«Сол күнгі түнді видеоға түсіріп алып, қорқытып жүр»: қызылордалық азаматтың басы пәлеге қалды

0
7 311

Ол ажырасқан келіншектермен кездесіп жүрген ер-азаматтарға ой салатын оқиғасын баяндады.


«Сол күнгі түнді видеоға түсіріп алып, қорқытып жүр»: қызылордалық азаматтың басы пәлеге қалды

«Өмірімнен тыныштық кеткелі еркектерге, әсіресе жас отағасыларға «Кез келген інге қолыңды тыға берме, не жылан, не шаян шағады» дегенді жиі айтатын болғанмын», - дейді Шералы есімді азамат.

Ол ажырасқан сыныптас келіншекпен байланысқанын, бірақ басы үлкен пәлеге қалып, енді одан құтыла алмай жүргенін айтады.



Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен баяндап берді:

«Айнашпен мен мектепте бірге оқығанмын. Көрікті қыз еді. Сыныптағы жігіттің бәрі оған ғашық болған десем қателеспеймін. Бірақ ол бізді менсінбеді, жоғары сыныптың жігіттерімен жүретін.

Бәрімізге арман болған Айнаш екі рет тұрмыста болды. Екеуінде де болмашы нәрсені сылтауратып ажырасып кеткен. Бір қызы бар.

Бір қалада тұрған соң той-томалақтарда бас қосып, араласып тұрамыз. Айнаш екі күйеуге тиіп, тіпті ажырасып үлгергенде мен әлі бойдақ едім. Бірақ ол ажырасқан соң өзгеріп кетті. Жүрісі ұнамайтын. Сондықтан да ол қанша рет ыңғай танытса да бойдақ кезімде жаман ойға бармадым. Сыныптас ретінде сыйладым. Отырыстардан шыққанда талай рет үйіне дейін жеткізіп салғаныммен, үйіне кірген емеспін.

Кеш үйлендім. Қыз таңдап біраз жыл жүріп қалдым. Кейін жасым 35-тен асып бара жатқан соң, жеңгелерімнің араласуымен өзімнің құдашама үйлене салдым. Ол менен бес жас кіші, оң жақта отырып қалған қыз ғой, көп ойланбай келісімін берді.

Түсінікті емес пе, екеуміз де сезімсіз шаңырақ көтердік. Бірақ үлкендер айтпақшы, біз сүйіп кетпесек те, аз уақытта бір-бірімізге үйреніп қалдық. Анығырақ айтқанда, бауыр басып қалдық.

Үйленгенімізге қазір бес жыл болып қалды. Аллаға тәубе, бір ұл, бір қызым бар. Кеш үйленсем де ұлды, қызды еткен ең бірінші құдайға шүкір деймін, сосын әйеліме рахмет айтамын. Мені әке атандырғаны үшін келіншегімді бақытты етуге барынша тырысып жүрмін. Бірақ... Жамандық бір пәсте екен. Шаңырағымды шайқалтып аламын ба деп уайымдап жүрмін.

Сол күні сыныптасым Айнаштың үйіне кіріп нем бар еді?! Өкінем. Оқиға былай болды. Бір сыныптас досым туған күнін жасады. Вацаптағы «Сыныптастар» деген чатқа жазып, бәрімізді шақырды. Үнемі бас қосып, жақсы араласып жүргендер ғана барды. Әншейінде мен отырыстарға келіншегіммен бірге баратынмын. Бұл жолы қызым ауырып, келіншегім үйде қалды.

Адам аз болса да көңілді отырыс болды. Сыныптас үш келіншек келді. Оның ішінде Айнаш та бар. Ішімдікті жақсы ішті. Мен ішімдікке құмар емеспін, бірақ отырысқа келген он шақты сыныптастың бәрі алып отырған соң, ұялғанымнан екі-үш стакан ішуге тура келді. Масайып қалдым. Бірақ көлік жүргізе аламын, есімді білем.

Әдеттегідей Айнаш менің көлігіме мініп алды. Подъезінің алдына кеп тоқтадым. Ол пәтеріне кіре алмайтынын айтып, теңселіп тұр. Сөмкесінен кілтін әрең тауып, үйіне кіргіздім. Қызы ата-әжесінің үйіне кеткен екен, үйінде жалғыз өзі. «Кетпеші, жүрегім айнып жатыр. Қою етіп кофе дайындап берші, өтініш» деп, қолымнан ұстап жібермеді. Менде басқа ой болмады, тек ол есін жинағанша қасында отырайын дегенмін.

