​«Тамақ бермей, ұрып-соғады екен»: түркістандық кейуана екі жиенінің өміріне алаңдайды

0
2 601

«Ыстық шай құйып, қолын күйдіріпті»


​«Тамақ бермей, ұрып-соғады екен»: түркістандық кейуана екі жиенінің өміріне алаңдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақта «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген сөз бар. Жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғытпайтын қазақ едік. Бірақ қазіргілерде иман да, жүрек те жоқ па деймін. Құдайдан қорықпайтындардан қорқып өмір сүрудемін, қарағым», - дейді Айғаным есімді түркістандық кейуана.


Ол кісінің айтуынша, екі жиенін үйіндегі келіні сыйдырмай отыр екен. Сыйдырмағаны былай тұрсын, көзін ала бере зәбір көрсетеді дейді. Отбасындағы оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Екі жиенім жалғыз қызымның қыздары. Бірі үшінші сыныпты бітіріп отыр. Екіншісі биыл мектепке барады. Екеуі де қызымнан қалған жалғыз естелік қой. Жәутеңдеген көздерін көрген сайын ет-жүрегім езіліп кете жаздайды.


2019 жылы күйеу балам мен қызым өздерінің көлігімен Алматыдағы достарының тойына барған. Қараша айы еді, қайтарында Жамбыл жаққа қалың қар жауып, жолда екеуі бірдей апатқа ұшырап, қызым сол жерде тіл тартпай кетіпті. Ал күйеу балам бір ай ауруханада жатып, әрең дегенде тірі қалды. Бірақ омыртқасына қатты зақым келген екен, екі аяғы жансызданып, қазір арбаға таңылған.


Қызым мен күйеу балам ел қызығарлықтай керемет жұп еді. Екеуі де үй аламыз деп тырмысып, күн-түн демей еңбек етіп, шапқылап жүретін. Тойға барардан алдын жүрегім бірдеңені сезгендей, «Бармай-ақ қойшы, күйеуіңді жібер де, қыздарыңмен қала сал» деп едім. «Мама, үй, жұмыс деп бел жазбай тірлік қылып жатырмыз. Тойдан басқа демалатын жеріміз де жоқ қой. Алматыны осындай сылтаумен бір көріп келейін» деп барғанша асығып еді. Алланың қалауы осылай болған екен. Жаназада күңіренбеген жан қалмады. Бұл дүниеде балаңды жерге бергеннен артық қасірет жоқ екен. Бірақ тірі жан болғасын көндік қой. Лажымыз бар ма?


Қызымның қырқы өткен соң құдағи хабарласты. «Баламның төсек тартып жатқанын өзіңіз білесіз. Үйдегі келін беймаздау, атасының ауырғаны аздай, енді қайынағасының қара шаңыраққа келгеніне ренжулі сияқты, қабағы ашылмай жүр. Бір өзіме екі ауруды бағу да оңай болмай тұр. Егер сіз қарсы болмасаңыз екі қызды өзіңізге алсаңыз. Мұны айту маған да ауыр, бірақ үйде жүрсе келіннің тілі, қолы тиіп кете ме деп қорқамын» деп жылап қалды. Өзім де сол екі қыздың тағдырына алаңдап отырғанмын. Дереу құдалардың ауылына барып, екі жиенімді өзіммен бірге алып кеттім.


Бала болса да ақылды екеуі. Ойынға айналып кете салмайды. Таңертең тұрып, төсектерін жинап, киімдерін реттеп, тап-тұйнақтай болып жүреді. «Әжелеп» бауырыма тығылып, анасының мейірімін іздеп тұрады. Ондай кезде бей-жай қарап тұру мүмкін бе? Шешелерінің орнын жоқтатпайын деп зейнетақымнан киім-кешегін әперіп, жиі қыдыртып тұрамын.

Өз немерелерімнен артық жақсы көремін деп айта алмаймын, мен үшін бәрі бірдей ғой. Десе де бұлар қамкөңіл ғой, ерекше ілтипатты талап етеді. Соны қолдағы келінім түсіне алмайды. Біздің келін де құдағидың қолындағы келіннен кем емес екен. Басында екі қызды еркелетіп, киімін жуып, шомылдырып тұрушы еді. Осы күні күрт өзгеріп сала берді.


