«Оқытып едім, күйеуімнің есі ауысып қалды»: Осындай қадамға барған келіншек қателігіне өкінеді

0
2 655

«Осының бәріне енем кінәлі»


«Оқытып едім, күйеуімнің есі ауысып қалды»: Осындай қадамға барған келіншек қателігіне өкінеді

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Ене мен келіннің ынтымағы, бір-біріне деген көзқарасы – бүгінде көп еститін тақырыбымыз. Бірі үлкен, екіншісі кіші, бірі егде, екіншісі жас, екеуі екі елдің аяулысы болғанымен, бір үйдің ошағын түтетіп, бір отбасының ұйытқысы болған соң, екі әйелдің бір-бірімен қырғи қабақ болғаны, шаңырақтың шаттығын ұрлап, үйге кіріп тұрған берекені бездіріп жіберетіні рас.


ERNUR.KZ редакциясына көпшіліктен кеңес сұрап хабарласқан жамбылдық Гүлайым шаңырағының шайқалуына енесін кінәлі санайды.


«Менің тұрмысқа шыққаныма сегіз жылдан асты. Аллаға шүкір, үш баланың анасымын. Тұрмыс жағдайым да жаман емес. Жұрт қызыға қарайтындай өмірім бар. Бірақ күйеуімнің маған деген ынта-ықыласы көңілімді құлазытады. Айтайын дегенім, мен күйеуімді өлердей қызғанамын. Қызғанғанда да қыз-қырқыннан емес, өзінің туған анасынан. Менің бұл әрекетімді есі дұрыс адамның құптамайтыны белгілі. Бірақ болар іс болды.


... Біз Бағдат екеуміз үш жыл жүріп барып, бір-бірімізді шын сүйетінімізге көз жеткізген соң үйленгенбіз. Қыз бен жігіт болып жүрген кездерімізде Бағдат мені өмір бойы алақанында аялап өтенінін, болашақта кез келген отбасылық мәселені менімен ақылдаса отырып шешетінін, өзінің өмірінде менің орнымның ерекше екенін айтатын. Алайда үйленген соң берген уәделерінің бәрін ұмытты. Мен ол үшін жай ғана ата-анасының қызметшісі, балаларының анасы секілдімін.


Отбасы құрғанымызға алты айдан асқан кезде біздің шынайы бет-бейнеміз ашыла бастады. Бағдаттың анасының айтқанынан шықпайтынын, сол кісінің қалауымен жүріп-тұратынын аңғардым. Басқа мәселелерді айтпаған күннің өзінде екеуміз отырысқа бару үшін де, киім-кешек алу үшін де анамыздың рұқсатын алып, оның қас-қабағыа қарап қимылдайтын дәрежеге жеттік.


Енем өзге балаларының үйіне қыдырып кеткенде екеуміздің көңіл-күйіміз көтеріліп, әзілдесіп, шүйіркелесіп қаламыз. Бағдат та ерекше болып жүреді. Ал анасы бар кезде ол мені мүлдем көзге ілмейді. Ата-анасы мен бауырларының көзінше маған жекіп сөйлеп, дөрекілік танытады.


Міне, осындай себептерден менің енеме деген өшпенділік сезімім өрши түсті. Енемді көрсем қарадай жыным келіп, кірпідей жиырылып қалатын әдет пайда болды. Енем мен күйеуім арқа-жарқа болып, күліп әңгімелесіп жатса менің қабағым түсіп кетеді. Ол біздің отбасымызға қатысты мәселелердің бәрін анасымен ақылдасып шешеді. Бірақ бір жақсысы, Бағдат өте балажан. Балалары тұрғанда өзге ешкім көзіне көрінбейді.


Мен оның осы осал тұсын өз мақсатыма пайдаланамын деп шештім. Сөйтіп қит етсе балаларымды жинап, төркініме кетуді әдетке айналдырып алдым. Мұндай жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Обалы не керек, алғашында енем мен күйеуім артымнан келіп, ата-анамнан кешірім сұрап әкетіп жүрді.


