​«Суррогат ана бола алмадым»: Алматылық әйел перзентсіз жандарды қалай «алдап» кеткенін айтып берді

0
1 747

«Сол әйелдің бет-бейнесі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Ал мен оны жылатып кеттім... Арманынан айырдым... Балалы болды ма екен?»


​«Суррогат ана бола алмадым»: Алматылық әйел перзентсіз жандарды қалай «алдап» кеткенін айтып берді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шаңырағында сәби даусы естілмеген жұптар перзентті болу үшін көптеген тәуекелге барады. Соңғы жылдары суррогат аналар көбейген. Өз құрсағында шарананы дамытып, айы-күніне жеткізген соң тапсырыс берген ата-анасының қолына тапсырады.


ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын баяндап берген әйел де бір кездері қиындықтан құтылу үшін суррогат болуға келісім берген көрінеді. Бірақ ол құрсағындағы баланы өзгенің қолына ұстата алмапты.

- Бір қызыммен пәтер жалдап, өмірдің қиындығын көріп жүргенімде маған таныстарым арқылы сондай ұсыныс түсті. Бір ай бойы ойланып келістім. Баланы туып берсем, бір бөлмелі пәтер әперетінін айтқан соң көндім. Әйтпесе ішіп келіп тоқпақтай беретін күйеуімнен ажырасып төркініме де сыймай пәтерден пітерге көшіп-қонып жүрген жағдайым сондай қиын еді.

Бірақ арамызда ешқандай заңды құжат болмады. Олар мені толықтай медициналық тексеруден өткізіп, жатырыма эмбрион салды. Бір айдан соң өздерінің үлкен үйлерінің алдындағы бар жағдайы жасалған екі бөлмелі шағын үйге көшіріп алды. Құрсақта шарана дұрыс дамуы үшін дәрумендер, көкөніс, жемістерді 5 жастағы қызым екеуміздің аузымызға тосты. Даяшы болып істейтін жұмысымнан шығарып алып не керегімнің барлығын әперіп тұрды.


Басында екі айдай бақыттан басым айналды. Өзімді ханшайымдай сезіндім, қызымның қасында болып өзімнің ана екенімді сезіндірген күндер болды. Бірақ адам ондай аста-төк, қамсыз күннен де жалығады екен. Таза ауада серуен, уақытылы ұйықтап, уақытымен тұруымды да құрсақтағы баланың болашақ анасы қадағалайды. Бірге ертіп жүріп дүкендерден киім әпереді, кафелерден тамақтанамыз. Қызым өмірі кіріп көрмеген ойын алаңдарына барады. Не керек, түсімізге кірмеген өмірді сүрдік.

Құрсағымдағы балаға қанша бауыр баспайын десем де, қимылы көбейген сайын жүрегім елжірей берді. Сыртынан ұстап, «балам» деп қалай сөйлесіп кеткенімді білмей қаламын. Қызымнан қанша жасырсақ та ол білді, «мамалар іші үлкенйгенде бөпе әкеледі, алақай!» деп қуанғанда не дерімізді білмедік. Баладан жасыру мүмкін емес қой. Содан бастап қызымның арманы, жоспарлары қалыптаса бастады.

«Ол маған іні болады, мен оны ойнатам. Ешкімге тиіскізбеймін. Екеуміз Сізге үлкен үй соғып береміз. Ол дәрігер, ал мен мұғалім болады» деп күнде қайталағанда көз алдыма тура сондай болашағым елестеді. Ішімдегі әлі дүниеге келмеген баланы оның биологиялық ата-анасынан қызғана бастадым. Бірақ барынша оларға білдірмеуге тырыстым. Олардың сыйлайтын бірбөлмелі пәтері де қызықтырмай бастады.



Жетінші айға ауғанда мен құрсақтағы баланы бергім келмейтінін және қызымның жүрегіне аямай жара сала алмайтынымды түсіндім. Түсіндім де бір түнде қашып кеттім...


Иә, әу баста қандай киіммен келдім, сонымды жинап, олардың әпергенінің бәрін тастап, тілдей қағазға «Мені кешіріңіздер! Баламды бере алмаймын!» деп жазып үстіне 8 наурыз меркесіне әперген алтын жүзікті қойдым да, алыс қаладағы бөле әпкемнің үйіне тартып отырдым.

Қарным шермиіп келген мені ол әпкем жақтырмаса да, бәрін айтып берген соң түсінді. Қуып шыға ма дегенмін, оның да жұмысы көбейіп үйіндегі мектеп жасындағы балаларына қарайтын адамға жете алмай отыр екен. Маған азын-аулақ ақша төлейтін болып келісіп, сол үйде қалдым.

Көп созып қайтейін, екі айдан соң аман-есен ұл тудым. Қызым екеуміз айналдырып құшақтап-иіскеп, өбектеп қалдық. Бала деген ең керемет бақыт қой. Әпкемнің үйінде екі жыл тұрып, жұмыс тапқан соң бөлек кеттім. Әрі қарай тағдырдың бұйыртқанын көріп, қолым баспанаға 10 жылдан соң ғана жетті. Бірақ сол ұлым маған күш-қуат берді ме, содан кейін «қиналдым» деген сөз шықпады аузымнан. Екі перзентім үшін тау қопарған жұмыс істеп, кешке үйге жеткенде екеуінің барына шүкіршілік еттім.


Мені қинайтыны, менің ұлымның ата-анасы болуы тиіс жандар. Өмір бойы есімнен кетпейтін перзентсіз жұп... Сәби сүйе алды ма екен? Әлде мен сенімдерін таптап кеткен соң үміттері мүлде сөнді ме? Әсіресе, мейірбан әйелдің жүзі ойымнан кетпейді.


Өзімді сол үшін іштей кінәлаймын да, артынан ақтап аламын. «Мен Анамын! Құрсағыма біткенді ешкімге, ешқашан, ешқандай жағдайда да бере алмайды екенмін!» деймін өзіме өзім.


Қазір ұлым 20 жаста, қызым жақында тұрмысқа шығады. Қызым армандағандай зерек ұлым дәрігерлік мамандықты алу үшін жоғары оқу орнында оқып жатыр. Екеуінің арасындағы бауырлық жақындықты айтып жеткізе алмаймын. Бір-бірінсіз тұра алмайды. Әлденені түсіне ме, «әкем кім, қайда?» деп сұраған емес. Сұраса бар шындықты айтып беремін деп дайын жүрмін.

Мені осындай ғажап ұлды еткен жандардан кешірім сұрағым келеді...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Болашақ құдам әлі пәтер жалдап тұрады»: Алматылық әйел қызын неге күйеуге бермей қойғанын түсіндірді


«Күйеуім балам сияқты»: Күйзеліп жүрген келіншек күйеуінің қасына жатқысы келмейтінін айтты