады. Бірақ оның бірде-бірін балама сездірген жоқпын. Өмірі бұзылмасын дедім.


«Күйеуімнің аты өшетін болды-ау, баламның өмірі не болады» деп терең уайымда жүргенімде алдымнан қазіргі келінім шықты. Таныс келіншектің туыс сіңлісі екен, «Жүріп жүрген жігіті тастап кетіпті. Шешесі «алдырып таста» деп отыр екен. Аборт жасап берші» деп қиылды. Қыздың шешесі баламен кездесіп, ырқына көндірмек болған екен, «бала менікі емес» деп мойындамай қойыпты.


Тексеріп көрдік, жүктіліктің алтыншы аптасында екен. Тәп-тәуір қыздың ертең бала сүйе алмай қалу қаупі бар. «Мен мұндай тәуекелге бара алмаймын» деп шығарып салдым. Бірақ ертеңіге қыздың шешесін жұмысқа шақырып алып, ерекше ұсыныс білдірдім. Мен оған «қызыңды менің балама берсең, ішіндегі баланы өз немеремдей көріп, өсіремін» дедім. Еліне қарабет болғалы отырған ана аянып қалсын ба, дереу келісе кетті. Айналасы бір айдың ішінде екі жасты таныстырып, барлығын ептеп-септеп екеуін үйлендіріп жібердік.


Есебім бойынша жеті айдан соң келін босануы тиіс. «Уақытынан ерте босанды» деп амалдармын деп ойладым. Мұны келінге де ескерттім. «Екі аптадай жүкті екеніңді айтпай тұр, ара-қатынастары жақсарсын, тереңдесін» деп түсіндірдім. Айтқанымдай, екі жастың бір-біріне деген сезімдері оянып, аралары жақындай түсті. Сол сәтте келін балама «аяғым ауыр» деп «сүйіншілетті». Осылайша ұлым келіннің құрсағындағы баланы «өзінің баласы» деп ойлауы үшін біраз қулықтарға да жол бердік.


Айы-күні жетіп, келінім өмірге ұл алып келді. «Уақытынан бұрын босанды, шала туып қалды» деп салмағын, бойын сәл-сәл азайтып айттық. Ұлым үнемі жұмысбасты. Баланы емханаға апару, дәрігерлерге көрсету барлығы келінім екеуіміздің міндетіміз болды. Бара-бара бұл баланы «бөтен» деуге қимай мен де әбден бауыр басып кеттім. Қазір немерем жеті жаста. Биыл мектеп табалдырығын аттады. Өзі зерек, ұқыпты болып өсіп келеді. Келініме тартқан. Ұлым кей кездері келініме «енді маған өзіме тартқан бір ұл туып берсең» деп қалжыңдап қояды. Туыстарымыз да «бір баламен шектеліп қалмаңдар, арасы ұзап кетпесін» деп айтып қалады. Мұндайда менің ішіп отырған асым тамағымнан өтпей, кеудеме өксік тығылып қалады. Келінім де шыдай алмай теріс бұрылып кетеді. Ұлымның табысқорлығы, отбасы үшін жанталасатыны, отбасына деген қамқорлығы шексіз. Ұлына деген махаббаты тіптен ерекше. Бос уақыты болса ұлын жүзу алаңына апарып, ұлының денсаулығына, тәрбиесіне қатты көңіл бөледі.


Бірақ мені соңғы кезде қатты толғандырып жүрген бір мәселе бар. Былтыр келінімнің шешесі, яғни құдағиым өмірден өтерінен бір апта бұрын мені шақырып алып «Біз үлкен күнә арқалап жүрміз. Мен мұндай құпиямен Құдайдың алдына бара алмаймын, күйеу балама бар шындықты айтайық» деп табандап тұрып алды. Жалынып, жалбарынып жүріп райынан қайтардым. «Бұл күнә менің мойнымда, өзім арқалаймын» деп көндірдім.


Әйтсе де менің де жасарып жатқаным шамалы, зейнеткерлікке шыққалы өан қысымы деген бәле жабысып, жиі ауырып қаламын. Олай-бұлай боп кетсем баламнан жасырған сырым не болады, айтсам ба, айтпасам ба деп көп ойланып жүрмін. Балам шындықты білсе менен теріс айналып кететін сияқты, қатты қорқамын.


Құрметті көпшілік, сіздердің кеңестеріңіз керек, жөн сілтеп жіберсеңіздер екен».