Бірақ төркінге соңғы рет кетерімде күйеуім «Мен сенің қылығыңнан әбден тойдым, кетсең, жолың ашық! Балалар есі кіргенде өздері тауып алар. Артыңнан іздеп бармаймын. Анамды жақтырмаған адаммен менің де бір шаңырақ астында тұрғым келмейді. Осы күнге дейін түсінер деген оймен үндемей келіп едім, алайда өзің ештеңенің байыбына бармайды екенсің. Мен үшін анамның орны бөлек. Ол кісі тірі тұрғанда бұл үйдің бар шаруасы соның қас-қабағымен шешілетін болады. Қаласаң осы, қаламасаң жолың ашық» деді.


Мен осы сөзден соң төркінге бармауға бел будым. Себебі Бағдат менің соңымнан іздеп бармаса үш баламмен қайда қаламын? Төркіндегі келіндерге жексұрын болғанша, өмір үшін күресіп, өз үйімде қалғаным жөн деп шештім.


Бірақ осы жанжалдан соң менің абыройым айрандай төгілді. Күйеуім мен ата-енемнің алдында мүлдем қадірім кетті. Бұрынғысы бұрынғы ма, енді мен адам орнына санамайды, тіпті дұрыстап сөйлеспейді де. Ал күйеуім екеуміздің арамыз мүлдем суып кеткен. Ерлі-зайыпты адамдар секілді өмір сүруден қалдық. Бағдат маған тек тапсырма берерде, балалардың мәселесіне қатысты жағдайда ғана сөйлейді. қалған уақытта мені көзге ілмейді.


Осы жағдайдан кейін мен қалаға барып, сіңлім тауып берген тәуіптің көмегіне жүгіндім. Өйтпеске амалым қалмады, күйеуім мені көрсе жын көргендей тыжырына бастады. Әлгі тәуіп күйеуімді сырттай оқып, апарған заттарыма дем салып берді. Әр айдың басында әлгі тәуіпке келіп, керек-жарағымды алып кетіп жүрдім.


Оқытылған тұз, қантты күйеуімнің тамағына қосып жүрдім. Адыраспанмен бөлмені аластап, берген сабынымен киімдерін жуып, күйеуімді қаратудың бар әрекетін жасап бақтым. Бірақ бәрін бүлдірдім. Күйеуімнің есі ауысып кетті. Жай күндері есі ауысып қалғандай бір нүктеге қадалады да қалады. Ай туған кездері басын ұстап, көрінген жерге соға береді. Жанын беруге әзір балаларын да, тіпті шешесін де танымай қалатынды шығарды. Болған жағдайды айтып тәуіп әйелге барып едім, «Менен ешқандай кінә жоқ. Күйеуіңнің жүйкесі бұрыннан сыр беріп жүрген, соның нәтижесі» деп шығарып салды.


Күйеуімнің бойындағы өзгерістен күмәнданған енем қайбір күні қызының үйіне қыдырып барып, сондағы атақты бір балгерге бал аштырыпты. «Балаңның басы оқытылған. Дуа бар. Әйелі істеткен» деп айна-қатесіз айтып беріпті.


Үйге келген соң енем ұрыс шығарып, шашымнан жұлып, киім-кешегіммен үйден қуып шықты. Балаларымды әкетуге де мұрсат бермеді. «Миың жоқ қатын екенсің! Баламды өлтіріп менен айырайын дедің бе? Баладан айырылғанның қандай болатынын мен саған көрсетейін. Балаларыңды көруге зар боласың!» деп бетіме түкіріп жіберді.


Шынымды айтсам, болған жағдай мені есеңгіретіп жіберді. Күйеуімнің көңілін өзіме қарата алмағаныма, өзім армандағандай отбасын құра алмағаныма, өзімді бақытты әйел ретінде сезігім келгеніме кінәлімін бе? Менің де арманым, өмірге деген көзқарасым, осы үйдің келіні ретінде пікірім, ойым бар еді ғой. Бірақ мені енем мен күйеуім көзіне ілмей, күң ретінде қараған жоқ па? Күйеуімді оқытсам, отбасымды қалыпқа келтіремін деп ойладым ғой. Енді соңында өзім кінәлі болып, балаларымнан тірідей айырылып отырмын.


Төркініме «емделуге келдім» деп болған жағдайды айтпадым. Тығырыққа тіреліп, өмірден түңіліп отырмын. Енді не істеймін? Күйеуімді бұрынғы қалсау қалпына қарата аламын ба?...»