​«Өгей шешем үйімізді тартып алмақшы болды»: шымкенттік азамат әкесін алдап келген әйелді сотқа бермек

0
2 291

«Баласының әкесі көрші үйдегі жігіт болып шықты»


​«Өгей шешем үйімізді тартып алмақшы болды»: шымкенттік азамат әкесін алдап келген әйелді сотқа бермек
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Нәпсісін тежей алмаса, Құдай жүрегіне иман, ар-ұят деген ұғымды қалыптастырмаса, онда адамның малдан еш айырмашылығы жоқ бола ма деймін. Әсіресе әйелді азғырмасын, олар көзге шөп салса, онда отбасыңның астаң-кестеңі шығады екен», - дейді Сырым есімді азамат.


Сырымның айтуынша, өгей шешесі әкесінің көзіне шөп салып, өзгеден бір ұл туып алыпты. Оқиғаның жай-жапсарын Сырым ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ата-анам жиырма жеті жыл отасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге татты. Екеуі қатар жүргенде елдің алдында жарасып, жұптасып, жарқылдап күлісіп жүруші еді. Ағайынға да, ауыл-аймаққа да сыйлы отбасы еді. Әсіресе анамсыз ауылдың тойы өтпейтін. «Жеңеше, той бастап беріңіз» деп ағайындар үйімізден көлікпен алып кететін... Енді ол кісі туралы өткен шақпен ғана сөйлейміз. Себебі осыдан жеті жыл бұрын анашым бақилық болды. Ұл-қыздарын өсіріп, енді солардың рақатын көрер шақта дерттің шырмауынан шыға алмай өмірден өтті.


Балалардың алды өзіммін. Ол кезде жасым жиырма үшке келген. Өзімнен кейінгі екі қарындасым да студент еді, інім мектепте оқиды. Үйдің бар ауыртпашылығы әкем екеуміздің мойнымызға түсті. Қанша есейдік десек те, ананың орны бөлек екен. Әкем де ірі денелі, онша-мұншаға морт сына бермейтін азамат еді, бір сәтте шөгіп, бір уыс болып қалды. Ағайын апаларымыз бізге қашанғы қарайласын, қырық күндік асы өткенше ас-ауқатымызды әкеп беріп тұрды. Кейін өз арбамызды өзіміз сүйреуге ыңғайландық.


Қарындастарым тек демалыс күндері келеді, інім кішкентай. Тамақты да, кірді де өзім игеріп әкеттім. Бірақ жан-жағымдағылар маған: «Үйленсең мына әурешіліктен құтылар едің. Үйіңе бір шүйкебасты әкеп кіргізсеңші» деп жиі айтатын. Айтқанмен бола қала ма, оның үстіне дайын тұрған қыз жоқ, сөйтіп үйлену жайы кейінге шегеріле берді.


Енді мен ғана емес, әкемнің де үйленуі туралы құрдастары әңгіме ете бастады. Бұл бізге ұнамайтын. Әкем біздің көңілімізге қарайлады ма, бастапқыда «маған Күлиямнан басқа ешкім керек емес» деп тойтарып тастайтын. Кейін құрдастарының әңгімесін үндемей тыңдайтын болды. Екі жыл өткенде досының көрсетуімен жасы қырыққа таяп қалған бір әйелмен танысып, екеуі үйленуге келісіпті.


Бұл жағдайға екі қарындасым мен інім, нағашыларым аса қуана қойған жоқ. «Баласы үйленімін деп тұрғанда алдын орап кеткені несі?» деп нағашы ағаларым қатты ашуланды. Бірақ мен оның жанын түсінуге тырыстым. Ертең үйленсем өз әйеліммен әуре болып кетемін. Келіннің қарағаны әйеліндей бола алмайды ғой. Жақсы әйел боп шықса, оның несі жаман деп іштей ризашылығымды бердім.


Өгей шешеміздің бұрынғы күйеуінен бір ұлы бар екен. Бірақ ол бала нағашыларының қолында қалыпты. Кішігірім Құдайы өткізіп, үйге көшіріп әкелдік. Анам сияқты жақын тартқым келсе де, өгей шешемнің мінезінен де, тірлігінен де еш ұқсастық таппадым. Мінезі жеңіл, әр әңгімеге араласып кететін, сөзі көп кісі екен.


Бір жылдан соң мен де сүйіктімді жолықтырып, шаңырағымды көтердім. Үйленудің жөн-жоралғысы, салттары бәрі жасалды дегенмен, ешқайсысы ойдағыдай, көңілден шығатындай болған жоқ. Әкем бар тізгінді өгей шешемнің қолына беріп қойды. Біз аз ғана уақыт бірге тұрдық та, көп ұзамай ауылдағы бір үйді жалдап, бөлек шығып кеттік.


