​«Сақал өсірді»: Екі балалы келіншек күйеуінен ажырасқысы келетінін айтты

0
4 398

«Ол мені алдады... Мен оның ондай екенін білмедім» деп ақталады 26 жастағы келіншек.


​«Сақал өсірді»: Екі балалы келіншек күйеуінен ажырасқысы келетінін айтты

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

Діни сенімге келгенде жұбайлардың көзқарасы мен ұстанымы да бір арнада тоғыса алғаны дұрыс сияқты. Әйтпегенде келіспеушілік орын алуы заңдылық.

Өзінің тұрғылықты жерін атап көрсетпеуді өтінген 26 жастағы екібалалы келіншек тұрмысқа шыққанда күйеуінің ұстанымын білмеген көрінеді. Өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген ол енді не істерін білмей жүр.

«Мені алдаған секілді... Тым қатал әрі барлығына тыйым салады деп ойламадым. Менікі асығыстық болды ма? Тоғыз ай ғана кездесіп, тұрмысқа шыққанымда оған дейін менен ештеңе талап етпеген. Енді тек үйде отырғанымды қалайды», - деген ол күйеуінің қатты өзгергенін айтады.


- Ең бірінші маған оның басқалар сияқты ішімдік ішпейтіні, темекі шекпейтіні ұнаған. Бірақ отырыстарға, кафе-ресторандарға баратын. Кейіннен маған сөз салған соң екеуміз кездесіп жүргенде де ештеңеден мені тыйған емес. Өзі апарып, қасымда болып неше түрлі кештерде еркін киім киіп те жүрдім. Бір рет те қабақ шытқан жоқ. Боянуыма, шашымды түрліше түске өзгерткеніме де ештеңе демейтін.

Сол кезде құрбыларым «ең керемет жігіт қой сенікі, біздікі болса қабағы тырысып шығар еді бірден» деп қызыға мақтайтын.


Бір ғана таныстан «олар отбасымен діндар ғой» деген сөзіне онша сенбегенмін. Кейін үйленетін болып шештік, ата-аналарымыз кездесіп той күнін белгіледі. Сонда бірге барған әпкем де «сәл дінге берілген отбасы сияқты» деп айтып келгенде де ештеңе ойламадым. Ол кезде менің бақыттан басым айналып жүрген.

Айналмай қайтсін, болашақ жігітім жұрттың алды болып бриллиант жүзік пен Iphone соңғы үлгісін сыйлады. Алматының ең көрікті жерінде тұрып естен кетпес кеште барлығының аузынан түспей жүретіндей етіп ұсыныс жасады.


Мен ұзатылдым, үйлену тойымыз да болды. Үйдегі кіші келін болған соң ата-енемен бірге тұратын болғандықтан иба сақтап, қызметімді жасадым. Бір қызығы, күйеуім үйлену тойынан соң сақалын алмай қойды. Бірінші еңбек демалысы ғой деді, содан соң «мұсылман азамат солай болуы керек» деп сақалын еркінге жіберді. Маған түк ұнамайды... Үйде атам да, қайнағаларым да сақал қояды. Атамдыкі жөн, бірақ жап-жас қайнағаларыма түсінбейтінмін.


Келін болғалы келім-кетім азайған соң байқағаным, үйде еркектер мен әйелдер бөлек отырып тамақ ішеді. Бірінші еркектер ішіп кеткен соң сосын барып әйелдер отырамыз дастарханға. Тағы бір көңіліме алғаным, абысындарым да, енем де, қайынсіңлілерім де орамал тағады. Жалпы, өзім ондайға қарсы емеспін. Бірақ әйтеуір ішім біртүрлі бола берді.


Көп өтпей-ақ күйеуім менің аяғым ауырлағаннан бастап орамал тағып, ұзын етекті көйлек киюімді өтіне бастады. Онсыз да үйде отырмын, оның үстіне жабық киінгенді ерсі санамайтын мен де келістім. Ол талап жаймен намаз оқуға және олай-бұлай жалғыз шығуыма тайым салумен жалғасты. Ол аралықта босанып, онсыз да баламен, үйдің шаруасымен жан-жаққа қарауға мүмкіндігім болмаған. Артынша екіншіме жүкті болдым да, үйде бес жылдан аса отырдым.

Сол жыл ішінде күйеуімнің отбасы аса діндар екенін, әйелге талабы қатал екенін білдім. Екінші балам екіге толғанда мамандығым бойынша жұмысқа шықпақ ниетімнің барлығын айтқанымда атамнан бастап бәрі қарсы болды. «Өзім асыраймын» деп маған мүлде еркіндік бергісі келмеді. Сол үшін ренжістік те. Бірақ содан кейін маған талап күшейді. Тіпті, жалғыз қыдыруыма да тыйым салды.


Ал күйеуім болса бұрынғы жігіт кезіндегідей емес, өз қатарынан әлдеқайда ересек көрінетін болған. Сақалды еркіне жіберген соң қайтеді?! Бірақ не керек бәрін әпереді, ештеңеден мұқтаж емеспін. Тек жұмыс істеуіме, сыртқа шығуыма қарсы. Төркініме де екі сағатқа апарып қайта алып келеді. Қондырмайды, әпке-сіңлілеріммен қыдыртпайды, құрбыларымнан қол үзгенімді мүлде айтпай-ақ қояйын.


Жоқ, ұрмайды-соқпайды, жәбірлемейді де. Тек балаларыма қарап үйде отырғанымды және жабық киінгенімді қалайды. Ал онысы менің тынысымды тарылтып, күйзеліске апара жатыр. Ашуланшақ әрі өкпешіл болып барамын.

Бастапқыда өзінің мұндай талабы бар екенін айтқанда тұрмысқа шықпас па едім?! Қазір ара-тұра ажырасуды ойлап қоятын болыппын. Бұлай өмір сүре алмайтын сияқтымын. Бірақ күйеуімді қимаймын, ешкім маған жамандық жасаған жоқ. Тек дінге көзқарасымыз түрліше болып барады, - дейді келіншек.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді


«Атам үйде ішкиіммен жүреді»: Жас келін қандай ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтты