«Өмірден "қыз" болып өтіп барамын»: түркістандық әйел бауырларына қарайлап қалғанына өкінеді

0
3 075

«Тұрмысқа шықпай қалғаныма өкінем»


«Өмірден
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бала – белде, қатын – жолда, ал бауырды таппайсың» деп жатады ғой білетіндер. Бірақ өмірде баланың да, жардың да, бауырдың да өз орны бар екен. Бірін таңдап, қалғанын ысырып қоюға болмайтынын жасым елуге таяғанда бір-ақ түсіндім», - дейді Әлима есімді түркістандық әйел.


Артынан ерген бес бауырын тірнектеп жүріп жетілдірген оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне ішіндегі өкпе-ренішін жайып салды.


«Көп балалы отбасының үлкенімін. Әке-шешем ауыл аймаққа сыйлы, өте қадірменді жандар еді. Екеуі де жол апатына түсіп, тіл тартпай кетті. Олар өмірден өткенде кіші інім әлі мектепке бармайтын бала еді. «Заңгер болам» деген арманымның күлі көкке ұшты. Сарыауыз бауырларымды жетілдіру үшін өзімді мүлдем ұмыттым.


Тұл жетімдерге бөлінген жәрдемақы қайсыбіріне жетсін, сондықтан әкемнен қалған екі сиырдың сүтін игеріп, құрт, май дайындап, саттым. Бірте-бірте малдың басын көбейтіп, тірлігіміз әжептеуір оңала бастады. Бұл уақытта менімен жасты қыздардың бәрі бір-бір үйдің түтінін түтетіп кеткен, алды төрт-бес балалы болып та қалған. Жеңгелерім «қыз-ау, інілерің жетіліп қалды ғой, өз күндерін көреді, жақсы жігіт кездессе көп ойланбай, етегінен ұстасайшы» деп жанашырлықтарын білдіретін. «Мыналарды кімге тастаймын, бұлар күн көре алмайды ғой» деп жылаймын. Жасырып қайтем, күйеуге тиюді, ақ көйлек киіп, өз сүйгеніммен қол ұстасып жүргенді қаладым, бірақ бауырларымның көздерін жәутеңдетіп тастап кету адамгершілікке жатпайтындай көрінетін.


Бірте-бірте менің де бетімнен әр тая бастады. Шашыма ақ түсіп, көзімнің айналасын әжім торлап, қартая бастағанымды білдім. Бұл уақытта маған ажырасқан, әйелі қайтыс болған еркектер айттырып келетін. Бірақ бәрі бір ауыздан бауырларымның қамын бірге көтеруден бас тартты. Сондықтан інілерімді үйлендіріп, екі сіңлімді тұрмысқа бермейінше жеке өмірімді жылы жауып қоя салдым.


Тапқанымды тиындап жинап жүріп үлкен інімді үйлендірдім, одан кейін сіңлім күйеуге кетті. Дүркіретіп той өткізбесек те, шама-шарқым келгенше жасауын түгендеп беруге тырыстым. Екі жылдан соң екінші інім келіншек әкелді. Бұл кезде інілерімтірлікке жарап қалған, тапқандарын маған әкеп ұстататын. Ортақ, отбасылық бюджет болатын. Керегімізді содан алып, ақылдасып жұмсаушы едік. Бірақ үйленген соң үйдің ішкі тәртібі бұзыла бастады. Алдын айлықтарын азайтып әкелетін, кейін тіпті жәрдемі тимей кетті. «Отаны бөлек отын бөліспейді» деген бар, өздерімен өздері болса сол да жәрдем деп үндемейтін болдым.


Ақырында үйде кіші інім екеуміз-ақ қалдық. Сол кезде ғана жалғыздық дегеннің тым қиын екенін шын түсіндім. Қу тіземді құшақтап жылап шығатын түндерім көп. Бауырларым аман болсын деп өз өзімді алдарқатып жұбатып қоямын. Бірақ мені ойлап жатқан олар бар ма? Бәрі өз жартыларын тауып, түтін түтетіп отыр.

Оларға кінә да арта алмаймын. «Мына баланы үйлендірейік, тойын істейік» деп шырылдап жүріп әрқайсысынан ақша алдым да, кіші інімді аяқтандырдым. Оның тауып келген әйелі қаланың нағыз ақсаусақ қызы екен. Үйреніп кетсін деп алдына түсіп жүгіре берем. Сонда да нәтиже болмады. Балаларын топырлатып бірінен кейін бірін дүниеге әкелген соң тіптен әбіржіп кетті, бір тірлігі бітпейді, тап-тұйнақтай үйіміздің түтінін шығарды. Балаларына өзім қараймын, тамағын беру, үсті-басын ауыстырып, жуындыру менің мойнымда. Келінім кейде «әпке, мынаны неге істемегенсіз» деп дікеңдеп шығады. Тіптен малайы ияқтымын.


Баяғыдай күш-қуатым жоқ, қатты шаршаймын. Інілерім де бұрынғыдай емес көңілімді аулап тұрмайды. Жалғызсырайтын сәттерім көп. Сондайда екі қолымды төбеме қойып безіп кеткім келеді. Қалада, бар жағдайы жасалған бір бөлмелі пәтерім болса, өзіммен өзім өмір сүрсем деп армандаймын. Бұл ойымды бауырларыма айтып едім, «әпке, үй қымбат қой, біздің қалтамыз көтермейді оны» деп азар да безер болды. Осы уақытқа дейін бар күшімді сарқып, өзім кимеген киімді кигізіп, ауыздарына ақ майымды тосып өсіргенім түк болмай қалды. Жағдайы жоқ дейтіндей емес, бәрі жабылса әпере алады. Бірақ менің жақсылығымды бұлар ұмытып кетті. Онымды міндет қылмаймын бірақ. Сонда да бір сәт менің жағдайымды ойлап бәрі жабылып ортадан үй алып берсе болар еді ғой деп қоямын.


Қазір жасым елуден де асып кетті. Баяғыда, інілерім мектепті бітірер кезде айттырып келген кісілерге тиіп кетуім керек еді. Соны ойласам қатты өкінемін. Жасы жетпістен асып, сексенге таяғандар келмесе, одан жасының біздейлерге қарай қоюы екіталай-ау енді. Сүрленгенде де қатты сүрленген кәрі қыз болып өмірім өтіп барады.


Әйел ретінде еркек қызығын көрмек тұрмақ, адам ретінде қызық өмір сүре алмай, өмір бойына бауырларым деп өмірімнің өтіп бара жатқанына қынжыламын. Әр адам өзі үшін өмір сүруі керек екен. Соған көзім жетті. Шаршадым бәрінен...»