​“Орамал тақпасаң ажырасам деді”: Көпбалалы әйел күйеуінің қойған талабына көндіге алмай жүр

0
2 063

"Қырыққа келгенде қылық ашты..."


​“Орамал тақпасаң ажырасам деді”: Көпбалалы әйел күйеуінің қойған талабына көндіге алмай жүр

илююстрациялық фото: ашық дереккөзден

Соңғы жылдары орамал мәселесі қоғам арасында жиі көтерілетін мәселе болып келе жатқаны рас. Әсіресе, хиджап турасында пікірталас көп орын алады.

Орамал тағу да қазір тек діни тұрғыда ғана емес, әйелдердің киім үлгісіндегі әдемі аксессуардың біріне айналғаны да жасырын емес. Бірақ мұндай аксессуар екінің бірінің талғамына сай келе бермейтіні де бар. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген әңгімесінде көпбалалы келіншек осыны жеткізгісі келеді.

- Көп жылдан үлкен қалада тұрамыз. Жүріс-тұрыс, киім үлгімізге дейін еркіндікке үйрендік. Шынымды айтсам, ата-енеммен де ұзақ тұрмағанмын, мен келін боп түскен соң екеуі де қайтыс болған. Содан кейін күйеуім екеуміз еркіндікте өмір сүрдік, өз арбамызды өзіміз сүйредік.

Бес балалы болғанша күйеуім менен ештеңе талап еткен емес. Бір жағынан әрдеңені талап етіп отыруға уақытымыз да болған жоқ. Бірінен соң бірі туған балалар, олардың сабағы, күтімі мен жұмысымыз, әйтеуір уақыттың қалай өткенін білмеппіз. Күйеуім менен тіпті “ананы киме, мынаны ұстама, боянба” деген сияқты талап та қоймаған болатын. Білмеймін, біраз уақыттан бері менің киіміме жиі көңілі толмай жүр, - дейді ол.


Айтуынша, сол үшін жиі сөзге де келіп қалады екен.

- Жасым 35-ке келді, баламның алды 14-те. Басқалар ғана емес, өз балаларым да менің сырт келбетіме сын айта алатын жасқа келіп қалған. Сол үшін бұрынғыдай қысқа көйлек пен тар шалбар сияқтыларды киюді қойғаным қашан. Әрдайым әйелдік әдемілік беретін, ұятқа таңбайтын киіммен жүремін. Жұмысыма да, басқасына да қолайлысын таңдаймын.

Бірақ күйеуім соңғы кезде орамал туралы жиі айтатын болды. Бұған жұмыс орнын ауыстырғаны себеп болды деп ойлаймын. Бұрын зауытта істейтін еді, қазір денсаулығына байланысты бір мекемеге күзетші болып ауысқан. Қосымша сол жерде бағбан болып та қызмет етеді. Араласатын ортасы ауысқалы, менің жүріс-тұрысыма жиі сын айтады.

Әсіресе, таңертең жұмысқа шығып бара жатқанымда не кигеніме мұқият қарап, боянбауымды талап етуден бастады. Басында қызғанып жүр ме деп ойладым. Бірақ күн сайын қайталана берген соң ренжітпейін деп келістім. Оның үстіне өзім де аса боянуға құлқым жоқ еді, жақсы болды. Бірақ күйеуім енді шалбар, тізеден төмен тұратын көйлектерімді де кимейсің деп талп қоя бастағанда ашуыма тие бастады.


Бұрын мүлде ондайға мән бермейтін адамның көп жыл өткен соң қылық шығарғаны қызық екен…


Қазір енді орамал тартып жүруімді қатаң талап ете бастады. Жүйкеме де сол тиіп жүр қазір. Жалақы алса да, мереке болса да сылтауратып орамалдың неше түрін сыйлайды. Әдемі, қуанып-ақ қаламын. Бірақ жұмысым орамал тағып жүретін жер емес. Оның үстіне әбден үйреніп қалған соң орамалды тарта алмаймын. Шынымды айтсам, ұнамайды.

Рас, ауылға, жиындарға барғанда орамал тартамыз ғой. Үйде де асүйде тазалық үшін орап, байлап аламын. Бірақ сыртқа шыққанда шашымды сәндеп жүру бұрыннан әдетіме айналған. Мүмкін, келін түсіріп, немерелі болғанда әженің сәнін келтіріп, жаулық салып жүретін шығармын. Бірақ қазір емес…

Соны күйеуіме түсіндіре алмай-ақ қойдым. Жақында соған бола ұрысып қалдық. Балалардан да ұят екен. “Орамал тақпасаң, ажырасамын” дегенін ашумен айтылған жай сөзге балап жүрсем, қасыма да жатпай қонақ бөлмеде ұйықтап жүр.

Мұны қалай түсінуге болады? Ойланып түбіне жете алмадым. Қазір сол үшін әлі ренжуліміз бір-бірімізге. Қырыққа келгенде осылай қылық ашқанын түсіне алмай жүрмін, - дейді бес баланың анасы...