Алайда таңертең мен Айнаштың төсегінде ояндым. Шынымды айтсам, мен оның жатын бөлмесіне қалай кіргенімді білмеймін. Менің сусыныма Айнаш бірдеңе қосып берді ме екен деген күдігім бар. Әйтпесе, есімді білетінмін...

Содан бері бір жыл уақыт өтті. Мен одан кейін Айнаштың үйіне барған да жоқпын, қолынан да ұстаған емеспін. Ал ол мені өзінің күйеуі сияқты санайды. Үйінде азық-түлігі таусылып қалса да, біреуге берешегі болса да менен ақша сұрайды. Мейлі дос ретінде сұраған ақшасын каспий голдына салып жіберемін. Бірақ мас кезінде түн ортасында қоңырау шалып, мазамды алатыны зығырданымды қайнатады.

Түнде әдейі телефонымды сөндіріп қоям. Ертеңіне телефонды қосқанда том-том смс келіп тұрады. «Сен мені ұмыттың. Неге жүрегім жараладың?», «Еркек емессің, мен саған сеніп едім» деген сияқты жазбасын оқып, таң қалам. Мен оған ешқандай уәде берген жоқпын. Ақымақтықпен бір рет қана үйіне барғаным болмаса, одан кейін ондай тақырыпта әңгіме қозғаған да емеспін. Ал ол «сүйем», «күйіп барамын» деген смс-терін жазуды доғармайды. Үйіне шақырады. Әйелім оқып қоя ма, біліп қоя ма деп қуыстанып жүрем. Кейде тіпті Айнаштың смс-терін оқығанда қан қысымым көтеріледі.

Бір күні телефонымды қоссам, неше түрлі былапыт сөз жазып жіберіпті. Ашуым келді. «Маған боқтық сөз жазатын сен кімсің? Мен саған ешқандай уәде бермедім. Әйелім емессің. Отбасым бар, мазалай бермеші» деп жазып жібердім. Артынша ол бір видео жіберді. Оны көріп қаным басыма шапты. Өзімді әрең ұстадым. Бір жыл бұрын оның үйіне барғанда екеуміздің төсекте жатқанымызды видеоға түсіріп алыпты ғой.

Мас болса да видеоға түсіріп алғаны, оны бір жыл бойы сақтап жүргені жүйкеме тиді. «Қалауың не?» деп сұрасам, «мен шақырған уақытта үйге кеп тұрасың, әйтпесе видеоны келіншегіңе жіберемін» деп қорқытты.

Рас, қорықтым. Айнаштан емес, жап-жақсы отбасымның шырқы бұзыла ма деп қорықтым. «Бір-ақ рет мас кезде...» дегеніме әйелім сене ме? Екі баламды алып кетіп қалса ше? Өзім кеш үйленіп, әрең жеткен отбасымнан ажырағым келмейді. Айнашпен әуейі боп жүргім де жоқ.

Шынымды айтсам, өмірімде бір-ақ рет әйеліме опасыздық жасағанмын. Сол енді үлкен мәселеге айналып отыр. Жарыма адалмын. Бұл адалдығымнан айнығым келмейді. Бірақ Айнаш кездесуді қалап, тыныштық бермей жүр.

Ақша беріп құтылмақшы болдым. Бірақ сыныптасым келіспей отыр. «Маған ақша емес, сен керексің. Мен іздегенде келіп тұрсаң нең кетеді? Мен саған екінші әйел ретінде ал, үйлен деп жатқан жоқпын ғой» дейді. Басым қатып кетті. Не істерімді білмей жүрмін?.. Басым бұндай пәлеге қалатынын білгенде, оны көлігіме де отырғызбас едім ғой...»



Шералы осылай дейді. Оның орнында болсаңыз, тығырықтан қалай шығар едіңіз, оқырман?



Ұқсас оқиғалар:


«Пешенеме жетімдерді бағу жазылған ба?»: жамбылдық әже мұңын айтты

«Көйлегіме мысық орап көмген»: Қазақстандық келіншек қорқынышты оқиғаның куәсі болғанын айтып берді