​«Сөзге еріп, күйеуімнен айырылып қалдым»: тараздық келіншек өткен ісі үшін өкінетінін айтады

0
2 795

«Ол мені оп-оңай айырбастай салды»


​«Сөзге еріп, күйеуімнен айырылып қалдым»: тараздық келіншек өткен ісі үшін өкінетінін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамзатты сөз бұзады» деген рас, ешкім періште емес, кейде арандатушылардың сөзіне еріп, орны толмас қателікке бой алдырып жатамыз. Негізі әр нәрсеге байыппен, сабырмен қарап үйрену керек екен. «Ашу – дұшпан» екенін енді ұғынып келемін», - дейді Дана есімді тараздық келіншек.


Күйеуі екеуінің арасындағы жағдайды Дана ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Азамат екеуміз студент кезде танысып, бір жылдай жүріп барып үйлендік. Азамат қаланың жігіті еді, ал мен ауылдың қарапайым қызымын. Әкем ертеректе қайтыс болып кеткен, сіңлім, анам, үшеуміз тұратын едік. Мен қалаға студент болып кеткен соң анам мен сіңлім де қалаға келіп, пәтер жалдап тұра бастады.


Колледжді бітірген соң Азамат мені ата-анасымен таныстырып, екі жақтың келісімін алып, отбасын құрдық. Азаматтың өзі жақсы жігіт, бірақ оның бауырларымен сыйысып, сол үйге сіңісіп кету маған қиын болды. Енем аурушаң кісі, кіші баласын босанғаннан кейін көктемде, күзде есін жолғалтып алатын дертке шалдығыпты. Ол кісі кейде ешкіммен сөйлеспей, бір нүктеге қадалып отыра береді. Ал кейде аузы жабылмай сөйлеп, барлық шаруаға килігіп кетеді. Кейде түн ішінде тұрып, көше кезіп кете беретіні бар. Содан ба, атамның да жүйкесі тозған. Сәл нәрсеше шарт-пұрт кетеді, сөз көтере алмайды.


Мейлі, оларды қойшы, үлкен, жасы келген кісілер ғой. Азаматтың бауырларына не жоқ? Олар мені келін болып түскен күннен бастап жақтырмады. Әсіресе туған қайнымнан талай қорлық көрдім.

«Әйеліңе айт, бүйтпесін, әйелің мына тамақты дұрыс істемеді, көйлегімді жумады» деп сыртымнан күйеуіме күн құрғатпай шағымданатын. Өзім бара сала жүкті болдым да, біреудің сөзін көтере алмайтын жылауық, ренжігіш болып кеттім. Қит етсе Азаматқа «маған көңіл бөлмейсің, менің сөзімді сөйлемейсің» деп ренжитінмін. Ал оның мойнында үлкен жауапкершілік бар еді. Осы үйдің жұмысы да, табысы да күйеуімнің мойнында-тұғын.


Осылай отбасылық ырың-жырыңмен жүргенде жылма-жыл екі қыз таптым. Аурушаң ене, шәлкес мінезді ата, жала жапқыш қайныма енді екі баласымен күйеуден қайтып келген әпкеміз қосылды. Бұрынғы өмірім шиеленісе түсті. Балалар ұрысып, ойыншыққа таласып қалса да әпкем менің екі қызымды «бір шыбықпен айдайды». Ондайды мен қалай көтерейін?

«Сіздің екі балаңыз сізге қаншалықты қымбат болса, менің екі қызым да өзіме соншалықты қымбат. Бауырларыңызға қол көтермеңіз» деп айттым. Ол да қарап қалған жоқ. «Қалада қаңғып жүрген жеріңнен менің ініме тиіп, енді тілің шығайын деді ме? Жетісейін депсің. Менің бауырыма сен лайық емессің. Бұл жерде көп бөгелмейсің, сондықтан тілім бар деп сайрай берме, бауырыма өзім мінсіз әйел тауып беремін» деп бірталай сөз айтты. Мұны естігенде үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды.


Азамат келгенде мен оған жылап-сықтап әпкеміздің әлгі сөзін айттым. Бірақ ол еш мойындамады. Бірақ мен Азаматқа, оның отбасына деген ренішімді баса алмай, заттарымды жинадым да екі қызымды алып анамның үйіне кетіп қалдым.


Анамның үйінде бір айдай болған соң соңымыздан Азамат келді. «Бізді алып кететін шығар» деп ойлағам. Сөйтсем ол екі қызын қыдыртуаға сұрап келіпті. «Екі-үш күн біздің үйде болсын, кейін әкеп тастармын» деді де, шығып кетті. Мен оның маған деген сезімінің суып қалғанын көзінен, сөзінен бірден түсіндім. Бірақ «Мені де алып кет, сені сағындым» деген бір ауыз сөзді айтуға намысым жібермеді.


Осыдан кейін ол балаларымызды жиі-жиі әкетіп тұратын болды. Кейде атам келіп алып кетеді. Қыздарым кішкентайынан әкесін жақсы көріп өскен емес пе, өздері туған үйге барғысы келіп тұрады. Балаларым тұрғанда ажыраспаймын, бір күні Азаматтың өзі мені үйге алып кетер деген үмітпен жүрдім. Сөйтіп жүргенде арада жарты жыл өте шықты.

Бір күні Азамат үйге келіп «Мен жақында үйленемін, сен қарсы болмасаң қыздарыммен ары қарай да араласып тұрайын» деді. Өз күйеуімнің менен оп-оңай бас тартып, жарты жыл болмай жатып басқа адамға үйленемін дегені жанымды қатты жаралады. «Демек сенің менімен бірге тұрып жүргенде-ақ басқа адамың болғаны рас екен ғой» дедім. Ол маған «Сені ешкім үйден қуған жоқ, кеткен өзің» деді. Осы сөзден кейін мен отбасымнан айырылғанымды түсіндім.


Қазір біздің ажырасқанымызға да 3 жылдай болып қалды. Қыздарым екі күннің бірінде әкесінің үйінде. Қазір олар ес біліп қалды ғой, әкелерін өте жақсы көреді. Ал Азаматтың қазір басқа әйелі бар, ол да тағы бір қыз туып берді. Менің қыздарым сіңілілерінің әр қылығын үйге айтып келгенде жүрегім қарс айрылады. Қазіргі менің жан-дүниемде болып жатқан алай-дүлей сезімді ауызбен айтып жеткізе алмаспын. Бір-ақ нәрсеге өкінемін, мен отбасым үшін күреспедім, өз күйеуімді оп-оңай өзгеге бере салдым.


Құрметті қыздар, келіншектер, егер күйеулерің сендерге артық әңгіме айтпаса, балаларына жақсы әке болса, ішпесе, ұрмаса, соқпаса, онда кішігірім ұрыс-реніш үшін отбасыңыздың шырқын бұзбаңыздар. Күйеуімнің де, оның бауырларының да түгі кеткен жоқ, екі ортада мен қиналып қалдым. Ақымақтығым үшін өкінемін».