Тамақ құйғанда екі қызға ет салмайды екен. Оны мен бастапқыда байқамаппын. Бір күні кішкентай Айзере деген жиенім «Әже, ет тамақ қашан істейсіз? Ет жегім келеді, майы бар ет беріңізші» деп келіпті. Сөйтсем Құдайдан безген келін екеуінің ыдысына ет салмайды екен.


Ауыл болғасын құдайы, ас, гәп сияқты баратын жиын-той көп, шалымыз екеуміз кетіп қаламыз. Біз жоқта келін екі қызды ұрады екен. Оны күні кешеге дейін білмей келгенмін. Екеуі үйде ұрыс болмасын деп менен бәрін жасырып жүрген ғой. Бір күні көрші ауылға тойға баратын болдық. Кетіп бара жатқанда Айзере «әже, біз де барайықшы» деп жылағандай болған. Немере ертіп жүрмейтін әдетім бар, «түнде келіп қаламыз, үйде ойнап отырыңдар» деп кеткенмін. Тойханаға кіргеннен басым ауырып, қан қысымым көтерілгендей болды. Дереу тойанамызды туысымызға ұстаттық та, келген ізімізбен кері қайттық.


Келсек үйдің іші айқай-шу. Бала қора жақта жүр, үйде не болып жатқанынан хабарсыз. Ал келін бізді келеді деп күтпесе керек, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Екі қыздың шашын жұлып, темір ожаумен ұрып жатыр. Шалымыз екеуміз естен танып қала жаздадық. Дереу үйге кіріп келдім де, келінді сұрақтың астына алдым.


«Апа, мына үйде не біз тұрайық, не мына екі қыз тұрсын. Жыныма тиіп бітті. Тәрбие көрмеген, қой дегенді білмейді. Тамақ піскенше шыдай тұрыңдар десем, екеуі тыңдамай, тоңазытқыштан май алып жепті. Оны көрген менің кішкентайларым да жеп, сиыр сауып келсем үйдің ішін шашқан, нанды уатып тастаған. Шыдамым таусылды» деп көкбеттеніп тұр. Айзере мен Айару еңіреп берді. «Әже, біздің қарнымыз ашты десек те жеңешем тамақ салып бермеді. Ол үнемі бізге ауқат бермей қинайды. Сіз жоқ кезде біз ештеңе жей алмаймыз» деп жылап жіберді. Келінге мұның соңы жақсылықпен аяқталмайтынын жақсылап түсіндіргендей болдым.


Құдай-ау, тамақ үшін титтей балаларды қинау адамгершілікке жата ма? Жағдайымыз жоқ болса мейлі, жілік-жілік ет, қорап-қорап кәмпит-күлше тұрады. Балалар тамақтан тарылмасын деп шалымыз екеуміз зейнетақымызды келін мен баланың қолына ұстатып қоямыз. Сонда да жақпадық.


Көп созбай, соңғы болған жағдайды айтайын, жиі қан қысымым көтеріледі дедім ғой. Бір апта бұрын ауруханаға түсіп қалдым. Ол жақта қайбір жетісіп жатыр дейсің? Ойлайтыным екі қыздың өмірі ғой. Жиі хабарласып, жағдайларын біліп отырғанмын. Алдыңғы күні Айару звондап «Әже, жеңешем шай құйып жатыр еді, бір кесе ыстық шайды қолынан түсіріп алды да, жанында тұрған Айзеренің қолына төгіп алды. Айзере жылады, нағашым оны доқтырға апарып келді» деп, болған жағдайды айтып берді.


Келінімнің екі қыздың шашын жұлып, сабағанын көрген соң, абайсызда күйдіріп алғанына сенбей отырмын. Іштегі шерімді кімге айтарымды білмей, өздеріңе хабарласқаным ғой. Енді үйге барсам келін мен баланы бөлек шығарып, екі жиенім, шалым, төртеуміз тұратын шығармыз. Әйтпесе соңы жақсылыққа апармайтын сияқты.


Мен бұл оқиғадан қазіргі жас келіндер сабақ алса деймін. Жетімді жылату үлкен күнә, мүмкіндігінше қамқорлық таныту керек. Кең болсаңдар, кем болмайсыңдар. Ешкімнің алдында не тұрғанын білмейді. Ертең сенің балаларың жетім қалмасына кепілдік жоқ. Сондықтан әр оқиғадан өзіне ғибрат алып, үлкен-кішінің алғысын алған дұрыс».