​«Сәбилі болғанымызды қаламады»: Алматылық келіншекті күйеуі ұл туғаны үшін тастап кеткен

0
1 962

"Өзіміз үшін өмір сүрейік" деп шарт қойған.


​«Сәбилі болғанымызды қаламады»: Алматылық келіншекті күйеуі ұл туғаны үшін тастап кеткен

Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады

Ерлі-зайыптының көбісі ортада бала болмаған соң ажырасып кетіп жатыр. Ал қарағандық Лейланың күйеуі бала туғаны үшін тастап кетіпті. Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Лейла бірінші күйеуімен ажырасқан кезде 36 жаста еді, ал қызы 13 жаста болатын. Қызы бойжете бастағанда жан-жағынан жанашырлары «Қызың тағы да бірер жылдан соң тұрмысқа шығады да кетеді, ал сен жалғыз қаласың. Тәуір еркек жолықса, етегінен ұста» деп ақылдарын айта бастайды.

Бұрын таныстырмақ болғандардың да, таныспақ болғандардың да сөзін қабылдамайтын еді, ал енді «Таныссам, танысып көрейін, онда тұрған не бар?» дейтін болды. Өйткені ажырасқалы жалғыздықты әбден сезді.


- Ажырасқан еркектер көп екен. Талай ер-азаматпен таныстым. Солардың ішінде ажырасқан, бір ұлы бар, жасы өзіммен қатарлас біреуімен сөзім жарасты. Ұлы әйелімен бірге тұрады екен, 18 жасқа толмаған баласына алимент төлейді. Табысы орташа. Оның келбеті де ұнады, - дейді Лейла.

Тек оның қойған шарты ұнамайды. «Сенің қызың бар, менің ұлым бар. Демек екеуміз де перзентсіз емеспіз. Өмірдің қиындықтарын сен де, мен де көрдім. Ендігі өмірімізді тек өзімізге арнаймыз» деген екен.

Ал Лейла ортақ баласының болғанын қалады. Бұл туралы аракідік айтып қалатын. Бірақ екінші күйеуі «Бақытты болуымыз үшін бала болу міндетті емес қой. Ал бала ерлі-зайыптылардың арасындағы некені сақтайды десең қателесесің. Бұған сенің де, менің де өмірім дәлел бола алады. Құдайға шүкір, балаларымыз бар ғой. Өзіміз үшін өмір сүрейікші. Жұрттар сияқты шетелге барып демалайық. Жұмыста жетістікке жетейік. Қазақтстанның өзінде біз бармаған, көрмеген табиғаты тамаша жерлер бар, бірге аралайық. Бала туған соң өзіңе қарауға, маған да уақытың болмайды. Шаршаған, ұйқысы қанбаған, күнде «памперс алып келуді ұмытпа», «баламыз ауырып қалды, дәрігерге апаршы» дейтін әйел маған керек емес. Мен оның бәрін көргенмін» деп қайталайды.


- Мен бастапқыда еркектердің бәрі осылай дейді, бала туылған соң оның тәтті қылығын көріп ойы өзгереді деп ойладым. Алайда еркектің бәрін баланың бал қылығы өзгерте алмайды екен, - дейді Лейла күйеуінің бірбеткейлігін айтып.


Олар заңды түрде бірге бес жыл тұрған уақытта Бурабайға, Медеуге, Каспийге барады. Жаз айларында Алакөлге барып та демалады. Лейла бақытты еді, бірақ, арада бір бала болса бақыты арта түсетіндей түйілетін де тұратын. Сондықтан да Лейла күйеуінің некеге тұрарда айтқан шартын бұзады.

Оның туған күніне тосынсый жасағысы келіп, жүктіліктен сақтанбайды. Қатты қалағандықтан болар, жасы 45-ке таяп қалған шағында ол жүкті болады. Сыйлықтың қорабына жүктілікті растайтын тест таяқшасын салып қояды. Қуанар деп ойлайды. Бірақ...


