​«Пәтерімнің ақшасын қызыма беріп, далада қалдым»: алматылық кейуана туған қызының далада қалдырғанын айтады

0
1 200

«Жездесін де сорлатып кеткен екен»


​«Пәтерімнің ақшасын қызыма беріп, далада қалдым»: алматылық кейуана туған қызының далада қалдырғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай маған екі қыз берген еді. Соның бірі «іштен шыққан шұбар жылан» болды. Үлкенім тым жуас, өз ісіне тас-түйнек, пысық. Ал екіншім өзінің де, менің де бақытыма балта шапты. Қу дүние түбіне жетті», - дейді алматылық Айшолпан апа.


Ол кісі қартайған шағында баспанасыз қалыпты. Қызы үйін сатып, ақшасын бермей қойған көрінеді. Оқиғаның мән-жайын Айшолпан апа ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Мен елуден асқан шақта екі қызым да бақытын тауып, өз елдеріне кетті. Үлкенім Әлия астанаға кетті, Айнұрым өзіміз тұратын қаланың жігітін таңдады. Онысы әжептеуір кәсіпкер екен. О бастан «мен басында үйі, астында көлігі бар, бай жігітке күйеуге тием» деуші еді. Сол арманына жетті.


Әлиямның үш қызы бар. Қарапайым күн кешіп жатыр. Ал Айнұр күйеуімен бизнестерін жүргізіп, онысы күннен-күнге өсе берді. Жылма-жыл екі бала тауып, оны да өсіріп жатты. Бір күні Айнұр мен күйеу бала үйге келіпті. «Мама, жалғыз өзіңіз не істейсіз? Біздің кең, үлкен үйіміз бар. Немерелеріңіздің жанында болыңыз» деп екеуі екі жақтан қоймады. Өзім де осы сөзді күтіп жүргем. Себебі зейнеткермін, істейтін тірлік жоқ. Күні бойына ішім пысып, жалғызсыраушы едім. Көп ұзамай қызым мен күйеу баламның қолына көшіп бардым.


Арада екі ай өткенде қызым «Мама, сіз біздің жанымыздасыз. Басыңызда баспана бар. Біз тұрған пәтерді сатып, ақшасын уақытша бізге бере тұрасыз ба? Салонды үлкейтіп, екіншісін ашсақ па деп отырмыз. Қыруар қаржы керек болып тұр. Салонның жұмысы жүріп кетсе кейін сізге жылы жаңа үйден екі бөлмелі пәтер әпереміз» деп отырып алды. Ана болған соң балаң жылап отырса қалай шыдайсың? Көп ойланбастан пәтерді сатып, бар ақшасын қызым мен күйеу баламның қолына ұстаттым.


Осылай жүрген күндердің бірінде құрбым мені бір кісімен таныстырды. Әйелі қайтыс болған екен. Білімді, ақылды азамат екен. «Екі жарты бір бүтін болайық» деді. Бұған қыздарым да қарсы болмады. Сосын мен Әлібектің үйіне көшіп бардым.


Біз өте тату тұрдық. Әлекеңнің екі ұлы ер жетіп, үйленген екен. Олар да мені анасындай сыйлап, келіндері айтқанымды екі етпейтін. «Неге ертерек жолықпадық» деп ара-тұра әзілдесіп қоятынбыз. Әлекең шаруаға епті кісі. Ақшаға да пысық екен. Өзінің зейнетақысын, бұрынғы жалақысын банкке жинай беріпті. Отбасымызбен ақылдаса келе тұрып жатқан төрт бөлмелі пәтерді жер үйге айырбастайық, немерелер кең жерде ойнасын деп шештік.


Жер үйдің шаруасы біткен бе, балалар да, біз де бар жиған-тергенімізді құрылысқа жұмсап, армандаған баспанаға қол жеткіздік. Бұл уақта Айнұр қызым да ақшаға құнығып кеткен-тұғын. Бір күні түнде үйге жылап келіп тұр. Үлкен қарызға батқан сияқты, онысын күйеуі білмейді екен. «Егер сол ақшаны таппасам, отбасымыз ойран болайын деп тұр. Банкке кепілге қоятын үй керек» деп жылаған соң Әлекең ұлымен сөйлесіп, үлкен ұлы өзі тұрып жатқан пәтерді кепілге қоюға келістірді.


Бір жыл өткен соң Айнұр күйеуімен ажырасып кетті. Содан кейін несие де төленбеді. Банк Әлібектің ұлының үйін тартып алды. Біз үнсіз ғана өзіміз еңбекпен салған үйді Әлекеңнің баласына босатып бердік. Әлекеңе де бұл оңай тимеді. «Қызыңның алаяқтығын білсең, неге сол кезде айтпадың» деп отырсам опақ, тұрсам сопақ ететін болды. Ақыры екеуміздің сөзіміз жараспай, ажырасып тындық.


Кезінде «новый домнан» пәтер әперемін» ақшамды алған күйеу бала да, қыз да артын қағып кетті. Баспанамнан айырылып, қартайғанда далада қалдым. Қайта үлкен қызым мен күйеу баламда мейірім бар екен. «Сіз де менің екінші анамсыз. Демек, біздің үй – сіздің үй. Бізбен бірге тұрыңыз» деп арнайы келіп, Нұр-Сұлтанға алып кетті.


Айнұр екі баласымен ұсақ-түйек тірлігін істеп жүр. Болған жағдайдан кейін екеуміздің қарым-қатынасымыз суып кеткен. Күйеуімен тұрып жатқан кезде «бір айда қайтарам» деп жездесінен де ірі көлемде қарыз алған екен. Онысын сол бойы қайтармапты. Үлкен күйеу баламның сабырлылығына риза болдым.


Негізі ақша мен қызмет адамды ажыратады деген рас екен. Туған қызым қу дүниенің соңынан қуып, мені далада қалдырып отыр. Мен секілді жалғызбасты аналарға айтарым, еш уақта үйіңізді кепілге қоймаңыз, сатпаңыз. Қартайғанда далада қалуыңыз мүмкін. Ал балалар өз проблемасын өздері шешсін!»