​«Өзі өлсе де маған жақсылық жасап кетті»: 5 жыл түрмеде отырған алматылық әйел басынан өткенін айтып берді

0
2 874

«Дос та, күйеу де теріс айналып еді...»


​«Өзі өлсе де маған жақсылық жасап кетті»: 5 жыл түрмеде отырған алматылық әйел басынан өткенін айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасаған әр жақсылықтың қайтарымы болады екен. Бүгін болмаса, ертең көресің, міндетті түрде өзіңе жақсылық болып оралады. Сол сияқты біреуге жамандық жасасаң да түбінде зардабын өзің тарасың. Себебі, өмір – бумеранг», - дейді Данагүл есімді ақтөбелік оқырманымыз.


Тағдырдың неше түрлі теперішін бастан кешірген әйел ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірінен сыр шертті.


«Мен үйдің үлкені болдым, өзімнен кейін сіңлім, екі інім бар. Бірақ жас айырмашылығымыз әжептеуір, шешем мені босанған соң біраз уақыт бала көтере алмай жүріп қалыпты. Сіңлім өмірге келгенде мен бесінші сыныпта оқитынмын.


Мектеп бітіріп, университетте оқып жүргенде бұрын көрмеген, мүлдем танымайтын адам алып қашты. Группалас құрбымның тойына барғанмын, ертеңіне құрбымның күйеуі досын шақырып, орталыққа, таксиге салып жіберуге шақырған. Сол жігіт тіке үйіне тартып отырып, мені күшпен келіншек етті. Ол заманда босаға аттаған соң қайтып кету ұят еді. Амалсыз тағдырдың салғанына көндіктім. Бірақ бұл өмір ұзаққа созылмады, күйеуіммен сөзіміз жараспады. Жұмысы жоқ, таңертеңнен кешке дейін сыныпытастарымен жиналып, көшеде карта ойнап отырады. «Оқу не керек, бәрібір ауылда сенің мамандығыңа сай жұмыс жоқ» деп арман-мақсаттарыма қарсы келген соң, ол адаммен бірге тұра алмайтынымды түсіндім.


Ажырасып, қалаға қайта келіп, оқуымды ойдағыдай бітіріп алдым. Сол жылы құрбымның кеңесімен Алматыға келіп, мемлекеттік мекемеге есепшінің көмекшісі болып орналастым. Үш жылдан соң бас есепші зейнетке шықты да, ұжым бір ауыздан мені қолдап, бас есепші боп көтерілдім. Сөйтіп жүргенде басқармада әжептеуір қызметте істейтін бір жігітпен сөзіміз жарасып кетті. Бұрын үйленіп, балалы бола алмай ажырасқан екен. Бір жылдан соң екеуміз шаңырақ көтердік.

Күйеуімнің екі бөлмелі пәтері болды. Бірақ біз оны жалға бердік те, менің несиеге алған үш бөлмелі пәтерімде тұрдық. Бағыма орай, пәтердің несиесін мерзімінен бұрын төлеп, құтылып қойғам. Көп ұзамай ұлды болдық, артынша қызымыз дүниеге келді. Осындай бақытты күндер мәңгі жалғаса береді деп қатты қателесіппін, балаларымды бақшаға беріп, жұмысқа шыққан жылы үстімнен іс қозғалды. Басшылардың «жегені» менің желкемнен шықты. Кінәсіздігімізді дәлелдей алмадық, мен сегіз, көмекшім алты жыл екі айды арқалап кете бардық.


Күйеуім деп сенген адамым мен түрмеге түскеннен кейін төбе көрсетпей кетті. Алматыдан Шымкентке, әйелдер колониясына ауыстырылдым. Әке-шешемнің жасы келген, мені іздемек түгілі, екі баламды бағып отырғанына да шүкір еттім. Бауырларым енді жетіліп, өз арбасын әрең сүйреп жүр, кімге өкпелейін. Тар қапаста өткізген әр күнім жылаумен, бөбектерімді сағынумен өтті. Сонда отырып небір мықты, ақылды әйелдердің тағдырдың жазуымен істі болғанын көрдім. Солардың бірі – Жадыра. Алматылық еді, бір балабақшаның меңгерушісі болып істеген екен, ішімдік ішіп, құмар ойынына салынып кеткен күйеуінен қорғанамын деп абайсызда пышақтап қойған. Түрмеге түскелі денсаулығы нашарлап, жиі ауырып қалатын. Жадыра екеуміз көп сырластық, ауырып қалған күндерінде жанына жалау болдым, өзім жылап-еңіреп жүрсем де Жадыраны жігерлендіріп, өз білгеніммен ем-домын жасап беретінмін. Өкінішке қарай, асқынған сырқаты алып тынды...


Бес жыл, төрт ай дегенде бостандыққа шықтым. Ешкім күтіп алған жоқ, қолымда қызмет тұрғанда жағалаған дос жоғалған, шалғайдағы туыстарым да келмепті. Түрмеде тапқан азын-аулақ ақшама автобусқа билет алып, Алматыға, өз үйіме бардым. Іші тозып кетіпті, бес жыл адам тұрмаған үй қайбір оңсын, бес батпан шаң қаптап, іші шылауланып кеткен, терезедегі перделер күнге күйреп, ыдырапты. Шаң көрсем жаным қалмайтын, таза әйел едім, үйімнің мына халін көріп жылап алдым. Дереу сырттан сабын, порошок әкеп, үй жынауға кірісіп жатқам, кенет есіктті біреу қағып тұр. Ашсам өмірімде көрмеген бір еркек тұр. «Данагүл деген сіз бе?» дейді.


Сөйтсем бұл кісі абақтыда бірге отырған Жадыраның туған ағасы екен. «Жадыра бізге жазған әр хатында сізді айтатын, «Дана деген әпкем менің жаныма жалау боп жүр. Ауырсам ыстық шайымды беріп, жаман күнімде жаныма жалау бола білді. Мүмкіндігіңіз болып жатса осы кісіге қол ұшын созып, аяқтан тұрып кетуіне жәрдем етіңіз» деп жазатын. Қарындасымның соңғы өсиетін орындау үшін арнайы келдім. Бұған дейін Шымкентке жолым түспеді, айып етпеңіз. Кешегі апта сол жаққа тойға барып, колонияға соқсам, шығып кетіпсіз. Сол жерден мекен-жайыңызды алып, келіп тұрмын» деп мән-жайды түсіндірді. Соңыра қолыма екі миллион теңге ұстатты. «Мынау қарындасыма жасаған қамқорлығыңыздың азғантай өтеуі болсын, үйіңізді ретке келтіріп, керек-жарағыңызды алыңыз. Сосын мен сізді досыммен сөйлесіп, компаниясына жұмысқа тұрғызамын» деп уәде берді.


Осылайша мен қазір бір мекемеде, есеп-қисап бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Екі балапанымды қолыма алып, мектепке орналастырдым. Күйбең тіршілікпен күнім өтіп жатыр. Бірақ түрмедегі бес жылдан мың есе артық, бостандықтың әр минутын бағалаудамын...»