Бір ауылдың іші емес пе, кімнің қайда барғаны, не істегені бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Елдің аузында өгей шешемнің астыртын жүрісі бар деген әңгме шықты. Оны менің әйелім де естіді. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң не дейсің? Әйеліме сездірмегеніммен, сыртынан бақылап көрейін деп бекіндім.


Бірде әкемнің көршісі мен өгей шешемнің көзқарастарынан бір шикіліктің барын байқап қалдым. Ішіме шоқ түскендей болды. Бірақ көріп, көз жетпеген соң сол кілкіген күдік көкейімде жүріп алды, тыныштық бермеді. Осы оқиғадан кейін ауылдан кетуге бел байладым. «Жақын жүргенше алыста ештеңені көрмей, білмей жүргенім артық» деп түйдім де, отбасымды алып қалаға көшіп кеттім. Қазір екі қарындасым мен інім де бізбен бірге тұрады. Екі қарындасым оқуларын бітіріп, жұмысқа кіріп алған. Бір-бірімізге қарайласып, қиналсақ қол ұшын беріп жүрміз.


Әкемізге анда-санда барып тұрамыз. Өгей шешеміз бір ұл туып берген. Әкем соны ермек қылып, көңілі жұбанып жүр. Телефонмен сөйлессек бітті беске енді толатын баласының қылығын, әңгімесін айтып отырады. Ең бастысы, қасында шүйіркелесіп шай ішетін әйелі бар, кір-қоңы жуулы, тамағы жасаулы, төсегі салулы. Біз төртеуміз соған да тәубе дейміз. Бізді қойшы, өз отауымыз, өз тіршілігіміз бар, әкем жалғызсырамаса екен дедік. Сөйтсек өгей шешеміздің жымысқы ойы біздің аппақ ниетіміздің, тілегіміздің быт-шытын шығарды ғой.


Әкемнің алпысқа таяған шағында көрген баласы өзінікі болмай шықты. Баяғы өзім күдіктенген көрші үйдегі қырыққа таяған жігіттен екен. Бәсе деймін, ініме қараймын да, әкемнен, өзімнен бір ұқсастық таппаймын. Бәріміз қара торымыз, ол бала шикіл сары. «Нағашыларына тартқан» деп өгей шешем әзілмен құтылушы еді. Гәптің бәрі өгей шешеміздің көңілдесінде екен.


Оның бәрі әкем екеуінің ұрысынан кейін ашылды ғой. Қан қысымы көтеріліп кете беретін әкем бір күні әйеліне «Көзімнің тірісінде балаларыма беретін мұрамды бөліп берейін» депті. Содан ауыл шетіндегі қорадағы малды қора-жайымен маған беріпті. «Сол малдың басын көбейтіп, екі қарындасының жасауын дайындайды» депті. Астындағы көлікті ініме қалдырамын деген. Ал үйді қартайған шағында көрген кенже баласына жазып бермек болған. Содан ауданға өзі барып, құжаттарын туралап, баласының атына жазып берген.


Бір күні бәрімізді шақырып, тамақ астырып, осы шешімін бізге жеткізді. Қара шаңырақты туған ініме емес, кіп-кішкентай балаға қалдырғанына ішім қылп ете қалса да, үндемедім. «Қорадағы малды көбейтсек, бәрің де баспанасыз қалмайсыңдар» деп бауырларымды жұбаттым.


Арада екі ай өтті ме, өтпеді ме, әкемнің қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп қалды. Төртеуміз дереу жеттік. Сөйтсек өгей шешеміз «үйді бізге босат та, қалаға, балаларыңның жанына барып тұр» деп шарт қойыпты. Екеуі ұрысқан, бірнеше жылғы өкпе-реніштер айтылған. Сонда өгей шешеміз ашумен баласының өзге біреуден екенін байқамай айып жіберіпті.


«Балам, мені кешіріңдер, олай-бұлай боп кетсем аналарыңның аманатын орындай алмаған әкелеріңе ризашылықтарыңды беріңдер. Тірі қалсам үйді өзімізге қайтарудың амалын жасаймын. Сырым, заңгер сыныптасыңмен ақылдасып, мұрагерліктің күшін жоюға әрекет жаса» деп тапсырма берді.


Талай жыл әкемнің асын ішіп, аяғына түкіріп отырған өгей шешемді атарға оғым жоқ. Әттең, әйел баласы, еркек болғанда мұрнын бет қылып, түрмеге тығып жіберер едім. Бір жағынан бұл өтіріктің ертерек, әкемнің көзі тірі кезінде ашылғанына қуандым. Енді бәрі баяғы қалыпқа түседі деп ойлаймын».