​«Сені әке демеймін»: 23 жылдан соң табылған баласы тараздық азаматты ренжітіп кеткен

0
2 072

«Анасымен екі жыл кездескенмін»


​«Сені әке демеймін»: 23 жылдан соң табылған баласы тараздық азаматты ренжітіп кеткен

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Тағдырдың тосынсыйы көп. Бірде құлатып, бірде жылататын өмірде қуанышты сәттер де жиі алмасады. Перзентті бола алмай жүрген тараздық азамат өзінің алғашқы махаббатынан туған ұлын тапқанда ол әкесінен бас тартқан.


Бұл жайында ол ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

- Өзімнің бір қатемнен құдайдың қаһарына осынша ұшыраймын деп ойлаған жоқпын. Әйеліммен бақыттымын, бірақ ол жүкті бола алмайды. Жылап менің басымды босатқысы келген, бірақ ондай адал жарды кездестіре қоюым екіталай. Оның үстіне енді оны бала тумадың деп тастасам мәңгілікке қарғысқа ұшырасам керек, - деген 48 жастағы азамат ауыр күрсініп салды.


- Баламыз жоқ, бармаған жеріміз қалмай ең соңында әйелімнің денсаулығынан екені белгілі болды. Жасанды жолмен де үш мәрте көрдік, тұрақтамады. Жас келген сайын перзенттің жоғы ауыр тие береді екен, бұрынырақта онша білінбейтін. Кінә өзімнен емес екенін анық білемін, себебі ұлым бар.

23 жасымда жұмыстағы басы бос 27 жастағы келіншекпен көңіл қосқанмын. Ауылымнан алыс бөтен қалада қамқор болып жүрген ол екеуміз бір жылдан соң-ақ пәтерде бірге тұра бастадық. Жұмыстағылардың бәрі білетін, екеуміз жұп болып екі жылдай жүрдік. Оның жүкті боп қалмауын ғана талап ететінмін. Себебі, менің өзімнен үлкен әрі тұрмыста болған келіншекке үйленуіме бәрі қарсы боларын білдім.

Алыста екі жыл қызмет еткен соң анам күнде қоңыраулатып, елге қайтуымды талап ете бастады. «Кел де, үйлен. Келін түсіріп, той жасайық біз де ел қатарлы. Анау екі інің де кезекте тұр, олардың жолын бөгеме. Енді жүрсең таңдап қаласың» деген анамның сөзінен соң тынышым кетті. Менің мазасыз күйде жүргенімді ол білмей қалған жоқ, барынша көңілімді аулауға тырысты. Мені қатты сүйетін, ал менікі тек бауыр басу болған екен ғой.


Еңбек демалысымды алып үйге келгенімде анам маған қыз да таңдап қойған екен. Бір жиында көріп есім кете ғашық болдым. Анасымен әңгімені пісіріп қойған екен, «алып қашып келе бер» деген бұйрық түсті. Ауылдағы кластастарды жинап жіберіп, бір күнде үйге алып келдік. Аз уақыттың ішінде ғашық болған қызыма үйленіп, шаңырақ көтеріп үлгердім. Сол аралықта демалысым да бітіп, алыс қаладағы жұмысымнан шығып келу керек болды.


Онда мені тосынсый күтіп тұр екен. Пәтердегі заттарымды алуға барсам, киімдерімнің қалтасы, тоңазытқыштың бетінде УДЗ суреті. Келгеннен мойныма асыла кеткен ол жүкті екенін және үш айдан асқанын айтқанда неістерімді білмедім. Ол әрине, менің үйленгенімді білген жоқ және мен де айтпадым. Алдауыма тура келді. «Анам ауырып жатыр, жанында болуым керек, мен келемін» дедім. Бірақ сол күйі қарамды батырдым...


Көпке дейін ойымнан кетпеді, телефон нөмірімді ауыстырып тастаған соң ол да мені таппаса керек. Кейіннен жаймен ұмытыла бастады. Сүйгеніммен бақытты өміріміз басталып, үй соғу, көлік алу сияқты тұрмыстық мәселелердің көлеңкесінде қалып қойды. Кейде есіме түссе денем шымыр ете қалатын еді.

Үйленгеннен кейін 15 жыл өткенде мен сол келіншектің құрсағында қалған баламды жиі ойлайтын болдым. Бірақ іздеп баруға батылым жетпеді. Не деп, кіммін деп барамын дедім. Оның үстіне әйелімнен әлі де үміттендім, балалы болармыз деп сендім. Ол бала әбден есейгенде мені түсінеді деп де сендірдім өзімді. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмады. Құдай сол перзентімді тастап, келіншекті алдап кеткенім үшін жазалағандай еді.

Әйелім мүлде бала көтере алмайтыны анықталған соң бар батылдығымды жинап 17 жыл бұрын қызмет еткен қалаға бардым. Іздеп таныстарды, бірге қызметтес болғандарды таптым. Бірақ мені қызметтес болғандарым суық қарсы алды. Тіпті есепші келіншек бетіме ауыр жағдайды да айтып салды.


Сен кеткен соң ол өліп қала жаздады, әйтеуір босанып алды. Балпанақтай ұл туды, сенен аумаған. Бірақ жеті жасқа толғанда ол көлік апатынан қайтыс болды. Сенің ұлың жетім қалды, түсінесің бе? Ал сен енді келіп тұрсың», - деп жылап қалғанда кірерге тесік таппадым.


Менің кіндігімнен жаралған ұл нағашы апасының қолында өсіпті, 15 жаста екен. Менің бала күнімнен аумаған қара бала. Бойымды ыстық-суық бірден аралап, не күйде екенімді түсінбедім. Тек сыртынан ғана танысып қайттым ол жолы. Содан кейін ұлым тұратын қалаға аңсарым ауып тұратын болды. Әйеліме де, ешкімге тіс жармадым. Жасы 20-дан асқанын күттім.


Өткен жылы екеуміз бірінші рет кездестік, таныстық. Әкесі екенімді білгенде ауыр күрсінді бәрі. Тек ұлым ғана қабылдаған жоқ.


«Сендей әке керек емес маған! Маған тек мамам ғана керек еді. Жүкті етіп тастап кеткенде енді мені кешіреді деп ойладың ба? Сен әкесіз өскенім қайта жақсы болған. Екінші рет кездескім келмейді, мені ұмыт!» деп шорт кесті. Расын, турасын айтты...


Содан бері ішкі уайымыма айналды. Әлі де кешіріп қалар деген үмітім бар. Өз ісіме жауап бере алмаған менің ұлымды жалғыз туып, өсіріп кеткен оның алдындағы күнәмді о дүниеде де жуа алмасам керек...

Әңгімесін ауыр күрсініспен аяқтаған азамат жігіттерді әйел затаның алдында жауапкершілікпен қарауға шақырды.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әке-шешеме зейнетақысын бермейді»: түркістандық әйел ата-анасының аянышты жағдайын айтты


«Үйлену тойы мен бесіктойын бірге жасап жатыр»: шымкенттік әйел той жасайтындарға ренжіді