​«Талай адамды «лақтырып» кеткен екен»: қарағандылық жас келін енесінің құйтұрқы тірлігін жайып салды

0
3 027

«Күйеуім анасының тірлігін «жабудан» шаршағанын айтты»


​«Талай адамды «лақтырып» кеткен екен»: қарағандылық жас келін енесінің құйтұрқы тірлігін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Енем – алаяқ! Талай адамды сазға отырғызып, ақшасын сүлікше сорып алған. Сонда да жазаланбады. Бірінікін біріне жатыстырып, бір өтірікті жамау үшін екіншісін құрастырып жүр», - дейді Айсана есімді қарағандылық келіншек.


Тұрмыс құрғанына бір жылдан енді асқан жас келін енесінің үйден қуып шыққанын айтады. Болған жағдайды Айсана ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Өзім ауылда өстім, көпбалалы отбасының ортаншысымын. Ата-анам қарапайым жандар. Ағаларым бірінен кейін бірі үйленіп, жеңгелерім үй шаруасын дөңгелетіп әкетсе де, анам қыз баласы атқаруы тиіс бар шаруаны үйретуден жалыққан емес. Сол үшін анама мәңгі қарыздармын. «Кейін тұрмысқа шыққанда атымызға сөз келтірмеу үшін осының бәрін үйреніп, санаңа тоқып ал» деп келін білуі тиіс нәрсенің бәрін көрсетті, үйретті.


Мектеп бітірген соң қаладағы ағамның қолына көшіп келіп, студенттік өмірге қадам бастым. Ағамның мінезі қатал, уақтылы кетіп, уақтылы келмесең көп сөйлеп, ақыл айтып кетеді. Сондықтан басқа қыздар сияқты сабақтан соң қызық қуып көрмеппін. Тек көршінің үйіне келіп-кетіп тұратын Елдос деген жігітпен әңгімеміз жарасып, ара-тұра кездесіп жүрдік. Елдос қарама-қарсы үйде тұратын Айнұрдың бөлесі екен. Менімен танысқалы жиі келгіштеп жүретін. Екі айдан соң мені алдап, алып қашып кетті. Тұрмысқа шық десе менің көнбейтінімді біліп, осылай жасауға мәжбүр болыпты.


Келін болып түскен жерім мені күліп қарсы алмады. Елдос үйінің бір түйір баласы, екі қайынәпкем, екі қайынсіңлім бар. Атамыз төрт жыл бұрын бақилық болған екен. Енем еркек сияқты, келгеннен сұсын көрсетіп, бұйыра сөйледі. «Бұл да бір үйдің үкілеп өсірген баласы ғой, өз қыздарыммен жасты ғой» деген жоқ, ақырып, жекіп, жоқ жерден ұрыс іздеп отыратын.


Сондай ананың тәрбиесін көрген қыздары оңсын ба, «менің жеңгем ауылбайка» деп кіші қайынсіңлім құрбыларына көзімше мазақтап отыра беретін. Қанша ызалансам да Елдостың көңілі үшін үндемедім. Үйдің тірлігін тап-тұйнақтай етіп бітіріп, тамаққа кірісемін. Таңнан кешке дейін бір минут отыруға уақыт жоқ. Сыныптас құрбыларым «бәрін енем үйретті, қамыр жая алмайтынмын» деп отырады, ал менің енем біліп тұрған нәрсемнен мін іздеп, ілік тауып алатын.


Бір күні аулаға қоқыс төгуге шықсам бір әйел есік қағып тұр екен. «Маған Манат керек еді, шақырып жіберші» деді. Ойымда ештеңе жоқ, үйге кіріп, енеме айтып ем «Бар да, үйде жоқ екен деп айт» деп бұйырды. Әлгі әйелге енемнің айтқанын айтып ем, «Онда бір оралар, осында қанша күтсем де күтемін» деп отыра кетті. Сол әйел түннің бір уағына дейін есіктің алдынан кетпеді. Не болғанын түсінбесем де, енемнің бірдеңе бүлдіргенін ішім сезді. Бірақ ешкімнен сұрауға батылым бармады.