- Күйеуім тосынсыйымды көргенде тілі байланып қалғандай бірер минут үнсіз қалды. Жүзіндегі күлкісі сап тыйылып, қорапты бетіме лақтырып жіберді. «Неге адамдар өз өмірлерін өздері қиындатады түсінбеймін. Бала ойыншық емес қой. Оны өмірге әкелген соң екеуміз оның денсаулығына, біліміне, тәрбиесіне, қауіпсіздігіне жауаптымыз. Менің ұлым әлі жоғары оқу орнын бітірген жоқ, ал сенің қызың енді ғана студент атанды. Олардың сұрағанының бәрін алып беруге шамамыз жетіп жатыр ма?» деп айқайлағанда, оны танымай қалдым.


Лейлаға күйеуі үнемі ақша мен уақыт артылып жатса, оны өзіңе жұмса деп айтатын. «Денсаулығыңа көңіл бөл, сымбатыңмен айналыс. Мен 40 жасыма дейін әйелім мен балам үшін өмір сүрдім, оларды баспанамен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз еттім. Ұлымды үйлендіруім керек әлі. Перзентін қажеттіліктермен қамтамасыз ету әкенің парызы. Менде әке болған жоқ, сондықтан көп қиналдым, ал ұлымның қиындық көргенін қаламаймын. Қызымыз бар. Маған басқа бала керек емес. Қысқасы, аборт жаса» дейді ашуланып. Сосын «Егер аборт жасатпасаң, айырылысамыз. Бірақ алимент төлемеймін» деп кесіп айтыпты.

Лейла екінші рет тұрмысқа шыққанда қызы екеуі екінші күйеуінің екі бөлмелі пәтеріне көшіп келген. Ал өзінің бір бөлмелі пәтерін жалға беріп қойған. Күйеуінің ол ақшамен шаруасы жоқ. Кейін қызы студент атанды да, пәтершілерді шығарды. Қызы бөлек тұрғанды жөн көрді.

Лейла күйеуінен «Аборт жаса» деген сөзді естіген күні киімдерін жинастырып, өз пәтеріне кетіп қалады.

Күйеуі соңынан келеді, кешірім сұрайды. Бірақ жүктілікті үзу туралы ойы да, сөзі де өзгермеген. Лейла да «Баланы өмірге әкелемін» деген сөзінен қайтпайды. Ол содан соң қайтып келмейді, хабарласпайды да. Ұлы туылғанын естісе де жүрегі жібімейді.

Содан бері төрт жыл уақыт өтіпті. Лейланың ұлы қазір үш жаста.


- Ұлым да, қызым да бар, бақыттымын деймін өз-өзіме оңашада ойға шомғанда. Бірақ балаға қараудың оңай емес екенін енді ұғып жатқандаймын. Балам туылғалы алаңсыз ұйықтау мен үшін арман. Бұрын жас болдым ба, әлде қасымда күйеуім болған соң қиындықты байқамадым ба екен, тұңғышымды күтіп-бағуда мұншалықты қиналмаған сияқтымын. Ұйқым қанбай қатты қажығанда екінші күйеуімнің сөзін есіме алып шынында да тыныш өмірімді өзім қиындатып алған жоқпын ба деп ойланамын. Асылық еткенім емес, бірақ, қасыңда күйеуің болмаса бәрі де қиын екен, соны ұқтым, - дейді екі рет ажырасқан әйел.


Ол соңғы кезде болашағы туралы көп ойланатынын айтты. Қасында сүйенер ер-азаматы болмағандықтан өзінің ғана емес, әкесіз өсіп жатқан ұлының да болашағынан қорқатынын айтады.


Иә, әйелге де, балаға да қорған керек. Қорғаны жоқ адам қорқақ келеді.


Қымбатты оқырман, ой саларлық оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты

«Күйеуім басқаға кетіп қалса да ата-енеме қызмет еттім» - Көрші елде туып-өскен қазақ қызының тағдыры