​«Тамақ бермейді»: ұлы мен келінінен көңілі қалған кейуана қарттар үйіне баруды аңсап жүр

0
2 208

«Өз зейнетақымды өзім жарата алмай қор боп отырмын»


​«Тамақ бермейді»: ұлы мен келінінен көңілі қалған кейуана қарттар үйіне баруды аңсап жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қартайғанда ешкімге керексіз болып, шарасыз күйге түскеннен артық қасірет жоқ екен. Басқа емес, өзім туған балам бетіме келіп, мені бейшара халге душар етіп отыр», - деді редакциямызға хабарласқан Зәуре апа.


Ұлы мен келінінің қылығына әбден «тойған» кейуана заңгерлерден көмек сұрап отыр. Ол отбасындағы ұрыс-керісті ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Осы тұрғанда екі қолымды төбеме қойып, қарттар үйіне кетіп қалғым келіп отыр. Бірақ ондағылар да балалары бар адамды алмайды екен. Ол үшін баласы «Анамнан бас тартамын» деп арыз жазуы тиіс дейді. Бірақ менің балам пенсиям тұрғанда әлгі арызды жазбайды. Оған ана емес ақша керек.


Бәрін басынан бастап айтайын. Құдай маған екі қыз, бір ұл берді. Екі қыздың бірі кішкентайында шетінеп кетті, екіншісі мектепте оқып жүріп, ашық тұрған құдыққа құлап, мерт болды. Одан кейін ұзақ жыл Құдайдан тілеп жүріп тапқаным осы бала. Жалғыз ұл деп әкесі екеуміз бетінен қақпай өсірдік. Шалым марқұм ер жеткенше құйрығынан сүйіп, бар жақсыны осыған жапсырып өтті. Сол қазір басыма таяқ болып тиіп жатыр.


«Өзім білем» деп өсе келе айтқанымды құлағына ілмейтін боды. Үйленерде де менімен ақылдасқан жоқ. Өзі сияқты тәрбиеленген бір қызды үйге әкелді. Той-томалағын жасап, басына орамал жауып, барынша өзіме тартуға тырыстым. Бірақ келін келгеннен мені жақтырмады. Әсілі жуастығымды, жалғыз келінім деп еркелеткенімді әлсіздігім деп қабылдады-ау.


Келінім екеуміздің қарым-қатынасымыз қазір шегіне жетіп тұр. Басқасын былай қойғанда, шай демдеп ішейін десем соған салған құршайды да есептейтін болған. Екі немере туып берді. Кішкентай кездерінде соларды ермек етіп, күнім өтетін. Қазір бірі мектепке, екіншісі бақшаға барады. «Апа, құры жатасыз, мына үйді жинап қойсаңыз қайтеді?» деп айқайлағанда қайда тығыларымды білмей, бүрісіп қаламын.


Келін тауар жарнамалайтын бір фирмаға кіріп алған, соны желеу етіп үйде тұрмайды. Балам базарда саудагер. Кілем сатады. Екеуі де сырттан тойып келе ме, келерде «бич пакет» деген бірдеңені көтеріп келеді де, «мынаны ішіп алыңыз» деп дайындап береді. Маған ол қайбір ас болсын, қайнатпа сорпа ішкім келеді. Кейде алма, жүзімге аңсарым ауады. Бірақ оның бірін де алуға ақам жоқ. «Апа, кредит төлеп жатырмыз, ақша жетпей жатыр, біраз уақыт сіздің пенсияңызды біз ала тұрайық» деп қиылғасын, ұстата салғам. Бес жыл болды, бір тиынын берген емес. Кредитін әлдеқашан жапқан. «Маған өз пенсиямды беріңдер, дәрі-дәрмегімді алайын, онша-мұнша баратын жерім бар» деп талай айттым. «Үйде тұр ғой бәрі, неғыласыз оны» деп бет бақтырмайды.


Ақшам жоқ болғасын туыстармен де араласуды қойдым. Бір-екі мәрте сіңлілерім, інілерім іздеп келген. Келін балаларына ұрысып, ыдыстарды қиратып, «мына үй сасып кетті» деп қонақтардың көзінше терезені ашып, берекемізді кетірді. Содан кейін олар да мені іздеп келген емес. Тек телефонмен тілдесіп қоямыз.


Өткенде балам базардан біраз ет әкеліпті. Сол күні келін қуырдақ істеді. Етті сағынғам ба, әлгіден көп жеп қойып, түнімен асқазаным ауырды. Ертеңіне жеңіл тамақ істеп қояйын деп қайнатпа сорпа істегем. Кешкісін келін мен бала келіп «Неге бізбен ақылдаспайсыз? Тұр ғой бір табақ қуырдақ! Қазір бір түйір ет табу оңай дейсіз бе?» деп ұрысып тастады. Ішкенім ірің боп, ауырып қалдым. Өз үйімде дұрыстап аш іше алмасам, онда мен неғып жүрмін деймін де.


Қайбір күні қан қысымым көтеріліп кетіпті. Үйде ешкім жоқ-тұғын. Басым ауырып, құлағым шуылдап, ішетін дәрім таусылып, шарасыз күйде жатқам. Інім хабарласып қалды. Менің даусымнан сезіп қойды ма, дереу үйге келіп, керекті дәрілерімді әкеп, бері қаратып алды. «Әпке, жағдайыңыз болмаса біздің үйге жүріңіз, мен сізді алып кетем» деп оқталып еді, бармадым. Бір келіннің түртпегінен құтылам деп екінші келіннің көзіне күйік болғым келмеді. Жаман да болса өз үйім ғой, шалымнан қалған шаңырақты қимаймын.


Сонда да қазір бір таңдау жасауға тура келіп тұр. Безбүйрек балам мен ессіз келінді жөнге салып, өз зейнетақымды өзім алатындай жол іздеп отырмын. Оларды сотқа берейін бе, әлде басқалай жолы бар ма? Мен тек ақша үшін керек адам сияқтымын. Ендігі өмірімді өз қалауымша сүріп, ел қатарлы тойып тамақ ішкім келеді...»