Ертеңіне дүкеннен нан алуға шығып ем, әлгі әйелді тағы кездестіріп қалдым. «Енең үйіңде ғой, иә? Шықпай, тығылып отырған шығар... Бәрібір тауып алам оны» деп күрсінді әлгі апа. Шыдай алмай не болғанын сұрадым. Сөйтсем келінін оқуға түсіріп беремін деп мың доллар алған екен. «Қызың оқып жатыр, қыста сессиясына барады» деп бірнеше айдан бері алдап келіпті. Оқуының жағдайын білейін деп келіні университетке барса, өзін студенттердің тізімінен таппапты. Алданып, енеме жем болғанын осыдан екі жыл бұрын біліпті. «Құрбымның танысы еді, ұялып, ақшамды қайтарар» деп осынша уақыт күттім. Бірақ оның беретін түрі жоқ» деп жылап жіберді. Енемнің барлық «қылмыстық операцияларын» жіпке тізіп айтып бергенде жағамды ұстадым. Бірақ сонда да сыр білдірмей, «Апа, енем шынымен үйде жоқ, қызына кеткен. Келсе айтайын» деп қоштасып, кетіп қалдым.


Күндіз болған жағдайды кешкісін Елдосқа айтып едім, бірден ашуланып кетті. Дереу шешесін сұрақтың астына алып, үйде әжептеуір ұрыс болды. «Баяғы әдетіңе қайта бастың ба? Кімнен кемсің, неден таршылық көріп отырсың, мама?! Неге тағы адамдарды алдап, ақшасын аласың» деп Елдос ашудан қалшылдап кетті. Оны естіген енем «Мына келін сүмірейіп алып жұрттармен сөйлескіш екен ғой, әлгі әйелдің әңгімесін саған айтып келді ме? Неге балам екеуміздің арамызға от жағасың сен!» деп басымдағы орамалымды жұлып, өзімді итеріп жіберді. Елдос анасын тоқтатпағанда мені ұрып, жұлып тастаудан тайынбайтын еді.


Түнімен жылап шықтым. Елдос анасының лас тірліктерін жасырмай айтып берді. Бұрын ол кісі бір мекемеде есепші болып істеген. Әбден ақша ұстап, баршылықта өмір сүріп қалған. Кейін банктер жаппай несие бере бастағанда есепшілік қызмеін тастап, «делдал» болып кеткен. Яғни, адамдарды алдап арзан несие әперемін деп соның атынан несие алып, оған аз ғана бөлігін беріп, лақтырып кетіп отырған. Оны кейіннен білдім. Одан басқа да жұмысқа тұрғызып беремін, үй алып беремін деп талай адамның ақшасын алып сазға отырғызып кетіпті. Бірнеше мәрте адамдар үстінен арыз жазып ақшасын даулағанда Елдос астындағы көлігін сатып, әкесінен қалған жер телімдерін сатып, әлгілердің аузын жапқан екен. Содан кейінгісі – мынау.


«Мен сені жылатып қойып қарап отыра алмаймын. Ертеңнен бастап бөлек пәтерге шығамыз. Анам болса да оның қылмысын жаба беріп шаршадым. Ендігі өз проблемасын өзі шешсін» деп Елдос мені жетектеп туған үйінен кетіп қалды. Енем бізді оңайлықпен жібере салмады. «Мына қатын менің баламды дуалап алды. Жалғыз ұлымды өзіме қарсы қойды, қарғыс атқыр!» деп былапыт сөздерін үйіп-төгіп, қолына түскен затты лақтыра берді.


Баламды босанғанда да қуанышымызды бөлісуге жарамады. Не қарындастары, не әпкелері келіп, Елдостың жағдайын сұрамайды. Күйеуімді аяймын, «мен үшін анаңмен ұрыспашы, қаласаң бірге барып, анаңнан кешірім сұрайық. Сол үйге көшіп барайық» деп айтудай-ақ айтып жүрмін. Бірақ ол бұл сөзімді құлағына ілмейді.


Соңғы кездері ана мен бала арасындағы дауға өзімді себепші болғандай сезінем. Өзім де ана боп отырмын, ертең ұлым бізді тастап кетіп қалса не болар еді деп көп ойланамын. Ит те болса анасы ғой, ептеп тіл табысып, сыйласып өмір сүрсе деймін. Бірақ күйеуім анасына қатты ренжіген сияқты. Жібитін түрі жоқ. Енем де бір сәт өз қателігін мойындап сабасына түссе бірге тұрар едік қой...»